Америкалық әнші әрі актриса Дженнифер Лопестің Астанадағы концерті кезінде бірнеше бала жоғалып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полиция қызметкерлері дереу жоғалған балаларды тауып, ата-аналарына тапсырды. Сондай-ақ жоғалған заттар иелеріне қайтарылды. Туристік полиция шетелдік қонақтарға бағыт-бағдар беріп, көмектесті.
"Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері мен ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілері жұмылдырылды", - деп жазылған хабарламада.
Қала бойынша 100-ге жуық автобус бес негізгі нүктеден"Астана Арена" стадионына қатынады. Бұл жолдағы кептелісті азайтуға көмектесті.
Қауіпсіздік үшін турникеттер, бейнебақылау, металл іздегіштер мен рентген құрылғылары орнатылды.
Еске сала кетейік, кеше Астанада Дженнифер Лопестің концерті өтті, оған мыңдаған жанкүйер жиналды. Әнші сахнада ерекше энергиясымен, танымал хиттерімен және әсерлі биімен көрерменді баурап алды.