Алматыда сауда орталығынан өрт шықты

26 шілде, 2025 / Нұрлан Әлинұр
Фото: ТЖМ

Алматы қаласының Әуезов ауданында орналасқан екі қабатты сауда орталығының екінші қабатында өрт шықты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Өрт сауда үйінің екінші қабатындағы екі бутиктен басталған. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшесі келген сәтте ғимарат терезелерінен қою қара түтін шығып жатқаны байқалған.

ҚР ТЖМ дерегінше, өртті сөндіруге министрліктің жеке құрамынан 57 адам және 15 техника жұмылдырылды.

- Құтқарушылардың жедел және үйлесімді әрекетінің арқасында жалынның көршілес бутиктерге таралуына жол берілген жоқ, - деп жазды ведомстводан.

Өрт толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.