Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мектептер, колледждер және жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы мәселе қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Балалардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау мәселесі Мемлекет басшысының ерекше назарында. Отаншыл, білімді әрі жасампаз ұрпақ тәрбиелеу – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы.
Оқушылар мен студенттердің жайлы оқуын қамтамасыз ету үшін білім беру мекемелерін салу және жаңғырту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Қыркүйек айында 115 мың жаңа оқушы орнына арналған 83 жаңа мектеп ашу жоспарлануда. Оның ішінде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 57 білім ошағы пайдалануға беріледі. Олардың толыққанды жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету – маңызды міндет», — деп Олжас Бектенов, мектептердегі үшауысымды оқыту мәселесі де біртіндеп шешімін тауып келе жатқанын атап өтті.
Премьер-министр еліміздің 9 өңірінде нысанды аяқтау бойынша жұмыстарды жеделдету қажет екеніне назар аударды. «Самұрық-Қазына» қорына әкімдіктермен бірге нысандардың жаңа оқу жылына дейін пайдалануға берілуін қамтамасыз ету тапсырылды.