Осы аптаның сейсенбісінде Өзбекстан Мәдениет министрілігінің ғимаратында министр Озодбек Назарбековтің төрағалығымен кезектен тыс жиын өтті. Ұйымдастыру мәселелері талқыланған бұл жиынға министрдің бірінші орынбасары Авазхон Тожихонов, министрліктің орталық аппаратының өкілдері, өңірлік студиялардан сала өкілдері қатысты.
Жиында Өзбекстанның Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік академиялық үлкен театрының директоры, Өзбекстанның халық әртісі Рамиз Усмоновтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты Мәдениет министрінің бұйрығымен театр директоры қызметіне Әлібек Қабдырахманов тағайындалып, ұжымға таныстырылды.
Министр Озодбек Назарбеков Әлібек Қабдырахмановтың жұмысына сәттілік тілеп, білімі мен талантын саланы дамытуға жұмсайтынына сенім білдірді. Ал министрдің бірінші орынбасары Авазхон Тожихонов та Әлібек Қабдырахмановты жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтап, қызметіне табыс тіледі.
Әлібек Қабдырахманов кім? Ол 1984 жылы Ташкентте дүниеге келген этникалық қазақ. Өзбекстан мемлекеттік консерваториясының «Ұрмалы аспаптар» факультетін бітірген.
Ол 2001 жылы Өзбекстанда республикалық жас орындаушылар байқауының дипломанты, 2002 жылы Женевада өткен 57-халықаралық байқаудың және 2004 жылы Польшаның Варашава қаласында өткен Николай Стасиневич атындағы 2-халықаралық конкурстың дипломанты.
Өзбекстан Республикасы мәдениет саласындағы «Тасанно» сыйлығының 2 дүркін лауреаты (2005, 2007). Сонымен бірге 2004 жылы Астанада өткен «Шабыт» халықаралық байқауында екінші орын алса, 2007 жылы сол байқаудың Гран-при иегері болды.
2006 жылы Германияда өткен «EMCY Art for music Prize» халықаралық байқауының «Оркестрмен ең жақсы орындауы үшін» номинациясы бойынша арнайы жүлде және Мюнхендегі «EMCY Art for music Prize» халықаралық байқауында 2-орын алған.
Директор болып тағайындалғанға дейін Өзбекстанның Еңбек сіңірген әртісі Әлібек Қабдырахманов Өзбекстан мемлекеттік филармониясы ұлттық симфониялық оркестрінің бас дирижері қызметін атқарған.
Өзбекстанның Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік академиялық үлкен театры біздің Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрымен теңдес өнер ордасы, яғни өзбек елінің бас театры. Сондықтан оны басқаруға 41 жастағы қазақ баласының тағайындалуы біз үшін назар аударар жаңалық болса керек.
Әлібек Қабдырахманов әулеті туралы айтқанда «Таза қазақпын. Менің ата-анам да, мен де Өзбекстанда дүниеге келгенбіз. Ал ата-әжем бұл жаққа Қазақстанның Атырау өңірінен келген.
Қазақстанда анамның, зайыбымның тумаластары бар. Алматыға жиі барып тұрамын, ол шаһарда туысым тұрады. Алматыға барған кезімде, ол мені өзі іздеп келді. Бұл маған өте әсерлі болды.
Мен Өзбекстанда туып-өстім, білім алып жетілдім. Жетістіктерге жеттім. Бұл – менің отаным. Атажұртым Қазақстанға да құрметім зор» деген еді.
Расында, ол жасынан музыкант болуға деген ықыласы оянып, 6 сыныптан бастап музыка мектебіне барған екен. Өнердегі жолын қаршадайынан бастаған. Ташкентте консерватория бітіріп, Өзбекстан мемлекеттік филармониясы ұлттық симфониялық оркестрінің бас дирижерлігіне дейін өскен. Енді, міне, өзбек елінің үлкен театрына басшы болып сайланып отыр.
Өзінің қазақ екенін есінен шығармайтын және өз ұлтын мақтан тұтатын қандасымызға жаңа қызметінде зор жетістік тілейміз. Әлемнің қай түпкірінде жүрсе де, қарым-қабылетімен ұлтының беделін көтеретін талантты қазақ балалары біз үшін әрдайым мәртебе.
Бегабат ҰЗАҚОВ