Бала күнінен білімге ұмтылып, даналықтың дариясын қанып ішіп, адамзатқа ортақ құндылықтардан ізгіліктің қайнарын іздеген Абай үшін дүниенің ең биік мұраты Адам болды. Келешектен күдерін үзбей, үмітін үкілеген хәкім шығармашылығында адам тақырыбы маңызды орын алады. Бұл саладағы ізденісін гуманистік идеалдарымен ұштастырған ол Шығыстағы философияның негізгі мәніне айналған «толық адам» мәселесіне ықыластана назар аударып, адамгершілік туралы ілімді жалғастырып, тереңдете түсті. Сөз жоқ, Абайға дейін де халықтық аңыз-әңгімелерде, ертегілерде, шешендік сөздерде, дәстүрден қол үзбеген жыраулар поэзиясында адамды адам ететін адамгершілік қағидаттары молынан табылады. Бірақ Абай адам ұғымын тереңдетіп, арнасын кеңейтіп, өзі көріп, сезіп, ой сарабына салып қорытқан өмір материалдарынан басқа әдебиет дүниесінен де көп бұйым алды.
Ұлы ақын жөнінде жүйелі пікір қалыптастырып, ғылыми айналымға енгізген академик-жазушы Мұхтар Әуезов кемеңгердің творчестволық ізденісіне ұлттық және бүкіл адамзаттық мәдениеттің үш түрлі арнасы мол азық болғанын айрықша атап өтеді.
Хәкімді тебірентіп, қиялына қанат бітіріп, ой-санасына шуағын шашқан арнаның бірі – халықтың өзі жасап, ауыздан-ауызға тараған, баспа жүзінде сақталып келген бағзы замандағы мәдениетінің бай мұрасы. От ауызды, орақ тілді дала дауылпаздары Шортанбай, Дулат, Бұқарлардың жырларымен қатар, мысал, мақал, аңыз, дастандарды бала күнінен құлағына құйып, жаттап өскен талғампаз шәкірт оны дамытып, жаңа түр енгізді, тіл кестесін көркейтіп шеберлігін шыңдады.
Шығыстың мәдени мұрасы, араб-иран және түрік халықтарының классикалық поэзиясы Абай ақындығын жаңғыртып, рухани дем берген – екінші арна. Әуезовтің айтуынша, шығыс үлгілерін пайдалану ол заманда үлкен жаңалық саналған. Ақындық өнерін қадірлейтін мінезді балалық шағынан ала шыққан шәкірт медреседе оқып жүрген кезінде-ақ діни кітаптардан бөлек Науаи, Сағди, Хожа-Хафиз, Физули сияқты шайырлардың сан қырлы, терең мағыналы, философиялық идеяларға толы туындыларымен етене танысып, өнерінің өрісін ұлғайтты. Ақыл-ойға келгенде ерте толысып, өз ортасынан иығы асып оза бастаған ол бұл бағыттағы ізденісінде де тыңға түрен салған бірінші ақын болды.
Абайдың әр нәрсенің асылын таныған зеректігін, көркем сөзді өзгеше өрнектеп, бояуын құлпыртып, жан бітірген шеберлігін мүлде басқа қырынан танытқан үшінші арна – орыс пен Еуропа мәдениеті. Абайға дейінгі қазақтарға бұл мәдениет етене таныс болған жоқ. Кемеңгердің халықты Ресей мен Еуропаның тамыры тереңде жасырынған мәдениетімен жақындастыруға құлшына кірісуі тасты тауға қарай домалатқан Сизифтің еңбегіне пара-пар жанкештілік еді.
Абайтану саласында жаңалық ашуға талаптанып жүрген ғалымдардың қай-қайсысы болса да Әуезов нобайын нұсқап, белгілерін көрсетіп кеткен осы үш бағытқа мойын бұрмай кетпейді. Біз де өз ізденісімізде, яғни, Абай шығармашылығындағы жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды ой талқысына салған зерттеуімізде бірін-бірі толықтыра түсетін осы үш салаға арқа сүйемей тұра алмаймыз.
