Ресейдің Санкт-Петербург қаласында шетел азаматтарына такси жүргізуге тыйым салынды

29 шілде, 2025 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Санкт-Петербург губернаторы Александр Беглов 2025 жылдың аяғына дейін патентпен жұмыс істейтін шетел азаматтарына такси жүргізуге тыйым салды, деп хабарлайды turkystan.kz rbc.ru-ға сілтеме жасап.

Жаңа қаулыға сәйкес, такси қызметін ұсынатын компаниялар алдағы үш ай ішінде патентпен жұмыс істейтін мигранттарды жұмыстан шығарып, олардың орнына басқа қызметкерлерді қабылдауға тиіс. Қаулы жеке тасымалдау және жүргізушісі бар автокөлік жалдау (ОКВЭД) қызметтерімен айналысатын компанияларға қатысты.

Ресми мәлімдемеде бұл шешім такси қызметтерінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ Ресей азаматтары үшін жұмыс орындарын көбейтуге бағытталғаны айтылған. Қаулы 10 күн ішінде күшіне енеді.

Бұған дейін Санкт-Петербург билігі патентпен жұмыс істейтін мигранттарды тек такси ғана емес, жеткізу қызметтерінен де шектеуді жоспарлаған болатын. Курьерлік қызмет өкілдерінің айтуынша, мұндай шектеулер енгізілген жағдайда қалада курьерлердің еңбекақысы еліміз бойынша ең жоғары деңгейге жетуі мүмкін, ал жеткізу бағасы екі есе қымбаттауы ықтимал. Такси тарифтері 10–50% аралығында өсіп, көлік күту уақыты да артады деп болжанып отыр.

Айта кетейік, мұндай шектеулер бұған дейін Ресейдің басқа өңірлерінде де енгізілген. Мысалы, Нижегород облысында патентпен жұмыс істейтін мигранттарға курьер, дәрігер, қоғамдық тамақтану саласының қызметкері болып жұмыс істеуге тыйым салынса, Ямалда олар үшін көлік саласында жұмыс істеуге шектеу бар.

Санкт-Петербург вице-губернаторы Игорь Потапенконың мәліметінше, 2024 жылы қаладағы тіркелген мигранттар саны 60% азайған. Қазір қалада шамамен 210 мың мигрант тұрып жатыр, оның ішінде 21 мыңдайы – балалар. Бұл азаюды ол құқық қорғау органдары тарапынан бақылаудың күшеюімен байланыстырды.

Патент – ЕАЭО құрамына кірмейтін елдерден (мысалы, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Молдова) келген еңбек мигранттарына Ресейде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ресми құжат. Оның әрекет етуі үшін ай сайын 6000 рубль көлемінде аванс салығын төлеуге тиіс. Алайда сарапшылардың айтуынша, такси жүргізушілерінің көбі бұл патентсіз жұмыс істейді.

Тэгтер:

Ресей Такси шетел азаматтары Санкт-Петербург мигранттар