Түркістан облысы Келес ауданы Абай елді мекенінде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай – ұлттың ұлы ұстазы» атты мерекелік жиын өтіп, онда зиялы қауым мен жергілікті жұртшылық ақын мұрасына тағзым етті. Іс-шара ұлы ойшылдың есімін иеленген аллеяда өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, журналистика академигі Дулат Әбіш, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Лесбек Нұртаев, өңір зиялылары мен тұрғындары, сондай-ақ Шымкент қаласынан арнайы келген қонақтар қатысты.
Мерейтойлық іс-шара Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жиналған жұртшылықты құттықтап, Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын ұрпаққа таныту ортақ тарихи жауапкершілік екенін атап өтті. Ол ұлы ойшылдың сөздері мен идеялары заманауи қоғамда да өзектілігін жоғалтпағанына назар аударды.
«Хакім Абай – халқымыздың рухани кемелденуінің темірқазығы. Оның ой-толғамдары, адамзат пен адамгершілік жайлы толғаныстары – уақыт сынынан өткен іргелі мұра. Біз үшін ол – тек өткеннің мұрасы емес, келешекке жол сілтер рухани бағдар. Ел бірлігі, тіл тағдыры, ұрпақ тәрбиесі сынды мәңгілік тақырыптарды қозғаған ойшыл. Сондықтан біз ұлы ақынның шығармаларын тек оқып қана қоймай, оның ой-толғамдарын жүрекпен сезініп, өмірлік ұстанымға айналдыруымыз қажет. Бүгінгі ұрпақ дана тұлғаның тағылымын бойына сіңіріп өссе, еліміздің ертеңі де жарқын болары сөзсіз», – деді ол.
Сонымен қатар жиында Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, журналистика академигі Дулат Әбіш Абай Құнанбайұлының шығармашылығы бүгінгі ұлттық сана мен қоғамдық ойдың биіктеуіне тың серпін беретінін атап өтті. Ол хакімнің мұрасы – елдікті, әділеттілікті, парасатты қоғамды қалыптастыру жолындағы басты рухани тірек екенін айтты.
«Абай Құнанбайұлы – қазақ ұлтының рухани коды мен дүниетанымдық негізін қалыптастырған дара тұлға. Оның ой-толғамдары мен адамгершілік қағидаттары бүгінгі күні де қоғамдық сана үшін өзекті. Ақпараттық технологиялар мен жаһандану үдерісі жедел қарқын алып отырған қазіргі кезеңде ұлттық болмысты сақтап қалу – басты міндеттердің бірі. Бұл орайда ұлы ақынның мұрасы – сананы жаңғыртудың, рухты шыңдаудың және құндылықтарды қайта саралаудың нақты үлгісі. Ойшыл ұсынған «Толық адам» тұжырымдамасы – тәрбиенің ғана емес, басқарудың да негізіне айналуға тиіс. Біз бұл дүниетанымды жас ұрпаққа терең әрі жүйелі түрде түсіндіре білсек, рухани тұтастығымыз нығаяды. Абай іліміндегі әділет, білім, еңбек және ар-ождан ұғымдары – қазіргі қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени қатынастардың да негізі. Оның еңбектерінде ұлттың өзін тануы, ішкі тәртібін орнықтыруы мен болашағына бағыт алу тетіктері бар. Сондықтан Абай шығармашылығын насихаттау – тек мәдени іс-шара емес, бұл – ұлттық бірегейлікті нығайтатын маңызды идеологиялық жұмыс. Бұл тұрғыда «AMANAT» партиясы қолға алып отырған «Ұлттық мұра» жобасының маңызы айрықша», – деді Дулат Әбіш.
Шығармашылық қауым өкілдері де мерекелік жиынға атсалысып, Абай Құнанбайұлы институтының құрылуына қолдау білдіру қажет екенін жеткізді. Олар ұлы ойшылдың еңбектерін кеңінен насихаттаудың маңызын айтып, елдік бірлік пен рухани сабақтастық жайлы ойларымен бөлісті.
Іс-шара барысында Келес аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Абай Құнанбайұлы шығармаларынан концерттік бағдарлама ұсынып, «Торжорға» күйі мен «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Ауыл тұрғындары бұл күні ұлт поэзиясының кемеңгеріне құрмет көрсетті, оның тағлымды ойларын жаңа қырынан танытты.