Антониу Гутерриш Қазақстанның медиаторлық тәжірибесін жоғары бағалап отыр – Асхат Қасенғали

Бүгін, 09:28 / Алуа Арман
Автордың жеке парақшасынан

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстанға ресми сапармен келіп кетті. Саясаттанушы, сарапшы Гутерриштің Алматыға жасаған сапары туралы ойын ортаға салды. Оның айтуынша Қазақстан үшін БҰҰ-ның қуатты бола түскені маңызды, тек оған ішкі реформа жасалуы қажет. 

«БҰҰ-ның жұмысын көптеген сарапшылар сынға алып, оған реформа жасалуы тиіс дегенді айтумен келеді. Ол рас. Бұл ұйымға реформа керек. Әсіресе Қауіпсіздік Кеңесіне, әсіресе гуманитарлық бағдарламаларына реформа қажет-ақ. Кей жандар БҰҰ-ға реформа жасалмаса, ол Ұлттар Лигасының тағдырын қайталауы мүмкін дегенді де айтып жүр. Қазақстан да бұл ұйымға реформа жасалу керектігін айтумен келеді. Дегенмен осының бәріне қарамастан БҰҰ әлемдегі барлық елдің басын қосқан ұйым болып отыр. Біз сияқты мемлекеттер үшін БҰҰ-ның ыдырағаны емес, қуатты бола түскені маңызды. Оның жарғысында жазылған суверенитет принципі, аумақтық тұтастық мәселелері қатаң сақталғанын қалаймыз. БҰҰ-да орындалуы міндетті қарарлардың саны артып, оны орындау жүйесі де міндетті форматқа ауысса дұрыс болар еді. Әйтпесе орындалуын күтіп жатқан қанша қарар бар. Алматыға ат басын бұрған Антониу Гутерриш Қазақстан президентімен кездесіп, маңызды тақырыптарды талқылады. Жаһанда болып жатқан жайттар, аймақтық мәселелер сөз болды. БҰҰ-ға қанша сын айтылса да, ол 1945 жылдан бері әлем елдерінің мәселесін талқылап, шешуге тырысып келе жатқан басты алаң. Қауіпсіздік, адам құқығы, климаттық өзгерістер, босқындар мәселесі, ядролық қауіпсіздікті күшейту, аштықтың алдын алу және басқа мәселелер талқылануда. Егер БҰҰ-ның барлық бағдарламасы бір мезетте тоқтаса, әлемде миллиондаған адам көз жұмуы мүмкін. Себебі БҰҰ-ға мүше елдер жарна төлеу арқылы оның гуманитарлық бағдарламаларын қаржыландырып келеді. Тек БҰҰ қолдауы арқылы өмір сүріп отырған елдер, босқындар лагері, аймақтар бар. Сондықтан бұл ұйым керек, тек оған ішкі реформа жасалуы қажет», – дейді ол.

Оның айтуынша Гутерриштің Алматыға келуі біз үшін ғана емес, Орталық Азия үшін де маңызды.

Президент оның арнайы келгеніне алғыс айтып: «Сіздің дер кезінде қолға алған әрі келешекті ойлаған UN80 бастамаңызды жоғары бағалаймын. Қазақстан ұйымды реформалау жолындағы іс-әрекеттеріңізді толық қолдайды. Осы ретте еліміздің Ұйым қызметінің негізінде жатқан мультилатерализм, дипломатия және ынтымақтастық қағидаттарына әрдайым бейіл екенін тағы да растаймын», – деді.

Антониу Гутерриш Қазақстанның әлемдегі қақтығыстарды бейбіт шешуге үндеу тастауын, медиаторлық тәжірибесін жоғары бағалап өтті. Ол «Қазақстан мәмілегер ел ретінде өзін танытуда» дейді. Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы ашылып жатыр. Онда Орталық Азияға қатысты, Ауғанстанға қатысты маңызды шешімдер қабылданып, бастамалар көтеріледі деп күтілуде. Қазақстан Үкіметі мен Ұйым арасында БҰҰ-ның өңірлік орталығын құру туралы келісімге қол қою рәсімі өтіп, оған БҰҰ басшысы мен Қазақстан президенті қатысты. БҰҰ-ның маңызды бір орталығы осылайша біздің Алматыда ашылып жатыр.

Тэгтер:

Тоқаев БҰҰ сарапшы саясаттанушы Антониу Гутерриш Асхат Қасенғали