Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз Михаил Ломтадземен кездесті

5 тамыз, 2025 / Інжу Әлихан

Түркия вице-президенті Джевдет Йылмаз Kaspi.kz басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі, сондай-ақ Hepsiburada директорлар кеңесінің төрағасы Михаил Ломтадземен кездесті. Кездесу Анкарадағы Президенттік кешенде өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Джевдет Йылмаз мырза Түркияға инвестиция салғаны үшін ризашылығын білдіріп, Kaspi.kz пен Hepsiburada-ға табыс тіледі.

Кездесу барысында Михаил Ломтадзе Kaspi.kz-тің миссиясы сүйікті клиенттері мен серіктестерінің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен сервистерді жасау екенін әңгімеледі және Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық екі елдің кәсіпкерлері үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.

«Мен Қазақстандағы цифрландыру нәтижесі туралы әрдайым мақтанышпен айтамын, ол көптеген елдер үшін үлгі болды. Kaspi.kz әлемде теңдесі жоқ сервистер әзірлейді. Hepsiburada — өз кезегінде электрондық коммерция саласында ұлттық көшбасшы және оның мәдениеті көп жағынан біздікіне ұқсас. Біз e-commerce, қаржытех, қолма-қол ақшасыз төлемдер және Қазақстан мен Түркиядағы басқа да көптеген инновацияны дамытуды жалғастыру үшін Kaspi.kz пен Hepsiburada-дағы бірлескен білім мен технологияны қолданамыз. Қазақстандық және түрік кәсіпкерлері осы ынтымақтастықтың арқасында олар үшін ашылатын жаңа мүмкіндіктерден пайда көретініне сенімдімін», — деп атап өтті Михаил Ломтадзе.

2025 жылдың басында Kaspi.kz Түркияның ең ірі e-commerce платформаларының бірі — Hepsiburada акцияларының бақылау пакетін сатып алған болатын. Наурызда Rabobank A.Ş. — Түрік Rabobank «еншілесін» сатып алу туралы келісімге қол қойылды.

Тэгтер:

Түркия Михаил Ломтадзе Kaspi.kz