Солтүстік Қазақстан облысының 74 мектебінде оқушылар тыйым салынған сайттарды еркін пайдаланған, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Ғ.Мүсірепов, Қызылжар, Тимирязев, Уәлиханов аудандары мен Петропавл қаласының жалпы білім беру мекемелерінде "Білім туралы" заңның 43-бабындағы талаптар өрескел бұзылған.
"Белгіленген нормаларға қарамастан, 74 мектепте кәмелетке толмағандар өмірге және денсаулыққа қауіп төндіретін әрекеттерге, соның ішінде суицид пен зорлық-зомбылыққа итермелейтін материалдар жарияланған сайттарға еркін қол жеткізген", - дейді ведомство.
Мектеп директорларына әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409- бабы 7-2-бөлігі бойынша айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 11 мыңнан астам баланың құқы қорғалды.