Ең басты үш бағытын анықтап, бұлақтарының көзін ашып беріп кеткенімен, ұлы жазушы да Совет заманындағы әдебиет пен ғылымның мүмкіндігін шектеген кедергілерден көп зардап шекті. Ұлы Абайдың жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтармен қолтықтасып жатқан ақындық мұрасын жан-жақты танып, бағалауда маңызды рөл атқаратын дінге, Шығысына қатысты ойларын еркін айтуға Әуезовтың мүмкіндігі болмады. Космополитизм туралы партия қаулысынан соң қысым мен қауіп-қатер ұлғайып, оның салқыны негізі енді қалана бастаған Абайтану ғылымына да тиіп, шындықтың жолы кесілді. Әсіресе, хәкімнің Шығысын танытуда Әуезовке бөгет болған кедергілер көп. Бұл тақырыпты індетіп, «Абай мен Шығыс» атты еңбек жазған ғалым Мекемтас Мырзахметұлы осы саладағы қызығушылығына Әуезовтің аса қатты қолдау көрсете қоймағанын еске түсіреді.
Үш мәдениетті тел емген Абайдың негізгі зерттеу объектісі адам болғанын біз жоғарыда атап өттік. Адам өмірінің мәні, азаматтығы, арының тазалығы, иманы мен ұяты оны қатты толғандырды. Бұл мәселені ол кең ауқымда қарастырып, қоғамдық, руханилық, этикалық, эстетикалық тұрғыдан саралап, адамзаттық биіктен назар салды. «Абай үшін дүниенің басты өлшемі – Адам, оның ісі мен ойы, жаны мен санасы сөзі мен сезімі. Абай поэзиясының Ренессанстық сипаты осында» (Сейіт Қасқабасов) жатыр.
Ұзақ жыл бойы, әсіресе, гумманитария ғылымында Ренессанс ұғымын европоцентристік тұрғыда түсініп, біржақты бағалау белең алып, Шығыс халықтары тарихында да мұндай құбылыстың болғанына мән берілмей келді. ХХ ғасырдың соңғы ширегінде ғана Ренессанстың тек Батыста ғана емес, Шығыста да құлашын кеңге жайғаны ғылым сарабына салынып, өткен дәуірі мен бүгінгі өмірінің рухани көпіріне айналған мәдени құбылысы болғаны айқындалып, танып білу ісі қолға алынып, іргелі зерттеулер мен еңбектер жазылды. Соның нәтижесінде «Мұсылман Ренессансы», «Иран Ренессансы», «Шығыс Ренессансы» деген ұғымдар қалыптасып, қоғамдық санада орнығып үлгеріп, ғылыми ортада мойындалып, толық мақұлданды. Барлық Ренессансқа ортақ заңдылықтармен қатар, әр ұлттық өркениеттің өзіне тән ерекшеліктері де болатыны зерттеліп, қазақтардың да өз Ренессансы бар екені дәлелденді. Академик Сейіт Қасқабасовтың пікіріне жүгінсек, жалпы заңдылықтардан ада емес әрі өзіміздің өзгешелігімізден де құралақан емес үрдіс тұрғысынан қарағанда, қазақ қоғамының Ренессансы Абайдан бастау алады.
Әлемдегі дүниеге келген Ренессанстың барлығы да көне мәдениетті жаңғыртып қана қоймай, Адамға айрықша көңіл бөліп, оны дүниенің кіндігі – барлык нәрсенің қожасы ретінде дәріптеген. Гуманизмді жырлаған ақындар мен ойшылдар Адамды бағаламауға, оның тағдырын ойыншық етуге қарсы шыққан. «Атымды адам қойған соң қайтіп надан болайын?» – деген Абай да Адамды – Алланың махаббатпен жаратқан ең ұлы, ең сүйікті туындысы ретінде қарастырады. Дидактикалық уағыз поэзиясының канондарын бұзып, әдебиетке жаңа леп әкелген кемеңгердің бұл бағыттағы жемісті ізденісі айрықша көзге түсіп, жоталанып тұр.
