Осы аптада теңгенің долларға шаққандағы бағамы бұрын соңды-болмаған деңгейге дейін құнсызданып, тағы да тарихи максимумын жаңартты.
Сәрсенбіде Астана мен Алматыдағы айырбастау пункттерінде АҚШ валютасы 550 теңгеден саудаланды. Дегенмен түс ауа бағам бірнеше минут ішінде 548,45-тен 543,10-ға дейін төмендеді. Сауда алаңында бір мезетте ірі сатып алу және сату көлемдерінің пайда болуы алыпсатар қыздырған нарықты суытып, біршама тұрақтандырды. Сарапшылардың айтуынша, бұл – Ұлттық Банктің ұзақ үзілістен кейін бірінші рет валюта интервенциясын жүргізгенінің белгісі. Артынша реттеуші ресми мәлімдеме жасады.
Осылайша, теңгенің күрт әлсіреуі нарықта дүрбелең тудырды. Дүрмекке ілесіп, доллар алуға асыққандар да көбейді. Жалпы, бұған не әсер етті? Не істеу керек? Алда не болуы мүмкін? Сарапшы мамандардың пікірін ұсынамыз.
Елдар Шамсутдинов,
экономист, DM Technology атқарушы директоры:
Саясат та себеп болып отыр
– Өткен аптада курс 540,52-541,90 теңге аралығында саудаланды. Бұл – бұрынғы қарсылық деңгейлерінің бұзылып, бағамның жаңа баға коридорында орныққанын растады. 24 шілдеде ұсыныс жағында 541,30-541,90 теңге аралығында шамамен 2,7 миллион АҚШ долларына жуық ірі оферта (сату ұсыныстары) байқалды. Бұл жағдай сатушылар ресурсының сарқыла бастағанын немесе олардың пайданы бекіту бойынша икемдірек стратегияға көшкенін білдіруі мүмкін. Ең ірі BID-өтінім (сатып алу сұранысы) 540,80 теңге бағамымен 1 млн долларға тіркелген, оған қоса, бұдан төмен бағамдарда да кіші көлемді, бірақ тығыз орналасқан өтінімдер болды. Бұл – сатып алушылардың бағаның бұдан әрі де өсетінін болжап, қазіргі деңгейлерден-ақ валютаны сатып алуға дайын екенін көрсетті.
Теңге әлсіреп барады, мұнай бағасы құбылып тұр, бірақ бұған тек экономика емес, саясат та себеп болып отыр. Нарықтар жаңа сын-қатерге жауап беріп жатыр: Трамп Украина мәселесіне қатысты ілгерілеу болмаса, 10 күн ішінде Ресейге санкция салатынын мәлімдеді. Бұл тек Ресейге емес, оның мұнайын сатып алушыларға қарата айтылған екінші деңгейлі санкциялар туралы ескерту болды. АҚШ Қаржы министрлігі Қытай сатып алуын жалғастыра берсе, тарифтерді тағы көтеретінін ескертті. Ал Трамп мұнай бағасының өсуінен қорықпайтынын айтып, оны АҚШ өндірісі арқылы өтеймін деп уәде берді.
Нәтижесінде, шикізат бағасына геосаяси үстеме өсіп, дамушы елдер валютасына, соның ішінде теңгеге де қысым күшейіп келеді. Теңгеге тіпті қатты әсер етіп отыр десе де болады. Қазақстан алдағы уақытта ағындардың қайта бөлінуінен ұта алатын шығар, бірақ дәл қазіргі сәтте сыртқы саяси серпілістер мен күрт ауытқуларға өте осал болып тұр.
Қазір валюта бағамы біздің негізгі экспорттық тауарымыз мұнайға деген сұра-
нысқа емес, жаңа санкциялар қаупіне жауап беріп тұр. Бұл қауіп әлі де сейілмегендіктен, сын-қатер арта береді.
Егер Ұлттық Банк бағамның спекулятивті сипат алғанын байқаса, интервенциялар жасауы мүмкін деп болжаған едік. Бірақ реттеуші төрағасы интервенциялар жаңа жылда болады дегенге меңзеген еді. Ең ықтимал нұсқа теңгедегі өтімділікті шектеу болған.
