Астаналық әйел мүмкіндігі шектеулі баласы бірнеше рет зорланғанын айтты

Бүгін, 11:45 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Астана тұрғыны екінші топтағы мүгедектігі бар ұлы бірнеше рет зорланғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әйелдің видеоүндеуін Telegram-дағы «Президентке хаттар» арнасы жариялады. Видеодағы жазбада «күдікті онымен онлайн-ойында танысып, бірнеше рет үйіне шақырғаны» айтылған. Ал төрт ай ішінде «сараптама қорытындылары болғанына қарамастан, ешкім қамауға алынбаған». Осы уақыт аралығында астаналық әйел «инсульт алған, ал ұлында эпилепсия басталған».

«Сексуалдық сипаттағы зорлық әрекеттері фактісі бойынша, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оның аясында бірнеше сот сараптамасы тағайындалды, олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады Астана қалалық Полиция департаменті.

Полицияда атап өтілгендей, барлық тергеу әрекеттері қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделері сақтала отырып жүргізіліп жатыр.

Тэгтер:

Астана Бала зорлық-зомбылық