Джон Хопкинс университеті жанындағы Халықаралық зерттеулерді ілгерілету мектебінің оқытушысы және Орталық Азия мен Кавказды зерттеу институтының президенті Стивен Фредерик Стар барлық Ренессансқа ортақ заңдылықтармен қатар әр ұлттық өркениеттің дүниеге келуінің өз заңдылығы бар екеніне сараптама жасап, 660 жылы басталған арабтардың Орталық Азияға жасаған шабуылының зиянымен қатар, осы өңірдегі мәдениеттің өркендеуіне тигізген шарапаты да мол болғанын атап өтеді. Ғалымның айтуынша, арабтар өздерінен кейін ресми қолданыста және зияткерлік қарым-қатынаста пайдаланылған тілді және жаңа дін – исламды Орталық Азияға алып келді.
Әрине, арабтардың бұл өңірлерді жаулап алуы мәдениеттің көптеген саласын күйретті, алайда олардың орнына басқа маңызды дүниелер пайда болды. «Орталық Азиядағы үш ғасыр бойы жалғасқан білім мен мәдениеттің гүлденуі Таяу Шығыстан келген төңкерістік өзгерістерсіз болуы мүмкін емес еді», – дейді ғалым. Ислам дінімен бірге келген ұлы өзгерістердің арқасында қазақтар ұлттық құндылықтарын асылындай ардақтап, қиын-қыстау заманның құбылмалығына қарамастан, салт-дәстүрін сақтап қалды, дала мәдениеті өркендеп, Абай дәуірінде шырқау шыңға самғады.
Жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбектің осыған орай айтқан пікірі де ойландырмай қоймайды. Оның айтуынша, ғасырлар бойы пісіп-жетілген қазақтың мәдени-рухани тегеуріні Абайдай ренессанстық құбылысты туғызбай қоймас еді. Шындығында да, ХІХ ғасыр қазақ мәдениетінің жаңғырып, өнердің барлық саласында өз қолтаңбасын қалдырған тұлғалар өмірге келіп, айшықты ізін қалдырған алтын дәуірі болды. Күйшілік өнерде Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Ықыластар, ән өнерінде Біржан сал, Ақан сері, Мұхиттар бастаған таланттар шоғыры Алаш аспанында қазақтың рухын қалықтатса, ғылымда Шоқан, Ыбырай, Салықтар тыңға түрен салды. Ал поэзияда Махамбет, Дулат, Мұрат, Албан Асан, Шортанбай жырлары қара өлеңді құнарландырып, оның ақыры Абайдай ренессанстық құбылыстың дүниеге келуіне ұласып, «ол өзі ғұмыр кешкен қоғамдағы қабындап тұрған қақтығыс-қайшылықтарды қаны сорғалаған қалпында шегіне жеткен шыншылдықпен көрсетіп берді».
