Танымал әнші Мирас Жүгінісов ағасы Рүстем Жүгінісов қоғамда резонанс тудырған пікіріне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Айта кетейік, бұған дейін Рүстем Жүгінісов желіде «Әйелдер мешітке күйеуімен немесе бауырларымен баруы керек. Мешітке барған қыздарды "бай іздеп жүр" деп ойлайды» деген еді.
Мирас Жүгінісов өзінің жеке көзқарастары мен ойы отбасындағылармен сәйкес келе бермейтінін айтты.
«Соңғы күндері ағамның айтқан пікірі қоғамда үлкен резонанс тудырып, кейбір жандардың көңіліне тиіп жатыр. Ол өз ойын білдірген жеке тұлға. Мен өз жолым, өз ұстанымым бар адаммын
Мен отбасымның әр мүшесін құрметтеймін, бірақ олардың жеке көзқарастары менің ойыммен әрдайым сәйкес келе бермейді. Сол үшін де кейбір кезде мәселелер туындайды. Оларды осылай айтып отырамын деп ойламадым. Не айтқым келгенін сіздер түсініп отырсыздар деп ойлаймын…», – деп жазды әнші Мирас Жүгінісов.
Сондай-ақ өнер иесі аталған жағдайға қатысты көпшіліктен кешірім сұрады.
«Жалпы, менің шығармашылығым махаббат, адамгершілік және құрмет жайлы. Сондай-ақ әндерімнің көбісі нәзік жандыларға арналған. Өйткені, әйел жанының бұл өмірде орны мен үшін ерекше.
Сондықтан, бұл жағдайдан көңілі қалған барша жаннан кешірім сұраймын . Сіздердің сенімдеріңіз мен үшін өте маңызды», – деп қосты ол.
Еске сала кетейік, Ақтөбедегі «Нұр Ғасыр» мешітінде орамал таққан бойжеткенге белгісіз ер адам интимдік ұсыныс айтып, «бір реттік неке» ұсынған. Бұл жайт қоғамда қызу талқыланып, үлкен наразылық тудырды.
Осыған байланысты пікір білдірген Рүстем Жүгінісов сына қалған болатын.
«Әйелдің мешіті – оның үйі. Ер адамдар мешітте намаз оқығаны дұрыс болса, әйелдерге үйде оқығаны абзал. Өздеріңізден де бар. Қарындасымыз да мешітте жалғыз өзі жүрген. Көшеге шықсаңыз ағаңызды немесе ініңізді ертіп алыңыз. Мешітке барған қыздарды "бай іздеп жүр" деп ойлайды. Қарындасымыздың былай-былай шығып жүргені дұрыс емес», – деді Р. Жүгінісов.