Мәңгілік өмірді іздеу – адамзат тарихындағы ең көне тақырыптардың бірі. Бұл ізденіс аңыздарда, діни әфсаналар мен ертегілерде жиі кездеседі. Мәселен, Месопотамия аңызындағы досы Энкиду қайтыс болған соң Гильгамештің өлімді жеңудің жолын іздеуі, қазақ аңызындағы өлімнен қашып, мәңгі өмір сүретін мекен іздеген Қорқыт, тіпті Қытайдың алғашқы императоры Цинь Шихуанди де мәңгі өмірге жету үшін алхимиктерге мәңгі өмірдің дәрісін іздеткен деседі. Біз айтқан бұл тұлғалардың ешқайсысы дегеніне жетпеді. Иә, бұл дүниеде ешкім мәңгі емес. Десек те, адамзат мәңгі өмірді іздеуін еш тоқтатпақ емес. Тіпті, қазір де бұл сауалға бас қатырған қасқа маңдайлар жетерлік. Қазіргі ғалымдардың айтуынша, дамыған цифрлы заманда бұл мүмкін болуы да ықтимал. Мәселен, инженер-футуролог Рэй Курцвейл 2045 жылдары адамның санасын компьютерге жүктеу мүмкін болады десе, бүгінгі заманның даңқты кәсіпкері Илон Маск болса Neuralink жобасы арқылы адам миын цифрлық құрылғылармен біріктіру арқылы мәңгілік сана құруға бел шешіп кірісіп кеткелі қашан. Бұған не дейсіз? Не десек те, заманынан озып туған кәсіпкер Джек Маның сөзімен айтсақ, «Сіз бен біз жаңа әлем табалдырығында тұрмыз».
Әлемге әйгілі футуролог, физик, жазушы Митио Каку жер жүзіндегі өте танымал 300 ғалыммен сұхбат жүргізіп, болашағымыз қандай болатынын анықтауға тырысты. Ол жаңадан ашылған жаңалықтарды, бүгінде ғалымдар айналысып жатқан технологиялар мен жобаларды сараптай отырып, адамзаттың даму бағытын ғана емес, өзгерістердің қай кезде болатынын да болжайды. Ол өзінің кітаптары мен лекцияла-
рында бізді 20, 50, 100 жылдан кейін не күтіп тұрғанын әңгімелейді. Сондағы Митионың айтқан сөзі: «Біздің цифрлық көшірмелеріміз ғарышқа аттанып, мәңгі өмір сүретін болады. Қазірдің өзінде АҚШ-тағы Криемный алқабында сіздің желідегі және басқа орындардағы жеке мәліметтеріңізді сараптай отырып цифрлық көшірмеңізді жасап шығара алатын компания бар. Олар, тіпті, сізден аумайтын, сөйлейтін робот жасай алады. Ал ондаған жыл өткеннен кейін не болмақ? 2009 жылы Human Connectome Project жобасы бастау алды. Оның мақсаты адам миының картасын жасау. Оның көмегімен келешек адамның санасын цифрлап, одан кейін адамның цифрлық көшірмесін әзірлейді. Цифрлық күйде адам мәңгілік өмір сүреді, оның ұрпақтары, шөбере-шөпшектері онымен сөйлесе алады. Цифрлық күйіңізде сіз ғарышқа аттана аласыз. Лазер көмегімен бір секундта сіздің цифрлық «жаныңыз» Айда, 20 минутта Марста, ал 4 жылдан кейін Альфа Центаврда болады. Бұл жай футурологтың кезекті бір болжамы дерсіз. Ал қазіргі заман ғалымдары олай ойламайды. Себебі қазіргі таңда цифрлық мәңгілік атты термин пайда болып, айналымға еніп те үлгерді. Сонымен цифрлық мәңгі өмір дегеніміз не? Ол қалай іске аспақ?