Дегенмен сәрсенбіде Ұлттық Банк интервенция жасады, теңге бірнеше минут ішінде 548,45-тен 543,10-ға дейін нығайды. Реттеуші органның ресми мәлімдемесінен кейін на-
рықтың бағыты күрт өзгеріп, 548-ден жоғары тұрған офферлер (сату ұсыныстары) әп-сәтте жойылды, сатушылар қарсылықсыз-ақ көлемін азайта бастады. Ал BID жағында (сатып алу сұранысы) тығыз қолдау байқалды: 545,00 бағамында – 2 млн доллар, 543,50-де 1,23 млн доллар көлеміндегі өтінімдер тіркелді. Ұлттық Банк біржақты алыпсатарлық әрекеттерді қатаң тежеуге дайын екенін көрсетті. Әсері бірден байқалды: нарық суыды, сатып алушылардың белсенділігі күрт азайды, валюта бағамының әрі қарай өсуі тоқтатылды.
Қысқамерзімді ставкаларды, овернайттарды көтеру арқылы, немесе өтімділікті сіңіру операцияларының құнын арттыру арқылы, теңгеге қарсы валюта сатып алуды қымбаттату көзделуі мүмкін. Бірақ мұны тосыннан жасау маңызды: айырбастау нарығындағы дилерлерді күтпеген жерден ұстау керек, әйтпесе әсері аз болады.
Немесе алтын-валюта резервтерін жұмсамай-ақ, своп операциялары арқылы нарыққа уақытша доллар беру нұсқасы бар. Бұл техникалық жағынан күрделі, бірақ тиімді әдіс. Алайда өз тәуекелдері де бар, әсіресе нарық теңгедегі ставканы арзан деп есептейтін болса.
Қалай болғанда да қаңтарда-ақ базалық ставканы көтеру керек еді. Тіпті соңғы отырыста осындай шешім қабылдау қажет болатын. Өйткені теңгедегі депозиттердің ставкасы ұлттық валютаның құнсыздануынан келетін тәуекелді жаба алуға тиіс. Әйтпесе, капитал мен халық валюта активтеріне жаппай көше бастайды.
Мақсат Халық,
экономист:
Доллар сатып алыңыздар деп кеңес бермеймін
– Ең алдымен, «теңге неліктен құбылып тұр?» деген сұраққа жауап берейін. Бұл жерде басты себептің бірі – маусымдық факторлар. Әсіресе, жаз мезгілінде азаматтар шетелге демалысқа шығуды жиі жоспарлайды. Соған байланысты шетел валютасына, нақтырақ айтқанда долларға деген сұраныс артып, ұлттық валютаға қысым түседі.
Биылғы жағдайға келсек, мен өзім жүргізген талдау негізінде мынаны байқадым: мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың елеулі бөлігі, әсіресе ірі инвестициялық жобаларға бағытталған қаржы, жаздың ортасында ғана жұмсала бастады. Бұл қаражатқа көбіне шетелден техника мен технологиялық құрал-жабдықтар сатып алынады. Осы кезде де шетел валютасына сұраныс артады, бұл да теңгеге әсер ететін факторлардың бірі.
Жалпы алғанда, макроэкономикалық көрсеткіштер жағынан жағдай тұрақты деуге болады. Мысалы, мұнай бағасы айтарлықтай өзгерген жоқ, ал еліміздің жалпы ішкі өнімі 6 пайыздан жоғары өсім көрсетті. Мұндай жағдайларда теңге тұрақты болуы керек еді. Алайда біз оның керісінше әлсірегенін көріп отырмыз.
Оған әсер еткен тағы бір маңызды фактор – Үкіметтің өзі. Жақында Премьер-Министр баспасөз конференциясында теңге бағамы қанша болуы мүмкін деген сұраққа «540 теңге» деп жауап берді. Бұл сөз нарыққа отқа май құйғандай әсер етті. Себебі нарықтағы ойыншылар мұны ресми болжам ретінде қабылдап, теңге бағамы сол деңгейге жетеді деп ойлап қалды. Мұндай жағдайда алыпсатарлар (спекулянттар) да белсенді әрекетке көшіп, «ертең 600 болады» деген тәрізді қауесеттер таратып, нарықтағы тұрақсыздықты күшейтті.
