Абай облысында 68 мың тонна құм қазып, оны заңсыз сатқандар ұсталды

5 тамыз, 2025 / Алуа Арман
istockphoto.com

Абай облысында елдің табиғи ресурстары есебінен заңсыз пайда тапқан адамдар анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Олар жүйелі түрде жалған сертификаттарды пайдаланып, 68 мың тоннадан астам құмды заңсыз қазып, оны саудалаумен айналысқан.

Жер қойнауына келтірілген залал елеулі деп танылды. 

Заңсыз өндіру дерегін тіркеу мақсатында дрон көмегімен әуеден бақылау жүргізіліп, заңсыз қазба жұмыстарының нақты координаттары анықталды. 

«Сергек» автоматтандырылған жол қозғалысын бақылау жүйесі арқылы құмның қазылған жерінен бастап, жүктелуі мен соңғы тұтынушыға жеткізілуіне дейінгі бүкіл бағыты бақылауға алынды. 

Қабылданған шаралардың нәтижесінде заңсыз кәсіпкерлік әрекетке тосқауыл қойылып, кінәлі адамдар ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы (Заңсыз кәсіпкерлік, заңсыз банк, микроқаржылық немесе коллекторлық қызмет), 218-бабы 1-бөлігі (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны немесе өзге мүлікті заңдастыру), 334-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (Жер қойнауын өз бетінше пайдалану), 386-бабы 2-бөлігі (Көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау, жою, сондай нөмірі жалған көлік құралын өткізу) бойынша сотталып, жауапкершілікке тартылды. 

Сот екі адамды қылмыстың құралы болып танылған екі тиегішті тәркілей отырып, бас бостандығынан айыру жазасына кесті.  

Сонымен қатар, мемлекетке келтірілген 272 млн теңгеден астам залал өндірілді. Талапты қамтамасыз ету мақсатында жалпы құны 144 млн теңге болатын мүлікке тыйым салынды.

 

Тэгтер:

Абай облысы құм құм қазу құм сату