Цифрлық мәңгі өмір
Цифрлық мәңгілік дегеніміз – адамның ойлары, мінез-құлқы, естеліктері мен тіпті сана құрылымы цифрлы форматта сақталып, жасанды интеллект көмегімен қайта жандануы мүмкін деген идея. Яғни, адамның өмірлік деректері (хаттар, әлеуметтік желі жазбалары, дауысы, видеолары) жиналады, нейрожелілер арқылы адамның «саналық моделін» жасауға тырысады, бұл модель «диалог құра алатын», тіпті «ойлай алатын» нұсқаға айналуы мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, сіз қайтыс болсаңыз да, сізбен сөйлесуге, кеңес алуға, тіпті, естеліктеріңізді тыңдауға болатын виртуалды бейнеңіз өмір сүруі мүмкін.
Адам санасын немесе ми құрылымын цифрлық ортаға көшіру идеясы – «mind uploading» немесе digital immortality деп аталады. Кез келген биологиялық дене тозады, ал өлместіктің ықтимал жолдарының бірі – адамның миын не сана-сезімін компьютерге (басқа да жасанды денеге) өткізу екен. Қазірдің өзінде миды сканерлеу технологиясы дамуда. Адам миы шамамен 86 миллиард нейроннан тұрады, олардың әрқайсысы мыңдаған басқа нейронмен байланысады. Бұл шамамен 100 триллион синаптикалық байланыс деген сөз. Мидың осындай күрделі құрылымын толықтай сканерлеу және цифрлы түрде көшіру қазіргі технологияларға үлкен сынақ болып отыр. 2014 жылы OpenWorm жобасы шеңберінде C. elegans құрттың миы сканерленіп, оның нейрондық желісі Lego роботының қозғалысын басқаруға қолданылды. Дегенмен бұл құрттың миында бар болғаны 302 нейрон бар, ал адам миы миллиардтаған нейроннан тұрады. Технологиялық кәсіпкерлер мен ғалымдар цифрлық мәңгілікке жету жолында түрлі жобаларды қолға алуда. Мысалы, Илон Масктың Neuralink компаниясы миға чип орнату арқылы адам санасын компьютермен біріктіруді мақсат етсе, Брайн Джонсон сияқты кәсіпкерлер жасушаларды жасарту және ми қызметін сақтау үшін биотехнология мен жасанды интеллектті біріктіру жолдарын зерттеуде. Дегенмен бұл оңай шаруа емес. Адам миының толық моделін жасау үшін шамамен 2,000 эксабайт (2 зеттабайт) дерек сақтау қажет, бұл қазіргі Google-дың бүкіл сақтау көлемінен 100 есе артық. Мұндай көлемдегі деректі сақтау және өңдеу қазіргі технологиялар үшін әзірге мүмкін емес. Кейбір ғалымдар ми құрылымын сақтау арқылы болашақта сананы қалпына келтіру мүмкіндігін қарастыруда.
Қандай алғышарттар жасалып жатыр?
Мамандардың пікірінше, ғалымдар бұл идеяны жүзеге асыру үшін миды толық түсіну, жадыны нақты әрі тұтас көшіру технологиясы қажет, ЖИ тек сөздерді емес, сезімді де модельдей алуы керек. Десек те, бүгінде бұл болашаққа жақындап келе жатқан көріністерді байқауға болады. Мәселен, қайтыс болған жақын адамдармен сөйлесуге мүмкіндік беретін чат-бот – жа-
санды интеллект Replika AI қазірдің өзінде қолданылып келеді. Ал HereAfter AI – адамның дауысы мен естеліктерін сақтап, ұрпағымен сөйлесетін виртуалды «аватар» құрып береді. Сонымен қатар Дипфейк деген ұғымды естіген боларсыз. Бүгінгі таңда танымал тұлғалардың дауысы мен түрін айнытпай салатын бұл қосымша көптеген халықты таңғалдырып та, үрейлендіріп те отыр. Үрейленетін себебі, танымал тұлғалардың дауысы мен келбетін пайдаланып, түрлі алаяқтық жасайтын оқиғалар жиілеп барады. Тіпті, мемлекет басшыларының да «бейнесімен» халыққа үндеу жасаған оқиғалар кезіккен. Мәселен, алғаш соғыс басталарда Украина президенті Владимир Зеленскийдің әскерилерге қаруды тастап, берілу туралы үндеуі ғаламтор бетін кезіп кеткен болатын. Ақырында, бұл жасанды интеллект көмегімен жасалған дипфейк екені анықталды. Яғни, Deepfake + GPT – танымал тұлғалардың «цифрлық бейнелерімен» сұхбат жүргізу бүгінде қарқын алған технология.
