Сыртқы саясаттағы аптаның басты оқиғасы Мемлекет басшысының Түркияға ресми сапары болды. Бұл тек Астана мен Анкараның саяси байланысының нығаюы емес, экономикалық архитектураны қайта құруға, көлік дәліздері мен энергетикалық қауіпсіздікті бірігіп шешуге, тең құқылы серіктестік орнатуға деген ортақ ниеттің, ортақ ұстанымның көрінісі деп бағалауға болады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Екі ел басшылары қазақ-түрік стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту бағыттарын талқылап, келіссөз жүргізді. Сауда-экономика, инвестиция мен мәдени-гуманитарлық бағыттағы байланысты бекемдеуге баса мән берілді.
Сондай-ақ Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 5-отырысы өтті. Оның қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы бірлескен декларациясы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің бесінші отырысының шешімі қабылданды.
Жалпы, осы сапар аясында үкіметаралық және ведомствоаралық 18 құжатқа қол қойылды.
Cаяси серіктестік пен сенім
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияны «түбі бір туысқан ел» деп атауы жай риторика емес, ұжымдық геосаясаттың аясында ортақ стратегиялық бағдар құруға дайындықтың алғышарты, ал Режеп Тайып Ердоғанның Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Екінші отаныңызға қош келдіңіз» деуі де тек саяси символика емес, геоэкономикалық серіктестікті бекемдеудің декларациясы сияқты әсер қалдырды.
Мемлекет басшысы Түркияның ежелден бауырлас, тамырлас және түбі бір туысқан ел екенін атап өтіп, ортақ тарихи және рухани құндылықтарға негізделген қазақ-түрік ынтымақтастығы кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухында тұрақты дамып келе жатқанына назар аударды.
– Біз осы сара жолды жалғастырып, өзара байланысты бүгінгіден де биік белеске көтеруге мүдделіміз. Өзіңізбен жаңа ғана шағын құрамда өткізген келіссөздерді жоғары бағалаймын. Біз ықпалдастығымызды кеңейтуге ниетіміз бар екенін тағы да бекемдей түстік. Оған біздің мүмкіндігіміз де, ынта-жігеріміз де жеткілікті. Екі елдің арасында ауқымды шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Атап айтқанда, алпыстан астам екіжақты шарттар мен келісімдер бар. Бүгін де бірқатар екіжақты келісімге қол қойылады, – деді Мемлекет басшысы.
Режеп Тайып Ердоған Қазақстанды Түркияның ең ірі сауда серіктесінің бірі деп атап, осы бағытта тағы да күш салуға мүдделі екенін жеткізді.
– Біз Қазақстанмен арадағы ынтымақтастыққа ерекше мән береміз. Бүгінде екі ел арасындағы байланыстар стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Осы оң серпінді сауда-саттық, қорғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдениет салаларында одан әрі тереңдетуді мақсат етіп отырмыз. Қазақстан – атамекеніміздегі ең ірі сауда серіктесіміз. Сауда айналымын 15 миллиард долларға жеткізу үшін жұмысымызды жалғастырамыз, – деді Түркия Президенті.
Былтыр екі елдің сауда айналымы 5 миллиард доллар болған. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Түркия нарығына кемінде 34 түрлі өнім жеткізуге дайын. Оның көлемі 1 миллиард долларға жуықтайды.
Тарихи дәліз – жаңа геосаяси белдеу
Транскаспий халықаралық көлік бағыты, яғни «Орта дәліз» осы сапардағы стратегиялық өзекке айналды. Бұл бағыт тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл түркі әлемінің Еуропаға шығатын қақпасы бола алады. Осы ретте Түркиямен бірлескен логистикалық хабтар – Ақтөбе, Ақтау, Алматы мен Шымкентте құрылатын орталықтар Орта Азияны жаһандық транзит кеңістігінің тең құқылы ойыншысына айналдыруы мүмкін. Қазақстан Президенті Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамытуға баса мән беріліп отырғанын жеткізіп, заманауи теміржол, құрлықтағы порттар мен жүк терминалдарын салуға және кеме өндірісіне түрік инвестициясын тартуға мүдделі екенімізді мәлімдеді.
– Көлік-логистика саласындағы байланысты күшейтуге мүмкіндік мол. Біз елдеріміздің стратегиялық тұрғыдан ұтымды жерде орналасқанын барынша тиімді пайдалануымыз керек. Қазір Еуропа мен Қытай арасында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Осы ретте, Транскаспий халықаралық көлік бағда-
рын, яғни, «Орта дәлізді» дамытудың мән-маңызы зор. Бұл – екі елдің мүддесіне сай келетін бастама. Қазақстан теміржолды жаңғырту, автокөлік жолдарын салу, сондай-ақ Каспий теңізінде кеме қатынасын жандандыру үшін инфрақұрылымды жетілдіру жұмысын қолға алды. Түрік инвесторларын осы жобаларға белсене қатысуға шақырамыз. Үкіметіміз Түркия кәсіпкерлеріне арнайы жеңілдіктер ұсынуға әзір, – деді Президент.