Соңғы он күнде валюта бағамының жиі ауытқуы – дәл осы ішкі факторлар мен алыпсатарлық әрекеттердің нәтижесі. Дегенмен маман ретінде мен жұртқа жүгіріп барып, доллар сатып алыңыздар деп кеңес бермеймін. Қаржы саласында бір ереже бар: бәрі сатып алып жатқанда сен сатып алма, бәрі сатып жатса, сен сатпа. Әйтпесе, ұтылып қалуың мүмкін. Сол себепті сабыр сақтап, күту аса маңызды. Бұл – уақытша маусымдық құбылыс.
Расул Рысмамбетов,
қаржыгер:
Қазіргі бағам шынайы нарық көрсеткіші емес
Теңге биржада ары қарай құннсызданып жатыр. Менің ойымша, бұл жағдайға бірден үш басты фактор әсер етіп отыр.
Біріншіден, бұл – импорттаушылар тарапынан долларға деген сұраныстың артуы. Кейбір компаниялар алдағы уақытта қажет болатын тауарларын алдын ала сатып алуда. Бұл ретте олар шетел валютасын көбірек қажет етеді.
Екіншіден, белгілі бір деңгейде психологиялық үрей де байқалады. Ресей рублінің әлсіреуінен кейін кей азаматтар, оның ішінде ресейлік рубльде табыс табатын отандастарымыз, мысалы, Ресейге экспорт жасайтындар шұғыл түрде рубльді теңгеге, одан кейін долларға айырбастауға кірісті. Бұл да доллар сұранысын арттырып отыр.
Үшіншіден, бұл – фискалдық импульс, яғни Үкіметтің бюджет қаражатын белсенді жұмсауы. Қазір жаз – инфрақұрылымдық жобалар қызатын кез: жол жөндеу, теміржол салу, құрылыс. Алайда біз әлі күнге дейін құрылыс материалдарын отандық өндіріс арқылы толық қамтамасыз ете алмай отырмыз. Кейбірін өзіміз өндіргенімізбен кей жабдықтар, тұрмыстық техника – бәрі импортталады.
Осының бәрі бірігіп, долларға деген сұраныстың өсуіне алып келді. Импорттаушылар болашақта теңге бағамы бұдан әрі әлсірейді деп қауіптеніп, қазірден-ақ доллар сатып алып жатыр. Ресеймен жұмыс істейтін қазақстандық бизнес өкілдері де рубльден теңгеге, кейін долларға өтуде. Құрылыс компанияларының белсенділігі де жоғары – бәрі шетелдік өнімді сатып алуға мәжбүр.
Осының салдарынан қазіргі бағам шынайы нарық көрсеткішіне сай емес деп есептеймін. Мұндай деңгейде болмауы керек еді. Сондықтан меніңше, реттеуші органдар курсқа тікелей әсер етпей-ақ, доллар сұранысын басқарудың бірқатар құралдарын біртіндеп қолдануға тиіс. Себебі бұл сұраныс жасанды сипатқа ие болып отыр.
Қазір жұрт дүрлігіп жатыр: доллар қымбаттайды деп, ақша айырбастап жатыр. Бірақ біраз уақыттан кейін адамдар «бұл ақшаны қайда, не үшін ұстап отырмын?» деп ойлана бастайды. Сол кезде долларды қайта сата бастайды, яғни сұраныс азаяды. Осы кезде ғана доллардың бағамы әлсіреуі мүмкін. Нарықтағы үрей біртіндеп сейіледі деп үміттенемін. Алайда бұл қашан болатынын нақты айту қиын.
Сарапшылардың пікірі әртүрлі: бірі геосаяси сын-қатердің күшеюін басты себеп десе, екіншісі маусымдық сұраныс пен импорттың артуын алға тартып отыр. Сонымен қатар нарықтағы алыпсатарлардың әрекеттері мен мемлекеттік органдардың мәлімдемелеріне деген реакция да теңгенің әлсіреуіне үлесін қосуы мүмкін екені айтылып жатыр. Қалай болғанда да, қазіргі жағдай нарықтың әлемдегі және елдегі оқиғаларға сезімтал екенін көрсетеді, бұл дәл болжам жасау ықтималдығын одан сайын азайтады.