Абай өте қиын, халықтың тағдыры шырғалаңға түскен, жаны күйзеліп, рухы әлсіреп, намысы тапталып, санасы дағда-
рысқа ұшыраған шақта өмір сүрді. Бұрынғы хан билейтін заманның дәурені аяқталып, ел арасынан сайланған аға сұлтандар шыққанымен, ондай тәртіптің де ғұмыры шолақ болып, қазақ даласы ұсақ-ұсақ болыстарға бөлшектеніп, билік тізгіні біржола уезд бастықтарының – патшаға қызмет еткен шенеуніктердің қолына көшкен еді. Патша өкіметінің отарлау саясаты елді аздырып, болыстардың билікке таласуын күшейтіп, ұлықтардың бассыздығын арттырып, парақорлыққа жол ашты. Бодандықтың қылбұрауы мойынға түсіп, отаршылдықтың озбырлығынан қазақтың елдігі қожырап, құндылықтар күйрей бастаған ғасыр тоғысында «адамзаттың бәрін бауырым» деп сүюге шақырған Абай сияқты ренессанстық құбылыстың қара түнектің астынан шыққан күндей жарқырап кенеттен пайда бола кетуі таңғалдырмай қоймайды. Дегенмен ежелгі грек заманында құлдық қоғам ширығып тұрған мезгілде классикалық өнер өркендегенін, Еуропада діни мистика дәуірлеп тұрғанда Ренессанс бүр жарғанын, неміс топырағын Наполеон солдаттарының табаны таптаған кезде классикалық философиясы мен өнері шарықтағанын, крепостниктік (құлдық) Ресей ХІХ ғасырдағы әдебиеті мен өнеріне «алтын ғасыр» деп айдар таққанын еске алсақ, қазақ жерінде де отаршылдықтың қамыты тарыла түскен алмағайып заманда «шығармашылығы – әдебиеттің, мәдениеттің ауқымынан асып түсетін, халқына қамқор, ұлтына жанашыр болам деп жүріп, күллі адамзатқа мейірбан гуманистік өреге көтерілген» Абайдай зор тұлғаның дүниеге келуі заңдылық-тын. Әйткенмен, басында еркі жоқ, қоршылыққа көніп, құлдыққа мойынсынған қауымның арасынан шыққан кемеңгер шығармаларының әлем әдебиетіндегі шоқтығы биік ақындардың туындыларына мүлде ұқсамайтын құпиясы көп. Алты алаштың ғана емес, әлем әдебиетінің контексінде алып қарасақ та Абайдың ақындық жолы да, өнердегі мұраты да ешкімге ұқсамайтын, ешкімді қайталамайтын – дара құбылыс.
Батыстың әлеуматтанушы-ғалымы Пьер Бурдье кез келген жазушының әдебиет алаңындағы қызметінің астарында төрт түрлі – экономикалық, әлеуметтік, мәдени және символдық капитал жинау мақсаты жататынын айтқан болатын. Алайда Абайдың ақындық қызметінен француз ғалымы көрсетіп берген белгілердің бірде-біреуін таба алмайсың. Себебі «Абай шығармашылығы күнкөріс қамын іздеуден (экономикалық), жоғары лауазым мен мәртебеге ие болудан (әлеуметтік), асқан білімпаздығы мен талантын дәлелдеуден (мәдени) және өз ортасынан даңқ, бедел жинау, басқаларға өзін мойындату (символдық) ниетінен мүлде алыс жатыр. Бұны Пьер Бурдьеге таныс емес шығармашылықтың жаңа бір түрі – суреткердің өз қоғамын терістеуден, әлеуметтік ортаның қарама-қарсы жағына шығып, оны аяусыз сынға алудан туындаған «психологиялық» капитал деуге болады» (Шәкір Ибраев).
Абайдың ақындық тұлғасының әлеуметтік себептері әлем әдебиетіндегі қаламгерлердің ешқайсына ұқсамайды, көркемдік жүйесін қайталамайды. Хәкім шығармашалығымен танысқанда ұлы ақынның әлеуметтік ортадан өзіне қандай да бір орын сайлап алуды көздемегені, өлеңді қоғамдық сананың белгілі бір деңгейіне, тобына лайықтап жазуды мақсат етпегені менмұндалап тұрады.
Атаққа ұмтылып, даңққа бөленіп, ақындықтың арқасында халыққа танылу, өнерді күнкөрістің қамына айналдыру, сөзді әлдекімдердің ыңғайына бейімдеп, пендешілікке салынып біреулердің мүддесін қорғап сөйлеуді ол жақтырмайды. Тырақы мақтангөйлікке, атаққұмарлық даңғазаға жиіркенішпен қарайды. «Пайда ойлама, ар ойла» Абайдың азаматтық ұстанымы, һәм ақындық кредосы да.
