39 жастағы Құрық ауылының тұрғыны Ерлан Шонтабаев Ақтау маңындағы демалыс аймағында суға батып бара жатқан адамдарды құтқарамын деп өзі батып кетті, деп хабарлайды turkystan.kz сайтым Lada.kz-ке сілтеме жасап.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Ерлан сол күні достарымен бірге теңіз жағасында демалып жатқан. Олар алкоголь пайдаланбаған. Жақын маңда екі қыз және екі жігіттен тұратын басқа бір топ демалушылар болған. Шомылып жүрген кезде қыздардың екеуі суға бата бастаған. Оларды құтқаруға достарының бірі секірген, екіншісі көмекке шақырып айқайлаған.
Айқай дыбысын естіген Ерлан еш ойланбастан суға секіріп кеткен. Ол екі қызды аман алып шыққан. Бірақ кейін суға батып бара жатқан жігітті құтқармақ болғанда, екеуі де суға кеткен.
Ерланның артында жары мен бес баласы қалды. Ең кішкентайы небәрі 3 айлық.
Кеше Құрық ауылында марқұмды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Жақындары, достары, көршілері қоштасуға жиналды. Құтқарушылар отбасына көңіл айтып, Ерланның ерлігі үшін алғыс хатын табыстады.
Маңғыстау облыстық ТЖД мәліметінше, ерлігі мен жанқиярлығы үшін Ерлан Шонтабаевтың отбасына департамент басшысы Мұрат Мұхановтың атынан алғыс білдірілді.
Құтқарушылардың айтуынша, оқиға орнына жеткенде, суға екі ер адамның батып кеткені анықталған. Олар суға батып бара жатқан екі қызды құтқаруға тырысқан. Абырой болғанда, қыздар өз бетімен жағаға шығып, жағдайлары қазір қанағаттанарлық. 1986 жылы туған ер адамның денесі жағадан 10 метр қашықтықтан табылып, жағаға шығарылған. Ал 2001 жылы туған екінші марқұмның денесі түнгі сағат 00:05 шамасында 1,5 метр тереңдікте, жағадан 10-15 метр жерде табылған.