Аптап ыстық: Сенбіге арналған ауа райы болжамы

Бүгін, 09:00 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

9 тамызда еліміздің 17 өңірінде ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланды. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қызылорда облысында күндіз +40…+42°C аптап ыстық сақталып, облыстың оңтүстік бөлігінде төтенше, солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

 Жамбыл облысында +34…+39°C қатты ыстық, ал Маңғыстаудың батысы мен оңтүстігінде +38…+40°C болады, кей жерлерде найзағай күтіледі.

 Жетісуда ауа температурасы +34…+39°C-қа дейін көтеріледі, жел екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. 

Ақтөбе мен Атырау облыстарында +35…+36°C ыстық, соңғысында батыста найзағай болжанған. 

Түркістан облысында күн +40°C-қа дейін ысиды.

Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында кей жерлерде нөсер жаңбыр жауып, бұршақ пен дауыл күтіледі, жел екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді. 

Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында найзағай, тұман және желдің күшеюі болжанады.

Метеорологтар төтенше және жоғары өрт қаупіне байланысты ашық от қолданбауды, табиғат аясында сақ болуды ескертеді. Сондай-ақ бұршақ, дауыл және екпінді жел кезінде үйден шықпауға кеңес береді.