Солтүстік Қазақстанда жүрегі тоқтап қалған науқас қайта тірілді

1 тамыз, 2025 / Інжу Әлихан
pkzsk.info

Петропавлда жедел жәрдем дәрігерлері 75 жастағы науқасты клиникалық өлімнен алып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

30 шілде күні түн ортасында Петропавл қаласындағы жедел медициналық жәрдем стансасына 75 жастағы ер адамның жағдайы нашарлағаны туралы шақырту келіп түсті. науқастың қан қысымы көтеріліп, қатты терлей бастаған.

Оқиға орнына жедел жеткен дәрігерлік бригада құрамында: дәрігер Артём Куделя, фельдшер Евгений Швецов және жүргізуші Ербол Қасымов болды. Олар небәрі 8 минут ішінде мекенжайға жеткен.

Дәрігерлер келгенде қария кеудесінде қатты ауырсыну барын айтып шағымданған. Тексеру барысында оған жедел трансмуральды миокард инфаркті диагнозы қойылған.

— Дәрігерлер ST сегментінің көтерілуімен жүретін жедел коронарлық синдром хаттамасына сәйкес шұғыл көмек көрсетті. Жағдайы біршама жақсарғанымен, науқасты кардиология орталығына жеткізу кезінде оның қан айналымы тоқтап қалды. Реанимобиль ішінде халықаралық ACLS стандартына сай жүрекке жанама массаж, Амбу қалтасы арқылы жасанды тыныс алдыру және кейін трахеяны интубациялау жүргізілді. Дефибриллятор мониторы жүрек соғысының электрлік белсенділігінің болмағанын көрсетті. Кейін шокты ырғақ пайда болған кезде дефибрилляция жасалды. Реанимациялық және интенсивті ем-шаралар нәтижесінде қан айналымы қалпына келіп, өздігінен тыныс алу басталды, — деп хабарлады жедел медициналық жәрдем орталығының мамандары.

Науқасқа вазопрессорлық қолдау көрсетіліп, ол әрі қарай мамандандырылған ем алу үшін кардиологиялық орталықтың дәрігерлеріне тапсырылды.

Тэгтер:

науқас Солтүстік Қазақстан