Қазақстанда әйелдер арасында кең таралған 5 ауру анықталды

Бүгін, 11:46 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қазақстанда әйелдер көбінесе жүрек-қан тамырлары, онкологиялық және тыныс алу жүйесі ауруларына шалдығады, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.

Денсаулық сақтау министрлігінің BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген мәліметінше, еліміздегі әйелдер арасында ең көп таралған аурулар бес негізгі топқа бөлінеді:

1. Жүрек-қан тамырлары аурулары

Жүрек-қан тамырлары патологиялары – 50 жастан асқан әйелдер арасындағы өлім-жітімнің басты себебі. Ең жиі кездесетіндері – артериялық гипертензия, ишемиялық жүрек ауруы және инсульт.

2. Онкологиялық аурулар

Әйелдер арасында ең жиі кездесетін қатерлі ісік түрлері – сүт безі мен жатыр мойны обыры. Министрлік дер кезінде диагностика жасау және профилактикалық тексерулер қатерлі ісік қаупін төмендетіп, ауруды ерте анықтауға көмектесетінін атап өтті.

3. Тыныс алу жүйесі аурулары

Созылмалы обструктивті өкпе ауруы (СОӨА), бронхиалды астма және басқа да респираторлық патологиялар Қазақстан әйелдері арасында жиі кездеседі.

4. Тірек-қимыл аппараты аурулары

Остеопороз және артрит негізінен егде жастағы әйелдерге тән. Бұл аурулар қозғалысты шектеп, өмір сапасын төмендетеді.

5. Психикалық бұзылыстар

Психикалық денсаулықтағы ең жиі кездесетін проблемалар – депрессия және үрейлі күй. Министрлік гормоналды өзгерістер мен стресске төзімділіктің төмен болуы осы жағдайлардың дамуына ықпал ететінін атап өтті.

Жас ерекшеліктеріне байланысты аурушаңдық

30 жасқа дейін – гинекологиялық аурулар, инфекциялар және репродуктивтік жүйе патологиялары жиі кездеседі.

30–50 жас аралығында – жүрек-қан тамырлары аурулары мен онкология қаупі артады.

50 жастан кейін – онкология, жүрек аурулары және тірек-қимыл аппаратының аурулары жиі анықталады.

Тэгтер:

денсаулық Әйел дерт ауру