Жаңалықтар

Биыл 280 ұйым сатуға шығарылады

ашық дереккөзі

Биыл 280 ұйым сатуға шығарылады

Үкімет жекешелендіру бағдарламасын қайта қарап, жаңа кестені мақұлдады, – деп хабарлайды Астана арнасы. Биылғы жылы елімізде  280 ұйым, ал 2018 жылы 84 ұйым сатуға шығарылмақ. Ұлттық экономика министрі 2020 жылға дейін 8 ірі нысанның халықтық IPO-ға ұсынылатынын мәлімдеді. Олардың арасында «Эйр Астана», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазмұнайгаз» сынды алпауыт компаниялар да бар. Кеше өткен Үкімет отырысында министрлер кабинеті жекешелендіруге жататын нысандарды тағы бір пысықтап, бағдарламаны қайта бекітті. Сөйтіп 6 мыңнан астам ұйымды мемлекеттік меншік ретінде сақтап қалу ұсынылды. Олардың 88 пайызы әлеуметтік нысандар. Ұлттық экономика министрі 243 мекемені таратқан дұрыс екендігін алға тартты. Министрдің айтуынша, жекешелендірудің кешенді бағдарламасына 137 ұйым қосылған. Барлығы жекешелендіруге 879 ұйым жатады. Оның ішінде 68 ірі компания бар. «Мемлекеттік комиссияның отырысынан соң 1 сәуірдегі жағдай бойынша кестелер қайта бектілді. Енді 2017 жылы 325,  2018 жылы 61 ұйым сатылымға шығарылады. ТОП-64-тің 22 активін оның ішінде республикалық меншіктегі 8 компания мен «Самұрық-Қазына» қорының 14 компаниясын өткізу бойынша шешімдер қабылданды», – дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов. 2019-2020 жылдары еліміздің «Эйр Астана», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақтелеком», «ҚазМұнайГаз», «Қазпошта», «Самұрық-Энерго», «Қазақстан темір жолы», «Тау-Кен Самұрық» сияқты 8 ірі активін IPO/SPO-ға шығару жоспарланып отыр. «Самұрық-Қазына» қорының басшысы жекешелендіру бағдарламасының кестеге сай жүріп жатқанын айтты. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, 8 компанияны шетелдіктер сатып алуға дайын. Сонымен қатар ол активтерге деген қызығушылықты арттырудың жаңа амалын ұсынды.  «Жекешелендуріге мемлекеттік жеке серіктестік механизмін енгізуді ұсынамыз. Әңгіме негізінен Ақтөбе, Атырау және Павлодар әуежайлары сияқты нысандарды жекешелендіру туралы болып отыр. Егер үкіметтің қаулысы болса, біз министрліктермен осы бағытта жылдам жұмыс істер едік», – деп атап өтті  «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев.