60 жастағы ер адам ChatGPT кеңесінен кейін психиатриялық ауруханаға түсті

9 тамыз, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

АҚШ-та 60 жастағы ер адам ChatGPT-ден алған тағамдық кеңесті орындап, ас тұзын натрий бромидімен алмастырғаннан кейін ауыр улануға ұшырады. Бұл химиялық зат әдетте бассейн тазартқыштары, пестицидтер және ветеринариялық дәрілер құрамында болады, деп хабарлайды BAQ.KZ ЕАdaily порталына сілтеме жасап.

Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, ер адам үш ай бойы тағамына натрий бромидін қосып жүрген. Нәтижесінде онда галлюцинация, паранойя, қатты қозу және шатасу белгілері пайда болған. Дәрігерлер оған бромизм диагнозын қойды – XIX ғасырда жиі кездескен, қазір сирек тіркелетін улану түрі.

Ауруханаға түскеннен кейін науқастың жағдайы нашарлап, ол қашпақ болғандықтан психиатриялық бөлімге ауыстырылды. Бірнеше апталық емнен соң оның жағдайы жақсара бастаған.

Дәрігерлер бұл оқиғаға байланысты азаматтарды интернеттегі, әсіресе жасанды интеллект ұсынған медициналық немесе тағамдық кеңестерді тек мамандардың растауынсыз орындамауға шақырды.