Алматыда бірнеше жасөспірімнің масаң күйде жатқан видеосы әлеуметтік желілерде тарап кетті, деп хабарлады turkystan.kz.
Бейнежазба авторының айтуынша, балалардың жағдайы нашар болған. Жанашыр әйел оларға су сатып алып беріп, жедел жәрдем шақырған.
«Ата-аналар қарап отырсын, балаларына көңіл бөлсін. Бұл – өте қорқынышты жағдай. Бүгін Арбатта алты жасөспірімді көрдім. Олар бірдеңе ішкендерін мойындады, бірақ арақ иісі мүлде жоқ, мас та емес сияқты», – деді оқиға куәгері.
Видеоға қатысты Алматы қаласының балалар омбудсмені Диана Ерлан пікір білдіріп, жасөспірімдердің полиция басқармасына жеткізілгенін хабарлады,
«Екі бала қалалық балалар ауруханасына жеткізілді (ішімдікпен улану белгілерімен), қалғандары медициналық тексеріске жіберілді. Болған жағдайдың толық мән-жайын полиция анықтап жатыр. Жиналған материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жіберіледі. Екі жасөспірім – Алматы облысының тұрғындары», – деді ол.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, алкогольдік улану жағдайындағы бес жасөспірімге дер кезінде медициналық көмек көрсетілген.
«Қоғамдық орында мас күйінде жүру және ата-ана ретінде міндеттерін орындамау деректері бойынша жасөспірімдер мен олардың заңды өкілдеріне қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды. Қазіргі уақытта тексеріс жүргізіліп жатыр. Жасөспірімдердің қалай алкоголь тұтынғаны, кіммен бірге болғаны және спирттік ішімдікті қайдан алғаны анықталып жатыр», -делінген жазбада.
Полиция кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен тәртібі үшін бірінші кезекте ата-аналар жауапты екенін ескертеді.