Шығармашылық қуаты жағынан салыстырғанда біз Абайды немістің Гетесі немесе орыстың Пушкинімен бір қатарға қойып, теңдестіріп жүрміз. Төл топырағындағы ренессанстық құбылыстың бастауы болған ұлы ақындардың үндестігіне жан-жақты үңілген Мұхтар Әуезов, Жұмағали Ысмағұлов, Айгүл Кемелбаева, т.б. мақалаларын немесе осы тақырыпты арнайы зерттеп, іргелі еңбек жазған Герольд Бельгер, Сауытбек Абдрахмановтың кітаптарын оқып шыққаннан кейін олардың әр қайсысының даралығын, бір-бірінің ойын толықтырып, оны дамыта түскен даналығын тани түсесің. «Абай поэзиясы Пушкин поэзиясымен табиғи туысқан болғанын» (М.Қаратаев) мойындап, «Абай мен Гете дүниетанымынан ұқсас жайттарды... адам баласы тіршілігіне ортақ мәңгі құбылыстарды» (Г.Бельгер) көптеп табасың. Дегенмен осындай ортақ белгілердің мол болғанына қарамастан Абайдың өнердегі салған соқпағы Гете мен Пушкиннің ақындығына мүлде ұқсамайтын және қайталамайтын – дара жол.
Халқының шексіз құрметіне бөленіп, мақтанышына айналған Гете мен Пушкиндер сөз өнерінің дертіне шалдығып қана қоймай, шығармашылықтың ләззатын татып, қуанышын да көрді. Жазған-сызғандары сиясы кеппей жатып әдеби журналдарда жарық көріп, шет тілдерге аударылып, атақтары дүркіреп, айдай әлемге танылды. Шығармашылық өмірде де олар дәл Абайдай тұйықталып, жалғыздықтың зардабын тартқан жоқ, талантын бағалап, олардың деңгейінде сөйлесе алатын Шиллер мен Гогольдей замандастары болды.
Ендеше, олардың жалғыздығын «Моласындай бақсының – Жалғыз қалдым тап шыным» деп күңіреніп, сырласарға мұңын ұғатын тірі жан таппай қиналып, қапаста адасып, тұйықта қарманған Абайдың ба-
сындағы жалғыздықпен салыстыруға бола ма? Өмірінің соңында үйінен қашып кетіп, жалған дүниеден түңіліп, жанына тірек іздеген Толстойдың тағдыры да дәл Абайдың жалғыздығындай қорқынышты емес.
Пушкиннің талантына патшаның өзі тәнті болып, құрметпен қарағаны белгілі. Император Николай 1826 жылы 27 жасар орыстың ұлы ақынымен жүздескен соң, граф Блудовқа «Бүгін мен Ресейдегі ең ғажап адаммен әңгімелестім» деген көрінеді. Ал өте білімді француз елшісі Барант болса, «ұлы ойшыл», «нағыз мемлекетшіл тұлға» деп оны мақтаған.
«Пушкиннің есімі аталғанда, ең алдымен орыстың ұлттық ақыны туралы ой басыңа келеді. Шын мәнісінде, бүгінгі ақындардың бірде-біреуі ұлт ақыны атанып, одан жоғары тұра алмайды, бұл орын тек Пушкинге ғана тиесілі», – деп Гоголь ағынан ақтарылғанда орыстың ұлы ақыны бар-жоғы 33 жаста-тұғын.
Толстойдың өз заманының білімді адамдарымен сырласып, сұңғылалармен пікір таластырып, халқының құрметіне, шығармашылығынан рухани ләззат алған миллиондаған ақжүрек, адал көңілдің сүйіспеншілігіне бөленгені өнердегі шәкірттері Иван Бунин, Максим Горький, Ромен Роланндардың еңбектері арқылы бізге жақсы таныс.
