Полиция: Банк картасын үшінші тұлғаға бергендер жауапкершілікке тартылады

Бүгін, 10:17 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Ішкі істер министрлігі дербес деректерді қорғауға және қаржы қызметі саласындағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған ҚР қылмыстық заңнамасындағы маңызды өзгерістер туралы ескертті, деп хабарлады turkystan.kz.

Қылмыстық кодекстің жаңа 232-1 бабында өзінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергені үшін, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесі үшін я болмаса пайданы көздеп, төлемдер немесе ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.

Алаяқтар берілген деректерді қылмыстық кірістерді қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады.

Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді.

Есіңізде болсын: жеке және банктік деректер жай ғана ақпарат емес, бұл сіздің мүлкіңіздің, қауіпсіздігіңіздің және заң алдындағы жауапкершілігіңіздің кілті.

ІІМ ұсынады: ешқашан банктік деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз; картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы "оңай ақша табуға" келіспеңіз; күдік туындаған жағдайда банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.

 

Тэгтер:

Полиция банк дерек ІІМ карта