Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің соңғы ардагерлерінің бірі, Ұлы Отан соғысының ардагері Мұса Томанов 99 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәлімдеді.
«Мұса Томанов 1926 жылдың 16 желтоқсанында дүниеге келген. Ол соғыс жылдарындағы ауыр сындардан өтіп, ерлік пен табандылықтың, Отанға деген адалдықтың жарқын үлгісін көрсетті. Соғыстан кейін бейбіт өмірге оралып, ол өзін адам денсаулығын қорғауға арнады.
Ол өмірінің 35 жылдан астам уақытын обаға қарсы станцияда қызмет етуге арнап, аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы күресте үлкен ерлік пен жанқиярлық танытты. Басқалардың өмірі мен амандығы үшін күн сайын қауіп-қатерге қарамай еңбек етті.
Оның адамгершілігі, кәсіби біліктілігі мен қызметіне деген адалдығы онымен бірге еңбек еткендердің жүрегінде мәңгі сақталады.
Мұса Томановтың жарқын бейнесі жадымызда мәңгі қалады.
Марқұмның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз, қайғыларыңызға ортақпыз», - делінген хабарламада.