Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, халық жазушысы, ақын, драматург, сазгер Исраил Сапарбай 85 жасқа қараған шағында көз жұмды. Қазақ поэзиясын жаңашыл туындылармен байытқан Исраил Сапарбайдың өмірден озуы – халқымыз үшін, әдебиетіміз үшін орны толмас орасан қаза. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол мұра қалдырған оның жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Жүрегі жылы, жаны жайсаң жанның, ұлтқа, әдебиетке адал қызмет еткен тұлғаның артында мол мұрасы, өшпес ізі қалды. Қазақ сөз өнерінің белді өкілінің қазасына қайғырып, қалың оқырман қауымға, марқұмның әулеті мен туған-туыстарына көңіл айта отырып, бір топ қаламдасының пікірін ұсынып отырмыз.
НӘЗІК СЕЗІМНІҢ АҚЫНЫ ЕДІ
Исраил қазақ өлең өнерінде орны бар жақсы лирик ақын, ағеден жақсы азамат еді. Таныстығымыз ол Шымкентте тұрған кезде басталған.
Ақындар да түрлі-түрлі болады ғой, бірі адуын, бірі тәкәппар деген сияқты. Арасында өркөкіректері де кездеседі. Әрине, ондай мінез басқаларда да болар, бірақ ақындар сезімнің адамы болғандықтан ол өзгелерге қарағанда анығырақ көрініп тұрады. Менің қабылдауымда, Исраил ондай мінез көрсететін емес, кішіпейіл еді. Оның маған ұнайтыны да осы сыпайылығы болды.
Кейін ол Алматыға көшіп келген кезінде Әбсаттар Дербісалин екеумізді үйіне шақырғаны бар. Әбсаттармен қандай жақындығы барын білмедім, әңгіме ауанынан оның ақынмен көңіл жақындығы бар көрінді. Әбсаттарды білетінім, ол Шымкент пединститутында бізден екі курс кейін оқыған-ды. Исраилдың үйінен дәм татқан уақытымыз түстің кезі еді, жақсы әңгімелесіп отырдық. Арамызда дін адамы отырғандықтан әшейінде дастарқанға келген тағаммен жағаласа орын алатын ащы су болмады, оны іздеген де жоқпыз. Бірақ әртүрлі әңгіме айтып, көңілді отырғанымыз есімде. Қонаққа барғанда көңілдің көтерілуі де, түсуі де үй иесіне байланысты ғой, сондықтан сол күнгі отырысымыздың мамыражай өткені Исраилдың қазақы болмысы, мейманның көңіліне қарайтын жақсылығынан шығар деп ойлаймын. Сосын қонаққа көптің бірі емес, екі адамның бірі ретінде шақыруы да көңілге жылылық береді, шамасы баяғы Шымкентте кездескеннен кейін жақын тартқан шығар. Бұл да кісі қадірін білетін, сыйласқанды сыйлай білетін тәрбиеліліктің белгісі.
Исраил нәзік сезімнің ақыны, махаббат лирикасын құлпыртып жырлады. Сосын әнге арнап тамаша өлеңдер жазды. Сол жағынан да сөзі халықтың құлағында жүрген ақын. Оның үстіне тамаша аудармашы еді. Орыс, өзбек тілдерінен жасаған аудармалары сәтті шықты. Поэзиясы әдеби сында жақсы бағаланды деп ойлаймын.
Сосын тәуір драмалық шығармалар жазды. Шәмші Қалдаяқов туралы пьесасының талқылауына арнайы шақырып, пікір айтуымды өтінген, талқылауына қатысып, оң бағамды бердім. Кейін ол шығарма театрларда қойылып, жұрттың көңілінен шықты.
Иә, шығармашылық адамы тынымсыз ізденісте жүреді, кейде сәтті қадам жасаса, кейде қиыс кетіп қалатын кездер болады. Оның үстіне ақын болсын, жазушы болсын, қалай болғанда да жеке тұлға, өз ойлағаны, өзіне ұнайтын не ұнамайтын нәрселері болады. Бірақ оған бола ешкімді сөгуге болмайды. Шығармашылық адамының өнер жолындағы әрекетінің бәрі уақыт өте келе сынға түседі. Сол кезде ненің дұрыс, ненің бұрыстығы танылады. Бірақ өнер жолы тақтайдай тегіс емес қой.
Жоғарыда айтып өткенімді қайыра еске салсам, Исраил Сапарбайдың ақындығы маған ұнайды, аудармаларын бағалаймын. Бірақ ақиқатқа келгенде, оның Алтын Орда мемлекетін үш шауып күйреткен Әмір Темірді неге өзіне жақын тартатынын түсіне қоймадым. Менің ұғымымда ғана емес, тарих ғылымындағы шындықты ту етіп жүрген талай ғалымның пікірінше, Әмір Темірдің Алтын Орданы күйретуі Ұлы Даланы мекен еткен халықтардың мемлекетінің әлсіреп, кейін өзгелерге кіріптар, бодан болуына жол ашқан. Сол тұрғыдан келгенде ғана ақынмен келіспедім. Бірақ оның ақындық талантына да, адамгершілік қалпына да қояр кінәм жоқ.
