Ақсай шатқалы өртеніп жатыр

27 шілде, 2025 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ТЖД

Алматы облысы Қарасай ауданында Ақсай шатқалы өртеніп жатыр, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

Өрт Көклайсай саяжайлары ауданында болды. Өрттің ауданы анықталуда. Зардап шеккендер жоқ.

"Жақын маңдағы саяжай учаскелерінің тұрғындары алдын ала эвакуацияланды. Қазіргі уақытта тұрғын үйлер мен іргелес аумақтарға өрттің таралу қаупі жойылды", - дейді ведомство.

Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД, Алматы қаласы әскери бөлімінің күштері мен құралдары, сондай-ақ мемлекеттік ұлттық табиғи парк қызметкерлері дереу жіберілді. Барлығы 100- ден астам адам мен 16 бірлік техника жұмылдырылды.

"Өрт сөндіру жергілікті жердің күрделі рельефімен және ауа райы жағдайларымен күрделенуде, алайда өртті жою жұмыстары жалғасып жатыр", - дейді өрт сөндірушілер.