Жоғарыда Илон Масктің Neuralink компаниясы арқылы цифрлық мәңгілікке алғашқы қадамдарды жасап жатқанын айттық. Илон Масктің өзі бұл жобаны былай сипаттайды: «Neuralink көмегімен біз биология мен технологияны байланыстыру жолындағы алғашқы қадамдарды жасаймыз. Бұл естеліктер сақталатын немесе тіпті цифрлық түрде қайталанатын болашаққа әкелуі мүмкін». Neuralink импланты – монета көлеміндей чип. Ол адамның бас сүйегіне орнатылып, мидағы нейрондармен байла-
нысады. Чип ой қозғалысын қабылдап, оны компьютерлік сигналға айналдырады. Қазірдің өзінде Neuralink прототипі шошқа мен маймылдарға орнатылып, тіпті маймылдың ойынмен видеоны басқарғаны дәлелденген. Ал өткен жылы ғана, яғни, 2024 жылы Neuralink адамға алғаш рет имплант орнатып, сынақ жүргізуге рұқсат алды.
Демек, цифрлық мәңгіліктің ауылы қашық емес деуге негіз бар секілді ме, қалай?!
Этикалық мәселелер мен философиялық сауалдар
Жарайды, «цифрлық мәңгі өмір – мүмкін» делік. Енді елестетіп қарайық. Бұл қалай болмақ? Иә, санаңызда сан сауалдар жұлдыздай самсап қоя берді ме? Себебі бұл концепциямен қатар күрделі сұрақтар да туындайды. Біріншіден, бұл адамның ерікті таңдауы ма, әлде коммерциялық өнім бе? Екіншіден, цифрлық бейне – адамның өзі ме, әлде тек имитация ма? Үшіншіден, өлген адамның цифрлық нұсқасын пайдалануға кімнің құқығы бар? Төртіншіден, сананы жүктеу мүмкін болса, өлім деген не болады? Ең алдымен философиялық талдау жасап көрелікші, адам деген кім? Цифрлық мәңгілік идеясында басты сұрақ – адамның мәні тек жад пен сана ма, әлде одан да терең болмыс па? Егер біз біреудің ойлау қабілетін, сөйлесу мәнерін, естеліктерін көшірсек, ол сол адамның өзі бола ма? Бұл жерде Декарттың «Cogito ergo sum» – «Ойлаймын, сондықтан бармын» қағидасы қайтадан өзекті бола түспек. Бірақ жасанды интеллект те «ойлай» алатын болса, ол «бар» бола ма? Тағы да сұрақ... Енді этикалық тұрғыдан қаралық... Адамның келісімінсіз цифрлық бейнесін жасауға бола ма? Мысалы, қайтыс болған адамның дауысын deepfake арқылы тірілту – этикаға сай ма? Оның туыстары не айтады? Кім иелік етеді? Цифрлық бейне авторлық құқыққа жата ма? Оны кім қолдана алады? Иә, бұл жағдай кибермәдениет пен мораль арасында шиеленісті тудырады. Бұл мәселе алдағы уақытта заңнамалық деңгейде шешілуі тиіс. Танымал футурист әрі Homo Deus кітабының авторы Хәрари технологиялардың адам өмірін ұзартумен қатар, адам еркіндігіне қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді. Оның айтуынша, егер сана цифрлық форматқа көшсе, оны кім басқаратыны маңызды. «Кім деректерді иеленсе, сол болашақты басқарады. Адамдар шексіз өмірге жетуі мүмкін, бірақ ол өмірдің еркіндігі жоқ болмасына кім кепіл?», – дейді ол.
Сонымен қатар цифрлық мәңгілік – өлімге деген көзқарасты өзгертеді. Мысалы, жақын адамынан айырылған жан оны виртуалды түрде тірілтіп, сөйлесе берсе бұл оның психологиялық сауығуын тежей ме, әлде жеңілдетеді ме?