Тараптар энергетика саласының маңызына да арнайы тоқталды.
– Қазір Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы жылына 1,4 миллион тонна қазақ мұнайы Түркияға тасымалданады. Біз оның көлемін арттыру мәселесін талқыладық. Turkiye Petroleum компаниясының Қазақстан нарығында жұмыс істеуге ниеті бар. Біз мұны құптаймыз. Энергия көздерін әртараптандыру, жаңа электр стансаларын салу және басқа жобаларды жүзеге асыру үшін түрік компанияларының тәжірибесіне сүйеніп, инвестициялық мүмкіндіктерін пайдалануға мүдделіміз. Ірі жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Келіссөздер нәтижесі – 160 миллиард теңге инвестиция
Анкарадағы келісімдер нақты экономикалық мазмұнға да ие. Түркияның алдыңғы қатарлы компаниялары Қазақстанда медицинадан бастап агроиндустрияға дейін ауқымды жобаларды іске асыруға кіріспек. Бұл ретте, Президент басшыларын қабылдаған Орzax Group, Tiryaki Holding, S Sistem Lojistik мен YDA Holding сияқты компаниялар Қазақстан экономикасына кіруді көздеп отырған ірі ойыншылар.
Айталық, тек биологиялық белсенді қоспалар шығаратын зауытқа 40 млн доллар инвестиция тартылып, 500 адам жұмыспен қамтылады. Ал Ақтаудағы мультимодальді хаб өңірлік тасымалдаудың жаңа экожүйесін қалыптастыруы ықтимал.
Нақтырақ тоқталсақ, Orzax Group Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын зауыт салып, 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтуға ниетті. Бұл жобаға 40 млн доллар инвестиция салынады. Компания сондай-ақ ғылыми-зерттеу және инновация бағытын дамытуды көздеп отыр.
YDA Holding бір мезетте бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр: Түркістан, Астана және Петропавлда көпбе-
йінді ауруханалар құрылысын қолға алса, Астанадағы өндірістік паркін кеңейтіп, сэндвич-панельдер шығаратын зауыт салуды жоспарлауда. Сонымен қатар Ақтауда мультимодальді хаб құру арқылы көлік-логистика саласын күшейтпек.
S Sistem Lojistik компаниясы Ақтөбе халықаралық әуежайында логистика орталығын құру жобасын іске асырады. Бұл бастама «Қазпошта» серіктестігімен жүзеге асырылып, алдағы уақытта Алматы, Астана, Шымкент және Ақтауда кеңейтіледі.
Tiryaki Holding агроиндустрия саласына капитал салып, Астанада дәнді және бұршақты дақылдарды өңдейтін зауыт салмақ. Жоба қайта өңдеу өнеркәсібін технологиялық тұрғыдан ілгерілетіп, отандық агросаланы жаңғыртуға ықпал етпек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде 4 мыңға жуық түрік компаниясы жұмыс істейтінін, олармен бірлесіп, құны 6 миллиард доллар болатын бірқатар жоба жүзеге асырғанымызды жеткізді. Бұл жобалар энергетика, құрылыс, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, медицина, туризм секілді маңызды салаларды қамтиды. Қазақстанның Түркияға салған инвестициясының көлемі 2,5 миллиард доллардан асты. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Анкараға ресми сапары аясында түрік бизнес өкілдерімен жүргізген келіссөздердің нәтижесінде Қазақстанға 160 миллиард теңге инвестиция келетінін айтты.
Қорғаныс пен технология – сенімнің жаңа форматы
Президенттер келіссөз кезінде қорғаныс өнеркәсібіне ерекше тоқталып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның қорғаныс және әскери-техникалық бағыттағы жетістіктеріне назар аударып, Режеп Тайып Ердоғанды жақында IDEF 2025 халықаралық қорғаныс-өнеркәсіп көрмесінің сәтті өтуімен құттықтады.
Бұдан бөлек, келіссөзде IT-сектор, цифрлық индустрия, жасанды интеллект, сондай-ақ әскери өндіріс саласында ынтымақтастық туралы нақты жоспарлар айтылды. IT-технологияларды бірге дамыту мәселесіне айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы еліміздің аталған саладағы жетістіктеріне тоқталып, Қазақстан мен Түркияның IT саласындағы стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор мүмкіндік бар екенін мәлімдеді.
