Биыл 354 млрд теңге қайтарылды – Активтерді қайтару комитеті

Бүгін, 10:44 / Алуа Арман
istockphoto.com

Бас Прокурор Берік Асылов инвестициялық жобалар, активтерді қайтару және мемлекетке қайтарылған қаражаттар туралы баяндады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Инвестициялық жобаларды қолдау барысында 822 (2023 жылдан бастап – 1522) инвесторға көмектестік. Олардың инвестиция мөлшері – 8,3 трлн теңге. Жалпы, қабылданған шаралар ондаған мың жұмыс орнын құруға және сақтауға ықпал етті. 2025 жылдың басынан бастап прокуратура органдарының мобильді топтарына 800-ден аса кәсіпкер жүгінді, әрбір төртінші факті расталды. Нәтижесінде 86 қадағалау актісі енгізілді», – деді ол.

Активтерді қайтару комитеті биыл 354 млрд теңгеден астам соманы қайтарған.

Қаржы төрт жүзден астам әлеуметтік объектінің құрылысына жұмсалуда. Оның ішінде шалғай елді мекендер мен қалаларда 333 объектінің құрылысы басталды. Қазірдің өзінде денсаулық сақтау және спорт салаларындағы 33 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды.

Тек бюджет қаражатын жұмсау және мемлекеттік сатып алу саласында жүргізілген тексерулер мен талдаудың нәтижесінде ғана мемлекет кірісіне 5,7 млрд теңге өндіріп алынды, 259 млрд теңгеге 641 сатып алу жойылды, жауаптылықтың әртүрлі түрлеріне 1 519 адам тартылды.

Өтінішхаттар мен наразылықтар бойынша азаматтық және әкімшілік істерге қатысты 166 сот актісінің күші жойылып, өзгертілді, 6,2 млрд теңге сомаға мемлекеттің мүдделері қорғалды.

Жалпы, прокуратураның шаралары бойынша бюджетке 716 млрд теңге өтелді (жымқырылған активтерді қайтару, прокурорлар тергеп-тексерген қылмыстық істер бойынша залал, әлеуметтік-экономикалық саладағы және атқарушылық іс жүргізудегі қадағалау актілері бойынша), қабылданған шаралар нәтижесінде бюджеттің 109 млрд теңге ықтимал шығындарына (мемлекеттік сатып алу саласында) жол берілмеді.

Тэгтер:

қайтарылған активтер