Алаяқтық жолмен рәсімделген несиеден қалай құтылуға болады

3 тамыз, 2025 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Жақында алаяқтық жолмен ресімделген кредиттерді есептен шығару тәртібіне маңызды өзгерістер енгізілді. Ондай қарыздан құтылуға негіз болатын себептер кеңейтіліп отыр. Sputnik Қазақстан заңның негізгі талаптарын ұсынады.

Соттан тыс рәсімдер

Бүгінде заң бойынша алаяқтық жолмен ресімделген кредитті соттан тыс және сот арқылы есептен шығаруға болады. Қарызды соттан тыс есептен шығару үшін құқық қорғау органдарының қаулысы болуы керек. Онда адамды жәбірленуші деп тану туралы шешім жазылуы шарт. Бірақ қаулы кредит беру бойынша бірнеше талап бұзылған жағдайда ғана шығарылады. Олар:

қарыз алу кезінде кредитор бөлімшесіне жеке бару;

азаматтардың жекелеген санаттарының келісімін алу;

кредиттер беру кезіндегі “шешім қабылдау кезеңін” сақтау;

шарт жасасу кезінде биометриялық сәйкестендіру.

Осы талаптар сақталмаса, қарыз алаяқтық жолмен рәсімделген болып саналады.

Сот арқылы қарызды есептен шығару

Алаяқтық жолмен ресімделген кредитті сот арқылы бірнеше жағдайда есептен шығарылады. Олар:

клиенттің сәйкестендіру құралдарын үшінші тұлғаның заңсыз алуы және пайдалануы, соның ішінде банктің немесе микроқаржы ұйымының қызметтерін қашықтан көрсетудің бағдарламалық қамтылымын қашықтан басқаруды пайдалану арқылы кредитті ресімдеу;

банк пен микроқаржы ұйымының биометриялық сәйкестендіруді жүргізу тәртібін бұзуы;

агенттіктің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген ішкі және сыртқы алаяқтық фактілерін анықтау, бекіту және талдау жөніндегі талаптарды бұзу.

Қосымша өкілеттіліктер

Жаңа заң бойынша банктерге қосымша өкілеттіктер де беріліп отыр.

“Банктер алаяқтық белгілері бар операциялар анықталған кезде банктік шот немесе электрондық әмиян бойынша шығыс операцияларын 5 жұмыс күніне дейінгі мерзімге уақытша тоқтата алады”, - делінген заңда.

Сондай-ақ, клиенттер немесе олардың контрагенттері Антифрод-орталықтың “қара тізімінде” болса, банк операцияларды тоқтатып, қызмет көрсетуді шектейді. Осы өзгерістердің бәрі биыл қараша айынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Тұтынушылық кредит жылдам берілмейді

Ал тұтынушылық кепілсіз онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде "шешім қабылдау кезеңі" енгізіледі.

"Бұл – шартқа қол қойылған сәт пен кредитті нақты беру арасындағы мерзім. Енді кредит осы мерзім өткеннен кейін және қарыз алушының оны беруге келісімін алғаннан кейін ғана берілуі мүмкін. Ал "шешім қабылдау кезеңі" қолданылатын кредиттің ең төмен мөлшері, сондай-ақ, қарыз алушының кредит алуға келісім беру тәртібі қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын болады", - дейді мамандар.

Кепілсіз тұтынушылық кредитті алғаш рет алатындар банк бөлімшесіне немесе микроқаржы ұйымына міндетті түрде өздері баруы қажет. Ондай кредиттердің ең төменгі мөлшерін де агенттік айқындайды. Сондай-ақ, 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан азаматтардың жекелеген санаттарына олардың келісімі алынғаннан кейін ғана кепілсіз тұтынушылық кредиттер беріледі. Бұл өзгерістер қыркүйек айынан бастап күшіне енеді.