Ұлттың жаңа болмысы: Бірегейліктің бүгінгі бейнесі мен болашағы

31 шілде, 2025 / Інжу Әлихан
Егемен Қазақстан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдан бері жүргізіп келе жатқан саясаты терең әлеуметтік, экономикалық және саяси өзгерістерге негіз болды. Барлық салада қайта қалпына келтіру, санаға өзгеріс енгізу арқылы жаңа саяси шынайылық қалыптасты. Солардың басында ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы бастамасын айтуға болады. Бұл туралы Парламент сенатының депутаты, академик Дархан Қыдырәлі «EGEMEN QAZAQSTAN» газетінде жариялаған мақаласында жазды.

Әрине, Мемлекет басшысы қолға алған өзгерістердің мақсаты реформа­лардың өзі үшін ғана емес, оның басты нәтижесі – ұлттың сапасын арттыру, Әділетті Қазақстан құру. «Барлық салада әділдік болса, әлеуметтік теңдік орнайды, татулық пен келісім нығая түседі», деген Президент әділдік қағидасын қатаң ұстанып келеді. Бұл бағытта баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті саяси жүйе орнықтыратын, экономикалық, әлеуметтік әділдік­ті қалыптастыратын ізгі бастамаларды жұртшылық жақсы біледі.

Осы ретте іргелі реформалардың жа­һан­дық даму циклінің өзгеруі контексінде жүріп жатқанын айта кеткен абзал. Біз Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан әлемдік тәртіп пен жүйенің ауқымды трансформациясын бастан өт­керіп отырмыз. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегендей, мұндай өзге­ріс­тер ғасырда бір қайталануы мүмкін. Ғаламдық сипаттағы технологиялық, эконо­ми­ка­лық, геосаяси және мәдени өзгерістер мемлекеттерге, ұлттарға деген қысымды есе­леп арттырып отыр. Осындай геосаяси аумалытөкпелі шақта саяси өзгерістерді жасау аса қиын екені мәлім. Сондықтан қазіргідей құбылмалы заман құбыладан жаңыл­мас үшін ұлт және мемлекеттің бір­ле­сіп икемделуін, қоғам мүшелерінің бір-біріне сенуін талап етеді. Қоғамның мемлекетке, мемлекеттің қоғамға сенім білдіруі маңызды. Әділет, адалдық, мейірім секілді құндылықтар болмаса, сенімнің де болуы мүмкін емес. Сол себепті қазір елімізде сенім мен әділетке сүйенген жаңа қоғамдық келісім қалыптасып жатыр.

Осындай тектоникалық өзгерістер контексі және саяси қалпына келтіру әсе­рінен азаматтарда жаңа мән-мағы­на­ларға деген үлкен сұраныс туындап отыр. Бұл сұраныстардың басты өзегі – «Мен кіммін? Біз кімбіз? Біз қайда барамыз?» деген сияқты ұлттық бірегей­лік­ті қалыптастыратын сұрақтар екені белгілі. Біздің әр ғасыр сайын, тіпті әр онжылдық сайын жоғарыдағы үш сауалды өзімізге қайталап қойып отыруымыз қажет. Өйткені ұлттың болмысы, мінез-құлқы, дүниетанымы әр кезеңде уақыт пен тарих қойып отыратын мәселелер мен сауалдарға қарай бейімделуге тиіс. Біздің ортағасырлық сананың орманында отырып, яки ХХ ғасырдың жол жиегінде тұрып болашақты көре алмасымыз – басы ашық нәрсе.

Өткенге аз-кем шолу жасасақ, тарихи маңызды өзгерістерде осы өзекжарды сауалдардың жауабын іздеу адамзаттың табиғи әрі іргелі сұранысы екенін көреміз. Мәселен, революция­дан кейінгі Францияда патшалар басқара­тын монархияға қарсы тең азаматтар – француздар құрған Республика идеясы жеңіс­ке жетті; азаматтық соғыстан кейінгі қытайлық бірегейліктің қалыптасуын да осы қатарға қоса аламыз; сол сияқты «XXI ғасырдағы америкалық кім?» деген сұрақ та  – осы табиғи сұраныстың нәтижесі. Мұндай сұраныстар ұлтты ұйыстырады, оның жаңа сапалық болмысы мен бірегейлігін қалыптастырды. Сондықтан Президент­тің іргелі бастама­лары ішінде Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымы – жаңа заманға сай туындаған ілкімді ізденістер. Бұл туралы Мемлекет басшысы «Еліміздің болашақтағы бейнесі сан қырлы, оны әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Алайда оның негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болады. Бұл үшеуі бір-бірінен бастау алады және өзара тығыз байла­нысты», деп атап өткені белгілі.

Тэгтер:

депутат Президент Дархан Қыдырәлі Сенатор