Жазда күннің астында серуендеп, демалу – қуаныш. Алайда ультракүлгін сәулелер (УФ) теріге айтарлықтай зиян тигізуі мүмкін: күйік, қартаю белгілері, тіпті тері обырына дейін. Сондықтан күннен қорғайтын құрал (SPF кремі) – күнделікті күтімнің ажырамас бөлігі болуға тиіс. Ал таңдау кезінде алдымыздан екі түрлі өнім шығады: минералды және химиялық кремдер. Бұл екеуінің айырмашылығы неде және қайсысы қауіпсіз, деп хабарлайды turkystan.kz.
Минералды күннен қорғайтын құралдар қалай әсер етеді?
Минералды немесе физикалық деп аталатын күннен қорғайтын кремдердің құрамында әдетте мырыш оксиді немесе титан диоксиді болады. Бұл заттар тері бетінде жұқа қорғаныш қабатын түзіп, күн сәулесін шағылыстырады немесе шашыратады. Яғни, олар УФ-сәулені теріге жібермейді, сырттай тоқтатады.
Артықшылықтары:
- Сезімтал немесе аллергияға бейім теріге жарамды;
- Жаңа туған сәбилерге де қолдануға болады;
- Қолданған бойда әсер ете бастайды.
Кемшіліктері:
- Ақ із қалдыруы мүмкін;
- Құрамы тығыз болғандықтан, теріге жақсы жайылмайды;
- Кейбір өнімдердегі SPF нақты деңгейден төмен болып шығуы ықтимал.
Күннен қорғайтын химиялық құралдар қалай жұмыс істейді?
Химиялық SPF құралдар теріге сіңіп, күн сәулесін жылуға айналдырып, оны денеден шығарады. Бұл топтағы жиі қолданылатын заттар оксибензон, авобензон, октокрилен және т.б.
Артықшылықтары:
- Жеңіл құрылымды, теріге оңай сіңеді;
- Ақ із қалдырмайды;
- Косметикалық тұрғыдан жағымды (тоналды крем астына жағуға болады).
Кемшіліктері:
- Кейбір адамдарда тері тітіркенуін тудыруы мүмкін;
- Кейбір химиялық фильтрлерге қатысты гормоналды әсер жайлы алаңдаушылық бар;
- Уақыт өте келе әсерін жоғалтады, жиі жағуды қажет етеді.
Қауіпсіздік мәселесі: нені білу керек?
2021 жылы Еуропалық комиссияның ғылыми комитеті бірнеше химиялық фильтрдің қауіпсіздігін қайта бағалады. Зерттеу нәтижесі бойынша, мысалы, оксибензон мен гомосалат бұрын қолданылған концентрацияда қауіпсіз емес деп танылды. Алайда бұл қорытындылар зертханалық жағдайдағы өте жоғары дозаларға негізделген. Күнделікті өмірде ондай мөлшер қолданылмайды.
Мысалы, адам ағзасында гормондық бұзылыс тудыру үшін күнде 277 жыл қатарынан SPF жағып жүру керек деген есеп бар.
Осыған байланысты 2022 жылы Еуропа нарығында кейбір фильтрлерге шектеу қойылды, ал өндірушілер қауіпсіз баламаларға көшуде.
Қандай SPF таңдау керек?
Мамандардың пікірінше, қай түрі болса да, ең бастысы – оны дұрыс және тұрақты қолдану. Міне, назар аударарлық бірнеше кеңес:
- SPF 30 немесе одан жоғары құрал таңдаңыз;
- Күнге шығардан 20–30 минут бұрын жағыңыз;
- Әр екі сағат сайын немесе суға түскеннен кейін қайта жағыңыз;
- Терінің ашық қалған жерлерін толықтай жауып, молынан жағыңыз.
Шын мәнінде, «ең жақсы күннен қорғайтын крем» – сіз күн сайын қолданатын крем. Егер теріңіз сезімтал болса немесе балаңыз үшін крем іздесеңіз, минералды түрін таңдаңыз. Ал егер жеңіл, ақ ізі жоқ, күнделікті қолдануға ыңғайлы өнім қажет болса, химиялық фильтрлі SPF-ті таңдауға болады. Ең бастысы – теріні қорғай білу.