БҚО-да қару мен киік мүйізін заңсыз сақтаған шаруа қожалығының басшысы қамауға алынды

Бүгін, 00:39 / Нұрлан Әлинұр
Фото: БҚО ПД

Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментіні ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы жүргізген жедел іздестіру іс-шаралары барысында Тасқала ауданында заңсыз сақталған қару мен киік мүйіздері тәркіленді.

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, шаруа қожалықтарының бірінде санкцияланған тінту жүргізілген.

Тінту нәтижесінде тіркелмеген «Стечкин» автоматты тапанша мен оның оқжатары, «Сайга-410К» үлгісіндегі өздігінен атылатын тегіс ұңғылы карабин, екі тіркелген тегіс ұңғылы мылтық, әртүрлі калибрдегі 114 дана оқ-дәрі, сондай-ақ төрт дана киік мүйізі анықталып, тәркіленді.

- Заңсыз сақталған барлық қару-жарақ пен киік дериваттарының шаруа қожалығының 53 жастағы басшысына тиесілі екені белгілі болды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған дерек бойынша ҚР заңнамасына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды, - деп хабарлады ведомстводан.