Қазақ тазылары Финляндиядағы көрмеде бірнеше жүлдеге ие болды

Бүгін, 15:46 / Інжу Әлихан
gov.kz

8 тамызда Финляндия астанасы Хельсинкиде өтіп жатқан халықаралық кинологиялық федерация (FCI) эгидасы аясындағы World Dog Show 2025 дүниежүзілік иттер көрмесінде «Қазақ тазысы» ит тұқымы ресми түрде әлемге таныстырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дүниежүзілік іс-шараға Қазақстан делегациясы қатаң талап бойынша іріктелген әрі халықаралық деңгейде өнер көрсетуге барынша үйретілген 8 тазыны апарған болатын. Әлемнің әр түкпірінен келген 25 000 үздік иттің ішінде қазақ тазылары FCI ұйымында тіркелген дербес ит тұқымы ретінде тұңғыш рет жұрт назарына ұсынылып отыр.

Қазақтың төл ит тұқымдары алғашқы сайыста айтарлықтай маңызды нәтижеге қол жеткізді: 5 тазы өздерінің рингтерінде жүлделі орындарды жеңіп алды. «2025 жылғы Әлемнің жас чемпионы» аталымында Темірлан атты тазы жеңімпаз болды, Лашын – «Әлем чемпионы», Ару атты тағы бір тазы да –  «Әлем чемпионы», Көксерек пен Пана – «Әлемнің вице-чемпиондары».

Бұған қоса, Лашын мен Ару Финляндия чемпиондары ретінде марапатталды.

Тэгтер:

жүлде Қазақ Финляндия Тазы көрме Хельсинки