Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының сотымен азамат Е. ақбөкеннің мүйіздерін заңсыз тауып, сақтағаны, тасымалдағаны үшін кінәлі деп танылып, мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтіргені анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот азамат Е. дериваттарды (ақбөкен мүйіздерін) пайдалануға тыйым салынғанына қарамастан Бөкей-Орда ауданының аумағында болған кезде 291 дана ақбөкен мүйізін заңсыз жолмен тауып, сақтап және тасымалдағанын, мемлекетке келтірілген залал 429 079 500 теңгені құрағанын анықтады.
Сотта сотталушы кінәні толық мойындап, есептелген залал сомасымен келіспеді. Азамат Е. - нің кінәсін сот толық көлемде белгіледі.
Сот Е.азаматты кінәлі деп танып, оған мүлкін тәркілеусіз 7 жыл бас бостандығынан айыру, 5 жыл мерзімге аңшылық қызметпен айналысу құқығынан айыру, ең төменгі қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесінде жазасын өтеу түрінде жаза тағайындады.
Сот сотталушыға Е.-ға «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 23.06.2025 жылғы №195 Қазақстан Республикасының Заңын қолданып және жаза мерзімін бестен бір бөлігіне қысқартты.
Сондай-ақ, сотталушыдан мемлекет пайдасына 429 079 500 теңге мөлшерінде қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залал және 12 872 385 теңге мөлшерінде өндіріп алынған залал сомасынан 1% мемлекеттік баж өндірілді.