Starbucks Korea кофеханада оқуға немесе жұмыс істеуге шектеу қоймақ

12 тамыз, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Starbucks Korea кафеде сағаттап оқитын немесе жұмыс істейтін келушілерге жаңа шектеу қоймақ. Енді мекемеде үстел компьютерлерін, принтерлерді, көп розеткалы ұзартқыштарды қолдануға тыйым салынады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бейсенбі күні барлық филиалдарға жолданған нұсқауда қызметкерлерге артық жеке жабдық орнатқан немесе үлкен үстелді жалғыз иеленіп отырған клиенттерге ескерту жасау тапсырылды. Сондай-ақ заттарын ұзақ уақыт бойы үстелде қалдырып кеткендерден орындарын босатуды сұрауы мүмкін.

Бұл шаралар кафелерді жеке кеңсеге немесе оқу бөлмесіне айналдыратын адамдарға қатысты шағымдардың артуынан кейін қабылданды. Кейбіреулер кафе шуын жұмысқа ыңғайлы деп санаса, соңғы жылдары жеке кабиналар орнату, тіпті принтер қосу сияқты жағдайлар жиілеген.

Оңтүстік Кореядағы кей шағын кофеханалар бұған дейін екі сағаттан артық отыруға тыйым салу немесе розеткаларды өшіру секілді шаралар енгізген болатын. Starbucks жаңа ережелер клиенттердің жайлылығын қамтамасыз етіп, ұзақ уақыт қараусыз қалған орындардағы ұрлық қаупін азайтуға бағытталғанын мәлімдеді.

Тэгтер:

оқу шектеу Starbucks жұмыс істеу