Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына қастандық жасау ісі бойынша алдын-ала сот отырысы басталды, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.
21 сәуірде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары әкімдік ғимаратының жанында жарақат алды. Ол ауруханаға жеткізіліп, ота жасалды. Екі аптадан кейін ауруханадан шығарылды.
Күдікті Ернар Жиенбай, бұрын «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директорының міндетін атқарған, оқиға орнында ұсталды.
Соттың баспасөз қызметі хабарлағандай, айыпталушы Ернар Жиенбай екі бап бойынша жауапкершілікке тартылуда.
— Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Жиенбайға қатысты қылмыстық іс түсті. Ол ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі («Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу») және 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша айыпталуда, — деді баспасөз қызметі.