Ең бастысы, діни нанымды қайтеміз? Әлемде қанша дін болса, өлімге қатысты соншалық түсінік бар. Көптеген дінде өлім рухтың мәңгілік сапарының басталуы. Цифрлық бейне – тек материалдық жағын қайталау. Яғни, ол адам емес. Мәселен, мұсылман дүниетанымында «рух» Алладан, ал оны көшіріп алу – адам құзырындағы нәрсе емес. Себебі исламда адамның бұл өмірдегі рөлі мен оның шектеулі табиғаты ерекше маңызды.
Ал христиан дәстүрінде өмір мен өлім Құдайдың бақылауында деп есептеледі. Кейбір христиандар цифрлық өлместікті табиғи тәртіпке қарсы әрекет, «Құдайдың еркіне араласу» ретінде көреді. Олар өмірдің шектеулі болуын адамға берілген рухани сынақ деп түсіндіреді. Индуизмде самсара – туылу, өлу және қайта туылу циклі маңызды. Бұл шеңберден шығу – рухани жетілу мен мокшаға (рухани азаттық) жету жолы. Цифрлық өлместік, керісінше, материалдық «менді» сақтауға ұмтылады, бұл индуизм қағидаттарына қайшы келуі мүмкін. Будда ілімінде ақыл мен эгомен байланыс үзілуі – нирванаға жету жолы. Ал цифрлық өлместік, керісінше, өзін сақтауға тырысу, бұл – азаптың жалғасуына себеп. Буддизм үшін бұл – сана азаттығына кедергі.
Демек, цифрлық өлместік идеясы ғылым мен техниканың жаңа белесін танытса да, рухани, діни жүйелер бұл бастаманы терең сұрақтар арқылы сынайды. Ол адамның мәңгі өмірге ұмтылысы мен рухани жауапкершілік арасындағы теңгерімді талап етеді.
2020 жылы АҚШ-та қайтыс болған әкесімен «қайта кездесуді» армандаған қызға нейрондық желі арқылы оның бейнесін жасаған болатын. Виртуалды ортада әкесі сөйлеп, қызымен сөйлескендей әсер қалдырды. Бұл адам баласының естелікті тірілтуге, шексіз сағынышты цифрмен өтеуге жасаған әрекетінің бірі болатын. Мысалы, өнертапқыш Рэй Курцвейл 2029 жылға қарай әкесінің цифрлық көшірмесін жасауды мақсат етіп отыр. Ал кей компаниялар тіпті адамдардың санасын бұлтқа (cloud) көшіру идеяларын ұсына бастады. Бір қызығы жақында Pew зерттеу орталығы жүргізген жаһандық сауалнамада америкалықтардың 52 пайызы цифрлық өлместік мүмкіндігіне қызығушылық танытатынын, бірақ оның рухани салдары туралы алаңдайтынын айтқан. Респонденттердің 65 пайызы Азиядан келген діни наным-сенімдермен қайшылықтарды алға тартып, сенімсіздік танытқан. Не десек те, әлем бұрынғы қалпында тұра бермесі анық. «Мүмкін енді бір-екі ғасырдан соң, адамдар 200 жылдан артық өмір сүрмесін деген заң қабылданатын шығар. Себебі технология ол мүмкіндікті береді», – дейді қытайлық кәсіпкер Джек Ма. Иә, цифрлық мәңгілік идеясы қазіргі таңда ғылыми-фантастикалық деңгейде болғанымен, технологияның дамуы бұл мүмкіндікті болашақта шындыққа айналдыруы әбден мүмкін. Алда бұл тақырып философтар мен заңгерлер, программистер мен дінтанушылардың бірлесе зерттейтін саласына айналары сөзсіз. Ал қазақ баласы өлімді жеңер тек бір ғана күштің барын айтады. Ол қазақ дүниетанымындағы «Жақсының аты, ғалымның
хаты өлмейді» деген сөзден айқындалмақ.
Наурызбек САРША