Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған Семей – Қарауыл бағыты бойынша өткен 180 шақырымдық ультрамарафонда БҚО-лық желаяқ Баубек Ілиясов топ жарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
31 жастағы жеңіл атлет Баубек Ильясов марафон қашықтығын 19 сағат, 9 минут, 45 секундта еңсеріп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Ол – Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданының тумасы. Қарапайым ауыл азаматы қазір мұғалім болып қызмет атқарады.
Айта кетейік, марафон 7 тамыз күні таңертең Семей қаласындағы Абай атындағы халықаралық әуежайдан басталып, Қарауыл төбеде мәресіне жетті. Бұл шара ұлы ақынның рухына тағзым ету, оның мұрасын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған ірі спорттық-мәдени оқиға ретінде есте қалды.
– Жол өте ауыр болды. Дегенмен бүгін жеңіс бұйырды. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш. Спортта бірде жеңесің, бірде жеңілесің. Осы жолы жеңіске жеткеніме шын жүректен қуаныштымын, – деді Баубек Ілиясов.
Сонымен қатар, жеңімпаз жеңісін ата-анасына, жақындарына арнайтынын айтты.
– Бұл жеңісімді ата-анама арнаймын. Оларды қыдыруға жіберсем деген ниетім бар. Ұйымдастырушыларға, Семей қаласының әкімдігіне және барлық қолдау білдірген азаматтарға үлкен алғыс айтамын. Бұл – нағыз мереке, – деді жеңімпаз.