«Қи шығаратын жер сонша қымбат па еді...»: журналист Дженнифер Лопес туралы айтты

3 тамыз, 2025 / Нұрлан Әлинұр
Коллаж: turkystan.kz

Журналист әрі блогер Өркен Кенжебек Instagram-дағы парақшасында әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің бала кезден тыңдарманы екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz

Өркен Кенжебек Джей Лоның жасына қарамастан қуатты энергетикасымен жұртты таңдай қақтырғанын, өзіне ұнайтын «Que Hiciste» әнін шырқағанын айтып, концерттен үлкен әсер алғанын жазды.

«Мойындауға ауыр, бірақ, менің, демек. Көбіңіздің жас шағыңыз Дженнифер әпкемнің буымен өтті-ау. "Жас Алашты" оқимыз. "Лопез бөксесін бір млн долларға сақтандырыпты" деген жаңалықты түсіне алмай дал болғанбыз. Қи шығаратын жер сонша қымбат па еді деп миымыздан бу шыққан. Тағы бір кәзит оқимыз. "Ойбай, Бен Аффлекпен неке шартын жасапты. Ол бойынша күйеуі оған $50 000-дан төмен сомаға сыйлық жасамау керек екен" деп жазады. Оны да мына ми әрең қабылдады ғой.

Біз ол кезде пластмасса роза сыйласақ, оның өзі джентельмендік еді. Сол Дженни күнделіктің сыртында тұрды, Jenny from the block клипі Пентиум III компьютерімнің жадына сыйып жатты. Сөйткен Дженнифер Астанаға келеді, оған мен әйеліммен барамын деп кім ойлаған?

Концерт ойдағыдай өтті. 56 жастағы апымның энергетикасы әлі шарпып тұр. 25 мың адам разы болған шығар, негізгі хиттарын шырқады. Бастысы, испан тіліндегі композицияларын ұмытпағанына респект. Әсірece, Que Hiciste әні мен үшін фаворит әлі. Бейнемнің соңына қостым. Не дейін, поп музыка әлеміндегі аңыз таланты мен еңбекқорлығы арқылы талай жыл өзін дәлелдеп келе жатыр. Аттай жарап тұр. Бен Аффлек екінші рет тұрмысқа алып еді, екі жыл әрең шыдады-ау. Дженнифер апыма еркек шақ келмейді-ау мына қуатымен. Аман жүрсін, әйтеуір!», — деп жазды ол.