Такси жүргізушісі полицияға жүгініп, автокөліктің салонынан құны шамамен 300 мың теңге тұратын ұялы телефоны ұрланғанын айтқан, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында Байқоңыр ауданының криминалдық полиция қызметкерлері такси қызметін пайдаланған 42 жастағы ер адамды күдікті ретінде анықтады. Қажетті мекенжайға жеткен соң, көліктен шыққанда ол ашық жатқан смартфонды байқатпай ұрлап кеткен», – делінген хабарламада.
Қылмыскер жасаған қылмысын мойындады. Оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, бұлтартпау шарасы ретінде ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алынған. Сонымен қатар оның елорда аумағында бұрын жасалған осындай қылмыстарға қатысы тексерілуде. Ұрланған құрылғы жедел түрде тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.