Мәдени-гуманитарлық дипломатия
Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара байланыс тек саяси немесе экономикалық деңгейде ғана емес, мәдени-гуманитарлық бағытта да тамырын кеңге жайып келеді.
Сапар аясында қазақ көшбасшысы Түркияның ең жоғары мемлекеттік марапатын алып, Ататүрік кесенесіне гүл қойды.
Одан бөлек, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы нақты жобаларға ерекше назар аударды. Бүгінде 12 мыңнан астам Қазақстан студенті Түркияда білім алып жатыр, Қазақстанда оқитын түрік студенттері мен оқытушыларының да саны артып келеді. Түркияның «Маариф» қоры елімізде екі мектеп ашпақ. Сонымен қатар Түркияның ең ірі жоғары оқу орындары – Гази университеті мен Медиполдың Қазақстандағы филиалдары ашылады. Атап айтқанда, Астана медицина университетінің негізінде Медипол университетінің бөлімшесі құрылып, жергілікті медицина мамандарын Түркиядағы жетекші клиникаларда даярлау мен қайта оқыту мүмкіндігі пайда болады.
Мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың тағы бір маңызды нәтижесі – Түркия азаматтарына Қазақстанда визасыз болу мерзімінің 90 күнге дейін ұзаруы. Бұл шешім туристік және іскерлік байла-
нысты арттыруға, сондай-ақ халықтар арасындағы аралас-құраласты күшейтуге зор мүмкіндік береді.
Президент Тоқаев білім мен ғылым – екі ел арасындағы достықтың алтын арқауы екенін, осындай қадамдар бірлігімізді бекіте түсетініне тоқталып өтті.
– Осындай игі бастамалар достығымызды бекемдеп, өзара сенімді арттырып, жаңа жетістіктерге жол ашады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әлемдегі ахуал да – күн тәртібінде
Екі ел Президенті әлемдегі ахуалға да назар аударды. Жоғары деңгейдегі саяси диалог пен халықаралық күн тәртібі мәселелері назарда болды. Қарулы қақтығыстар кезеңінде Қазақстан мен Түркияның бейбіт дипломатияға негізделген ұстанымдары үйлесіп тұр. Екі ел де – көпвекторлы саясат ұстанатын, шиеленістерді келіссөз арқылы шешуді жақтайтын елдер. Қазақстан Ресей мен Украина арасындағы қақтығыста бейтарап, бірақ теңгерімді көзқараста болса, Түркия – келіссөз алаңын ұсынған сирек ойыншылардың бірі. Бұл ортақ принцип – Түркі мемлекеттері ұйымының болашақтағы рөлін де анықтайды.
Қазақстан мен Түркия әлемдік саясаттағы бірлескен мүдделерін (БҰҰ, ислам ынтымақтастығы ұйымы т.б.) ескере отырып әрекет етуге уағдаласты.
Әлемдік БАҚ не жазды?
Қазақстан Президентінің Түркияға сапары туралы Түркия бұқаралық ақпарат құралдары, сондай-ақ халықаралық басылымдар жан-жақты ақпарат берді.
Жарияланған мақалалар ең алдымен екіжақты серіктестік, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастық тақырыптарын қозғады. Түркияның ақпарат құралдары сапардың маңызына, ынтымақтастықтың оң әсеріне, ортақ іс-шараларға басымдық береді. Ал еуропалық, халықаралық БАҚ нақты экономикалық және геосаяси деректерге назар аударып, БТЖ мен Орта дәліз сияқты транзиттік жоба жөнінде баяндады. Жалпы, шолулар мен ақпараттарды саралай келе, БАҚ-тан сапар екі ел үшін де маңызды әрі жемісті өтті деген риториканы байқауға болады. Мәселен, Reuters жемісті келісімдерге баса мән берілген сапар болғанын жазған.
Anadolu, DailySabah, Hürriyet Daily News, Yenisafak сияқты Түрік бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан мен Түркия арасындағы туыстық байланыс пен экономикалық ынтымақтастықты ерекше атап өтеді.
Мысалы, Yenisafak газеті Тоқаевтың Түркияның ақпараттық технологияларында бірлескен жобаларды дамытуға ерекше мән бергенін хабарлады. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия өзара құрметке негізделген ынтымақтастықта табысты екенін ерекше көрсетіп, Тоқаев қазақстандықтарды Түркияны Ердоған жеткізген «алтын ғасырға» жеткізгенін жазған.
