Биыл қазақтың тұңғыш бард-композиторы Табылды Досымовтың өмірден озғанына он бес жыл. Кеше ғана арамызда жасындай жалтылдап жүрген таланттың жоқтығына көңіл құрғыр әлі сенбейді. Әйтсе де, есімінің ел жадында екеніне, өнерінің өлмес ғұмыры басталғанына шүкіршілік етесің.
«Бірге жүрген жігіттер күні кеше, Бірі ескерткіш болып тұр, бірі – көше...», немесе «Орнатар деп ескерткіш халқым бірде, Ойладың ба жас дәурен, сал күндерде?». Осының бәрі риясыз көңілден шығып, бүгінде шындыққа айналған шумақтар.
...Сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдардың ортасынан бастап КазГУ қалашығын Табылды Досымовтың әндері тербеп тұратын. Табыл әндерінің алғашқы тыңдармандары әлбетте, бесінші жатақхананың студенттері болатын.
Кетсем бе деймін бала боп,
Шабады көңіл шалғайға.
Қайда сол КазГУ городок,
Алматы қайда, ел қайда? -
деген көпшілікке белгілі өлең жолдары 1984 жылдың 27 шілдесінде Германияда қағазға түскен екен. Оған менің қолымдағы сарғайған солдат хаттары дәлел.
Осы күні ел аузында жүрген «Сәйгүлік», «Ұнатамын мен сені», «Биіктік» және тағы да басқа ондаған туындысының көбі сол студент қалашығында туып, кейін қазақ даласына кең тарап кетті.
Табылдының шығармашылығын насихаттауда үлкен жүректі азамат, өнердің жа-
нашыры, өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер Бижан Қалмағамбетовтің еңбегі зор. Ол 2012 жылы Т.Досымов атындағы республикалық қоғамдық қор құрып, содан бері қыруар жұмыстарды атқарып келеді.
Тәкеңнің ән кештерін Қазақстанның басты қалаларынан бөлек Мәскеуде, Қытайда, Монғолияның Баян-Өлгий аймағында, Стамбулда өткізді. Бард-композитор атындағы байқау, фестивальдерді ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырды.
Соның арқасында өнердің осы саласында бір топ талапты жастар пайда болып, қазір Табылды мектебі қалыптасты деуге болады. Оған Атырау қаласында, М.Өтемісов атындағы облыстық драма театрында өткен Табылды әндерінің «Биіктік» атты концертінде анық көзіміз жетті.
Жастар жағы Табылды Досымовты негізінен асқақ рух алдаспаны, махаббат жыршысы деп біледі. Биыл өнерпаздың өзі оқыған КазГУ қалашығында, әйгілі 5-жатақхананың алдында бір ескерткіш-белгі қо-
йылса, оны университет басшылығы қолдаса деген ұсыныс айтқанбыз. Енді сол ұсыныс жерде қалмаса екен тілек бар.
Осы күндері жер-жерде Табылды До-
сымовты 60 жылдығына орай әртүрлі, бір-біріне ұқсамайтын іс-шаралар өтіп жатыр. Мысалы, мамыр айында Т.Досымовты еске алуға арналған еркін күрестен республикалық ашық турнир мәресіне жетті. Жасөспірім Табылдың кезінде бозкілемде Атыраудың намы-
сын қорғағанын біреу білер, біреу білмес. Сондай-ақ облыстық көркемсурет және қолданбалы өнер музейінде қылқалам шеберлерінің «Кенептегі асау тағдыр» атты көрмесі ұйымдастырылды. Онда ақынның шығармашылығы суретшілер көзімен әдемі бейнеленген.
Ал 12-13 шілде күндері Астана қаласындағы Ә.Мәмбетов атындағы театрда бард-ақынның шығарамалары негізінде жазылған «Сәйгүлік» музыкалық драмасының премье-
расы аншлагпен өтті.
Өз басым өнер зерттеушісі емеспін, бірақ қарапайым көрермен ретінде бір-екі пікірімді айта кетейін. Басты кейіпкерді сомдаған актерді режиссер жазбай танып, таңдаған. Жүріс-тұрысы, нар тайлақтай түр-тұлғасы айнымайды. Ең бастысы, Табылдың әндерін нәшіне келтіріп орындай алды. Кейде Табылдың өз даусы ма дейсіз. Бұдан бөлек, театр актерлері бард әндерін құлпыртып, бірнеше дауыспен айтқанда зал аямай қол соғып отырды.
Кішкентай ғана штрих, сол қойылым барысында Табыл екі жерде қыз баланың бетінен емес, маңдайынан сүйеді. Өмірде де ол дәл солай жасайтын. Оған достарымыз куә. Жылдар бойы көрмей шұрқұраса кездескен уақыттың өзінде ол Арманның жары Махаббаттың, менің жұбайым Раяның немесе Болаттың Қарлығашын маңдайынан ғана сүйетін. Жалпы, бұл біз жоғалтып алған қазақтың жақсы сырбаз, сыпайы дәстүрі ғой.
Және бір өкінішті жайт, Табылдың лирикалық, сезімге толы, ойнақы әндері кеңінен насихатталмай келеді. Елдің айтып жүргені көбінесе арқаны қоздырып, намысты қайрайтын отты әндері.
2015 жылы Алматыда Табылдың 50 жылдығына арналған керемет кеш өтті. Сол кеш басталмай тұрғанда қазақтың классик ақыны Есенғали Раушанов Тәкеңнің әндеріне екібастан, одан бұрын оның поэзиясына жоғары баға беріп еді. Ендігі жерде жастардың басын қосып, Табылды Досымов оқуларын өткізсе, қанеки.
Ол үш өнердің – ақындықтың, сазгерліктің және әншіліктің басын бір жерге қосып, ұштастыра білді. Сөйтіп, тыңнан түрен салып, өлмес өнер қалдырды. Табылдың Феномені де шамасы осы болу керек.
Елінде оған еңселі ескерткіш орнатылды. Бейітінің басында өзі жырлаған биіктіктің символы қыран құстың мүсіні мен алып мазары алыстан менмұнадалайды. Шындап келгенде Табылды Дендерде емес, халық жүрегінде жерленген перзент, демек оның Пантеоны да сол жерде!
Ең алдымен ел-жұртын, халқын ойлар
Туады әлі, туады ҰЛ алтын айдар!
Есімдері ерлердің сақталатын
Ел жүрегі дейтұғын ПАНТЕОН бар!
Сол ПАНТЕОН ешқашан шөп
баспайтын
Ал қалғаны бос тірлік боққа аспайтын!
Сөз басында сарғайған солдат хаттары туралы жазғанмын. Атырауға барған сапарда Табылдың еш жерде жарияланбаған өлеңі мен өз қолымен қағазға түсірген бірнеше әндерінің мәтіндерін отбасына табыс еттім. Мүмкін ертең музейі ашылып жатса бір бұрышынан орын табылып қалар...
Ә.Смайылов