Гетенің қаламынан туған шығармалары түгіл, айтқан сөздеріне дейін қағазға түсіп хатталып қалды. Иоган Петер Эккерманның арқасында біз неміс ақынының өнердегі ұстаздары мен шығармаларының тарихын ғана емес, жұртқа беймәлім қандай құпия сырлары болғанына дейін білеміз.
«Менің осында келгеніме бірнеше күннің жүзі болды, бірақ бүгін ғана Гетемен кездесе алдым... Гётемен болған әңгіме маған қатты әсер етті, мен бұл күнді өмірімдегі ең бақытты сәттерімнің біріне жатқызамын», – деп жазыпты Эккерман 1823 жылдың 10 маусымында.
Мұндай шығармашылық ізет халықтың бас ақынына деген құрметі мәдениет деңгейіне көтерілген кезде ғана мүмкін бола алады. Өркениетке қол созған халықтардың бәрі үлгі алатын тағылымы мол мысалдар еске түскен сайын неміс пен орыстың өз ұлыларын тануы олардың көзі тірісінде басталып, біздің Абайды зерттеуімізбен салыстырғанда әлдеқайда кең әрі ауқымды болғанына көз жеткіземіз. Пушкин тақырыбына терең бойлап, жан-жақты үңілген әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахмановтың айтуынша, «Библиография произведений А.С.Пушкина и литературы о нем», 1938-1948 деген бір ғана жинақта ұзын саны 7 012 кітаптың, зерттеудің, рецензияның, мақаланың аты тіркелген. Көлемі ауқымды 747 беттік бұл кітап небәрі он жылды, оның өзінде елде баспа да көбейе қоймаған, газет-журнал да аз шығатын отызыншы, қырықыншы жылдардағы он жылды қамтығанын, оған облыстық, аудандық газеттердегі жарияланымдар енбегенін, ең бастысы – шет тілдердегі, Кеңес Одағының ұлт тілдеріндегі дүниелердің атымен сырт қалғанын ескерсеңіз, пушкинианың алапат ауқымын өзіңіз де аңғара аласыз.
Гете, Пушкин, Толстойлар туралы мәліметтер данышпандардың көзі тірі кезінде жинала бастағандықтан олардың кісілік кейіп-келбеті жөнінде айқын түсінік бар. Ал қазақ тарихында аты алтынмен жазылар Абай құсалықтан өлгенде, өз елі Тобықтыдан басқа қалың қазақтың көбі қандай ұлы адамынан айырылғанын білген де жоқ.
Аянышты болғанымен, білім сәулесін іздеп, кеудеде намыс отын тұтатуға әрекет еткен Абай ғұмырының мағынасы – үмітсіздің сергелдеңі емес. Хәкім шығармашылығын түсінерлік дәрежеге жетпегендер, ішкі сырына терең үңілмегендер, тылсым тұңғиығында жасырынған асылын таба алмағандар Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен тек жалғыздықтан шаршаған торығуды ғана көреді. Ал шын мәнісінде бұл әсте олай емес, қарайлап сөйлейтін адамын таппаса да, ұлы арманын іске асыратын мұрагері көзіне көріне қоймаса да Абайдың жалғыздығында күндердің-күнінде қазақ тағдырын өзгертетін, елдік сананы оятатын, әлеуметтік ортаны айықтырып, ізгілікке негізделген адам жанын нұрландыратын игі сәуле мол.
«Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді».