Anadolu Ajansı мен Daily Sabah сияқты басылымдар экономикалық өсу көрсеткіштері мен сауда өсімі жайлы оң пікірлер жазды. Түркиялық агенттіктер мен газеттер Тоқаев пен Ердоған арасындағы бауырластық қатынасты, стратегиялық серіктестікті «жемісті» әрі «терең» деп сипаттады. Олар екіжақты сауда мен инвестиция өсімін, ортақ жобалардың маңыздылығын ерекше атап көрсетті. Сонымен қатар Түркия БАҚ-ында Тоқаевтың Қазақстанның IT және инновация салаларындағы ынтымақтастығы жайлы сөздері де кеңінен жазылды.
Еуропалық және халықаралық агенттіктер (Reuters, Hürriyet Daily News, Eurasianet) сапарды нақты, бейтарап, маңызды көрсеткіштерге мән бере отырып жазады. Мысалы, Reuters президенттер арасындағы келіссөздерде БТЖ құбыры бойынша мұнай тасымалын ұлғайту мә-
селесі сөз болғанын хабарлады. Hürriyet Daily News «Орта дәліз» жобасына, көлік желілеріне, халықаралық саудаға баса назар аударды. TimesCA аналитикасында сапардың аймақтық логистика мен теңгерімге ықпалы талқыланып, ресми бұқаралық ақпарат құралының берген мәліметтері мен екіжақты мүдделер сараланды. Екі ел мен бейтарап БАҚ арасындағы нақты сан көрсеткіштерінде айырмашылық байқалған жоқ.
Әлия Мұсабекова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азия зерттеулері бөлімінің бас сарапшысы:
Барлық форматта байланыс дамып келеді
– Түркия – Қазақстанның сыртқы саясаттағы басты әріптестерінің бірі. Бізді тарихи-мәдени ортақ тамыр ғана емес, стратегиялық мүдделер де байланыстырады. Соның нәтижесінде екі ел арасындағы ынтымақтастық екіжақты форматта да, көпжақты алаңдар аясында да жүйелі әрі оң қарқынмен дамып келеді. Қазақстан мен Түркия өздерін түркі әлемінің беделді мүшелері ретінде таныта отырып, Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде белсенді жұмыс атқарып келеді. Екі мемлекет те түркілік бірегейлікті нығайтып, көпвекторлы әріптестікті тереңдетуге мүдделі.
Қазақстан мен Түркия арасында берік құқықтық негіз қаланған. 2009 жылы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылып, 2012 жылы Жоғары стратегиялық ынтымақтастық кеңесі құрылды. Ал 2022 жылы қос ел «кеңейтілген стратегиялық әріптестік» туралы жаңа келісімге қол қойды. Бұл – екіжақты қатынастың жаңа деңгейге көтерілгенінің айқын дәлелі.
Әскери-саяси ынтымақтастық бағытында да әлеует зор. Биыл Қазақстан мен Түркия арасында әскери ынтымақтастық жоспары қабылданды. Ол әскери білім беру, тәжірибе алмасу, медициналық даярлық, бірлескен оқу-жаттығу және бітімгершілік шараларын, сондай-ақ қорғаныс өнімдерін бірлесіп өндіруді қамтиды. Бұған қоса, ұшқышсыз ұшатын аппараттар жасау, киберқауіпсіздік және терроризмге қарсы күрес бағытында да байланыс артып келеді.
Сондай-ақ Түркия – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Бұл ел Қазақстан өнімдерін сатып алатын елдердің үздік бестігіне кіреді. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 5 млрд АҚШ долларына жуықтады, оның ішінде 3,3 млрд доллары – Қазақстан экспортының үлесінде. Бұл – Қазақстан үшін сауда теңге-
рімінің оң сальдосын көрсетеді. Түркияға негізінен көмір, мұнай мен мұнай өнімдері, қорғасын, мыс, мырыш сынды металдар және ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталады. Ал Қазақстан Түркиядан жеңіл өнеркәсіп бұйымдарын, тоқыма, кілем, жабдықтар мен азық-түлік сатып алады. Әсіресе, түрік цитрустық жемістері, апельсин, мандарин мен лимонға деген сұраныс жоғары.
Түркияның экономикалық әлеуеті, келешегі зор. Мұны ескерген қос тарап екіжақты сауда айналымын 10 млрд долларға жеткізуді көздеп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін Қазақстан өз экспорттық тауарларының аясын кеңейтіп, Түркияға жаңа өнім түрлерін, мысалы, өндірістік жабдықтар, токарь станоктары, деректер сақтау құрылғылары мен мақта ұсынуға дайын.
Қорытындылайтын болсақ, Қазақстан Түркиямен арадағы қарым-қатынаста тепе-тең, салмақты әрі достыққа негізделген саясат жүргізіп отыр. Мемлекет басшысының Түркияға ресми сапары екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтып, сауда-экономикалық әріптестікті нақты мазмұнмен толықтыруға тың серпін бе-
реді.