Қазақстан – вирустық гепатиттермен күресуде көшбасы

1 тамыз, 2025 / Арайлым Жолдасбекқызы
сурет: istockphoto.com

Дүниежүзілік гепатитпен күрес күні жыл сайын 28 шілдеде аталып өтеді. Бұл күн бүкіл әлемде гепатитке қарсы күрестің маңызын еске салу үшін белгіленген. 2016 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) С гепатитін 2030 жылға дейін жоюды көздейтін жаһандық стратегияны іске қосты. Қазақстан осы бастаманы жүзеге асыруда Орталық Азия мен ТМД елдері арасында көшбасшылардың бірі болып отыр. 

Вирустық гепатиттер – жаһандық денсаулық сақтау саласындағы басты мәселелердің бірі. ДДҰ мәліметінше, бұл инфекциялар өлім-жітім бойынша 2- орында тұр. Жыл сайын 1,3 миллионға жуық адам қайтыс болады, бұл – тәулігіне 3 500 адам деген сөз. 2022 жылы әлемде В гепатитімен 254 миллионнан астам, ал С гепатитімен 50 миллионға жуық адам ауырған. Ауырғандар саны жыл сайын өсіп келеді. В гепатитіне жыл сайын 1,2 миллионға жуық, ал С гепатитіне шамамен 1 миллион адам шалдығады екен. 
Қазақстанда 2024 жылы «Д» есебінде В гепатитімен тіркелгендер саны – 33 462, ал С гепатитімен – 35 984 адам. Жаңа тіркеуге алынғандар бойынша, В гепати­ті – 5 360, С гепатиті – 8 470 адам. Жыл қоры­тындысы бойынша 400 мыңдай адамға гепатитке қарсы зерттеу жүргізіл­ген, 30 мыңнан астам азамат ем қабыл­даған.
2023 жылы елімізде вирустық гепа­титке шалдығу деңгейі әр 100 000 тұр­ғынға шаққанда 10,23 жағдайды құрады. А, В және С гепатиттерінің кейбір түр­лерінің өсу үрдісі байқалды. 
2025 жылы өтетін «Гепатитпен күрес: кедергілерді жоямыз» кампаниясы осы аурумен күресте тиімді шаралар қабыл­дауға кедергі болатын факторларды жою­ды көздейді. Бұл – вакцинация, қауіпсіз медициналық процедуралар және бауырға зиян келтіретін әрекеттерден бас тарту секілді кешенді тәсілдерді қажет етеді.
Қазір гепатит В-ға қарсы сенімді вак­цина бар және ол аурудың дамуын 95 пайыз жағдайда болдырмайды. Бұл вак­цина соны­мен бірге гепатит D-ға қарсы да қорғаныс береді. С гепатитіне келсек, оны толық ем­дейтін тиімді дәрі-дәрмектер де қолжетімді. 
1998 жылдан бері Қазақстанда жаңа туған сәбилерге перзентханаларда гепатитке қарсы екпе жасалады. Сонымен қатар, ел аумағындағы гепатологиялық орталықтарда скрининг жүргізіледі. Маман дәрігерлердің қазіргі басты міндеті – аурудың алдын алуға бағытталған іс-шараларды дамыту.
Елімізде бауырдың созылмалы ауруларын емдеуге арналған арнайы медициналық көмек толық көлемде ұсынылады. Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі гепатиттің алдын алу, ерте анықтау және емдеуге ерекше көңіл бөліп отыр. Халық арасында ақпарат­тандыру шаралары, аурудың таралуына жол бермеу және салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша кең көлемді ағартушылық жұмыс жүргізіле бермек. 
Гепатит – бауыр тінінің қабынуы. Ол А, В, С, D және Е вирусы арқылы таралады. Әсіресе В және С гепатиттері өлім-жі­тімге әкеп соғады. Олар жыл сайын 1,3 миллион адамның өмірін қияды. 
Еліміздің Денсаулық сақтау министр­лігі әрбір азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, уақытылы тексеруден өтіп, гепатиттен қорғаудың қолжетімді әдістерін пайдалануға ша­қырады.

А.БИМЕНДІ

Тэгтер:

күрес Вирус гепатит