Бюджет қаржысына жөнделген жолдарды жаппай тексеру керек

Бюджет қаржысына жөнделген жолдарды жаппай тексеру керек

Бюджет қаржысына жөнделген жолдарды жаппай тексеру керек
ашық дереккөзі
Депутаттар бюджет қаржысына жөнделген жолдарды жаппай тексеруді ұсынды. Еліміздегі негізгі күре жолдарда жаппай тексеріс жүруі мүмкін. Кеше депутаттар қазына қаржысына жөнделген және жаңадан салынған трассаларды тегіс тексеру туралы ұсыныс жасады деп хабарлайды КТК арнасы. Өйткені, реконструкциядан өткен жолдар жылға жетпей шұрқ тесік болып ойылып қалады. Ал тоз-тозы шыққан жолдың азабын көлік жүргізушілері көруде. Депутаттар Мәжіліске есеп беруге келген Инвестиция және даму министрінен жылда миллиардтар жұмсалатын жолдардың сапасына жауап беруді талап етті. Былтыр 600 шақырым жолды жөндеуге 150 миллиардтан астам теңге жұмсалыпты. Бірақ, бұдан жұрт жол азабынан құтылған жоқ. Жаңадан төселген асфальттың жылға жетпей тоз-тозы шағады. Сондықтан, депутаттар еліміздегі ірі тас жолдарда жаппай тексеру жүргізу керек деп отыр. Нұртай Сабильянов, Мәжілі депутаты: -Министрлік пен құқық қорғау органдары жұртшылықты, тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, пайдалануға берілетін автомобиль жолдарының сапасы бойынша аудит пен ревизия жүргізу қажет. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы келісім-шарттық міндеттемелерін адал орындайтын компаниялармен жұмыс істеуі тиіс. Өйткені, жол салатын компаниялар қалай да тапсырысты тез орындап, табыс табуды ғана көздейді. Оның сапасына бас қатырып жүрген ешкім жоқ. Басқа жолды айтпағанда, тіпті, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» бағытынан да ақау шығып жатыр дейді Инвестиция министрі. Ал мынау Ақтөбе-Астрахань тас жолы. Дәл осы трассамен Ақтөбеден Атырауға да баруға болады. Бірақ, жұрт «өлім жолы» атап кеткен трассаның тегіс тұсы аз. Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестиция және даму министрі: -Екі-үш учаскеде болдық. Қазір жаңа жобаларды жобалағанда метео, гидро жағдайларды қарап отырмыз. 20-30 жылда не болды соны қараймыз. Сондықтан, жаңа жолдарда ондай жағдай болмайды деп  есептеп отырмыз. Яғни, Қасымбек енді тек жаңа технологияны пайдаланып жол саламыз деп отыр. Және биыл елімізде біренеше бағытта ақылы трассалар іске қосылады деді министр. Желтоқсаннан бастап Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Алматы-Қорғас тас жолдары ақылы болады. Олардың жалпы қашықтығы 500 шақырымға жуық. Бұл бағыттардан түскен қаржы да автобандарды күтіп, ұстауға жұмсалады екен. Ал тариф өзгерген жоқ. Жеңіл көліктер 1 шақырымға 1 теңге, жүк көліктері 10 теңгеге дейін төлейді.