Бойында ғылым бар екенін ескермей, мезгілінен қолын кеш сермеген Абай өмір сүрген кезеңде отаршылдық құлдығында намысы тапталып, рухы құлдыраған қазақтың әлеуметтік дағдарысы шегіне жеткен-тұғын. Парасаты биік, білімі мол, танымы терең, ойы кемел, орыстан басқа, араб, парсы, шағатай, түрік, қалмақ тілдерін жақсы білген ұлы ақын халықтың елдігі қожырап, ұятсыздықтар белең алып, өсек, өтірік, мақтан тәрізді елді аздыратын жаман әдеттер өрттей қаулап тұрған шақта шығармашылықпен айналысты. Тап осы уақытта қоғамдық санада сілкініс туғызған Батыс пен Ресей әдебиетінде сан-алуан өзгерістер болып, сөз өнерінде түрлі сайыстар жүріп жатты.
Абай қолына қалам алған жылдары Англия, Франция, Германия т.с.с. мәдениеті гүлденген өркениетті мемлекеттерде романтизм дәуірі аяқталып, реалистік әдебиет шырқау шыңға көтерілді. Францияда тіпті, реалистік шығармаларға деген көңіл толмаушылық күшейіп, модернистік туындылардың пайда болуының алғышарттары жасалды. Орыс поэзиясы да басынан сан-алуан реформаны өткеріп болып, некрасов-феттік оппозиция әбден жік ажыратып, бағытын айқындап алды. Әйгілі крестьяндық эпопея («Кому на Руси жить хорошо?») мен атышулы етістіксіз өлең («Шепот, робкое дыхание») жазылды. Әдебиеттегі жетекші жанр – проза болып, сөзбен өрнектелмейтін тілсіз сезімдерді, тылсым түйсіктерді сөйлетемін деген француз ақыны Рембоның көзіне дыбыстың өзі бояу боп шалынып, шалық ұра бастады.
Батыстың озық өнерімен танысып, Еуропа елдерінің тілін үйренуге қатты ден қойған жапондарда да жаңа үлгідегі поэзия жасалып, жаңаша жазатын суреткерлер лек-легімен әдебиетке келді. Өнер, білім бар жұрттардың әдебиетін насихаттау қазақтарға ғана тән қасиет емес. Абайдың замандасы, жапондардың атақты жазушысы Фукудзава Юкити да сол кездері өз жеріндегі еуропалық идеялардың бірден-бір насихатшысына айналып алды. 1879 жылдары көптеген батысеуропалық роман жапон тіліне тәржімаланып, еуропалық әдебиеттің қағидаттары насихатталып, реалистік романдар дүниеге келіп, баспа ісі өркендеп, ұлттық көркем өнердің жаңғыру дәуірінің есігі айқара ашылды. Абай қырыққа қадам басқанда Еуропа мен Ресейде ғана емес, жапон топырағында да осындай мәдени төңкерістер болып, дүмпуі өзге елдерге жетіп жетті. Мұндай ұлы өзгерістер шығармашылық жолдағы мұратын іздеген Абайдай генийдің көңілін алаңдатпай қоймасы бесенеден белгілі еді.
«Қырықтағы Абайдың Өлеңге келуі – өзінің құдіретті тегеурінінен қаперсіз, тынық жатқан телегейдің оқыс теңселіп кеткеніндей, қорданың астында бұғып жатқан қоздаған шоқтың алапты айқара лап қойған алапат өртіндей орасан құбылыс... Абай шығармашылығының тосындығы мен өзгеше қуаты қазақ топырағында жаңа поэтикалық құнар мен оқырмандық қабылдау мәдениетінің қалыптасу процесін күрт жеделдетті», – дейді талантты сыншы Тұрсынжан Шапай.
Ұлттық шеңберде тұйықталып қалмай, әлемдік кеңістікке шығатын соны соқпақ іздеп, шығармашылықпен айналысқан азғантай уақыт ішінде қазақтың қара өлеңін мәдениеті гүлденген өркениетті елдердің поэзиясымен теңестірген Абайдан кейін қоғамдық санада сілкініс туып сөз өнерінің жаңа дәуірі басталды.
Амангелді КЕҢШІЛІК