Қазпошта «Самұрық-Қазына» АҚ ұйымдастырған алғашқы корпоративтік «HR-бренд 2025» конкурсының «Белсенділік драйвері» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.
Конкурстың мақсаты – қолданбалы дағдыларды, өндірістік құзыреттерді және еңбек институтын дамытуды қолдау мақсатында жарияланған Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында тұрақты HR-тәжірибелерді айқындау және насихаттау.
«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыпов марапатты «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Бекежан Жәкеевке табыстай келе, компанияның корпоративтік мәдениет пен адамға бағдарланған басқаруды дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Қор тобы деңгейіндегі мойындау – бұл біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың маңызды белгісі. Бүгінде Қазпошта – әрбір қызметкер өзінің маңыздылығын сезінетін және өзгерістерге ықпал ете алатын үлкен ұжым. Біз еңбекті, идеяларды және дамуды бағалайтын ортаны құруды жалғастырамыз», – деп атап өтті Бекежан Жәкеев.
«Қазпошта» қызметкерлердің бейілдігін, ашықтығын және мотивациясын арттыруға бағытталған қызметкерлерді белсендіру бойынша ауқымды және жан-жақты кейс ұсынды. Негізгі элементтердің бірі Басқарма төрағасының ұжыммен тұрақты онлайн кездесулері болды, оған елдің барлық аймақтарынан 20 000-нан астам қызметкер қатысты. Келіп түскен 500-ден астам сұрақтың 85%-ы жедел шешімін тапты.
Сонымен қатар «Өндірістегі бір күн» жобасы аясында компанияның топ-менеджерлері бір күн бойы пошташылар, курьерлер және операторлар рөлінде болып, тұтынушылармен тікелей қарым-қатынас жасады. Бұл формат қатардағы қызметкерлермен тікелей байланыс орнатуға, 200-ден астам маңызды ақпарат алуға және команда ішіндегі сенімділікті арттыруға мүмкіндік берді.
2024 жылы орталық кеңседе Арт алаңы атты мәдени-шығармашылық кеңістік ашылды, онда қызметкерлер мастер-кластарға, шахмат ойындарына, ұлттық қолөнер және бет-әлпетке арналған жаттығуларға қатысады. Жобаға 500-ден астам адам қатысып, олардың 95%-ы стресс деңгейінің төмендегенін және ұжымдық бірліктің артқанын атап өтті.
2024 жылдың қорытындысы бойынша «Қазпошта» АҚ-да қызметкерлерді белсендіру индексі 68% болды, ал компания Қор портфеліндегі компаниялар арасында еңбек жағдайларының бұзылуын жою бойынша үздік нәтиже көрсетті – сәйкессіздіктердің 85%-ы жойылды.
«Бұл марапат – біздің дұрыс бағытта келе жатқанымыздың белгісі. Қазпошта ұжымына мықты корпоративтік мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз. Бұл – тек қана жетістік емес, сонымен қатар алға жылжуға ынталандыру», – деп атап өтті конкурсқа қатысушы, «Қазпошта» АҚ Корпоративтік оқу орталығының басшысы Марта Омарова.
«HR-бренд 2025» конкурсына «Самұрық-Қазына» портфельдік компаниялары қатысып, бес номинация бойынша 25 жоба ұсынылды. Ұсынылған кейстер қызметкерлерді дамыту, процестерді цифрландыру, дарындылармен жұмыс істеу және қызметкерлерді белсендіру саласындағы жүйелі HR шешімдерін көрсетеді.
«Қазпошта» АҚ-ның «Белсенділік драйвері» номинациясындағы жеңісі басқарудың барлық деңгейлері арасында сенім, еңбекке құрмет және диалог мәдениетін қалыптастырудағы кешенді тәсілдің тиімділігін дәлелдеді.