ШҚО-да өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 2 мыңнан аса фактісі тіркелді

11 тамыз, 2025 / Нұрлан Әлинұр
ТЖМ

Шығыс Қазақстан облысындағы жүздеген нысанда өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталмағаны анықталды.

Олардың қатарында мектептер, сауда орталықтары мен әлеуметтік мекемелер бар. ШҚО ТЖД мәліметінше, тексерілген әрбір екінші нысанда адам өміріне қауіп төндіретін олқылықтар анықталған.

— Өңірде бақылауға алынған барлығы 17 мыңнан астам нысан бар. Соның ішіндегі шамамен екі мыңы — жоғары өрт қаупін төндіретіндер қатарына жатады. Мұндай ғимараттарда тіпті болмашы ақаудың өзі қайғылы жағдайға әкеліп соғуы мүмкін. Осы жылдың басынан бері 354 нысан тексеріліп, 2 179 бұзушылық анықталды. Әрқайсысына тиісті нұсқама берілді. Эвакуациялық шығу жолдарының жабық болуы, өрт сөндіргіштердің жоқтығы, түтін шығару жүйесінің істен шығуы сынды кемшіліктер бар, — делінген ақпаратта.

2023 жылдан бері барлық тексеру профилактикалық бақылау түрінде жүргізіледі. Бұл инспекторлардың жазалау үшін емес, төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында келетінін білдіреді.

Тексерушілер қағаз жүзіндегі есептермен шектелмей, өрт сөндіру жүйесінің жұмысын, эвакуация жолдарының ашық болуын, қызметкерлердің дайындық деңгейін, электр желілерінің қауіпсіздігін қадағалайды.