Ақынды сыйлағандықтан шақырайған күннің ыстығына қарамастан жаназасына қатысып, сыр беріп жүрген денсаулыққа қарамай, оны жер қойнына бергенде жұртпен бірге өз қолыммен топырақ салып, рухына бағышталған дұғаға қол жайып, бет сипап қайттым.
Ол талантын еліне арнап, қазақ жыры үшін қызмет етті, артында елдің есінде жүрер сөздері қалды. Ақын үшін одан артық бақыт та, мәртебе де жоқ деп білемін.Молдахмет ҚАНАЗ,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
ТАРЛАН АҚЫННАН АЙЫРЫЛДЫҚ...
Исраил ағамыз бұ дүниеден озғанын кезекті еңбек демалысында жүріп естідім. Жүрек шым етті. Жақсы сыйласқан, бірнеше сапарға бірге шыққан ақкөңіл, елпілдеген ағамыз еді.
Ақын ретінде өзін әбден мойындатқан Тұлғадан айырылдық. Біз студент болып жүргенде шыққан «Қызыл-жасыл дүние» атты кітабы арқылы танысып едік. Өзімен танысқанымызға да қырық жыл болыпты. Біздің толқынға шын жанашыр аға бола білді. «Қазақ әдебиеті» газетінің поэзия бөлімінің меңгерушісі болып жүргенінде қамқор болып, өлеңдерімізді жариялады. Кейінгі жылдары Ибрагим Иса аға үшеуміз кездесіп, апта сайын тастаяқ ойнаушы едік. Кейде түн ортасы ауғанда тарқайтынбыз. Небір әңгімелерін сол кездерде өз аузынан естідім.
Ибрагим аға қайтыс болғаннан кейін Қаскелең жақта тұратын Исраил ағамызбен кездесе алмай қалдық. Жұпар жеңешем дүние салған соң Исағам сыңарынан айырылған аққудай мұңайып, аурушаң болып кетті. Ол кісінің өзі шығарған 50 ән мен 200-ге тарта ән мәтіндері халқымен бірге жасай береді. Небір жүрек тебірентерлік әндер. Ал лирикалық жырлары да қазақ поэзиясының антологиясынан ойып тұрып орын алды. Өткен жылы ғана «Қазақстанның Халық жазушысы» құрметті атағын иеленді. Бірнеше драмалық шығарма жазып, пьесалары республика театрларының сахнасында қойылды.
Тарлан ақын, талантты драматург, сыршыл композитор ағамыздан көз жазып қалдық. Көкірекке өксік тығылып, көзге жас келеді. Жасы сексеннің бел ортасына жақындаса да, ақын ағамыздың қаламы қолынан түспей, жігіт қалпындағы жас сымбатын өмір-бақи сақтай білді. Исағаңды сексеннің сеңгірінде деп ешкім ойламайтын. Оны жас көрсететін бойға біткен тума ақындық қасиеті еді! Ақындар өлмес болсайшы!
Алланың жазуына көнеміз де! Жатқан жері жәннаттың төрі болсын, кәусар бұлағынан сусындасын! Бақұл бол, Исаға!Бауыржан ЖАҚЫП,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
АРТЫНДА МОЛ МҰРАСЫ ҚАЛДЫ
Исраил Сапарбай ағамыз қазақ лирикасында өз қолтаңбасы бар ерекше дарын иесі еді. Ақындығына қоса сазгерлігі, ән мәтінін жазудағы шеберлігі өз алдына бөлек әңгіме. Исраил ақынның мұндай ерекшелігі елдің есінде, әдебиет пен өнер тарихында қаттаулы тұр деп санаймын.
Қазақ поэзиясында, оның ішінде махаббат лирикасында кең құлаш сермеп, махаббат, сезім жайлы талай әндердің өлеңін мөлдіретіп жазған ақынды оның інілері мен қарындастары жақсы білетін, жоғары бағалайтын.
Ең алдымен айтайын дегенім, оның адамгершілігі. Өзінде болмаса да өзгеде болсын, елде болсын деген оның ниетіне талай куә болдым.
Оның бала сияқты бір мінезі болды. Сондықтан ол туралы құрдастары «Исраил бала болып өтті, қартаймай кетті» дейтін. Оған ақынның кіршіксіз жан-дүниесі дәлел. Біз ақынды сондай табиғи болмысы үшін сыйладық.
Ағамыздың бұрынырақта Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінде жұмыс істегенін білем, сол шақта арнайы барып сәлем бергенмін. Жүздесуде айтқан әңгімелері әлі есімде. Ақын ағамыз өзінің балалық шағы жайлы, әдебиет туралы, қазіргі поэзиядағы ізденістер, қазақ-өзбек поэзиясының арасындағы айырмашылықтар жайында шешіліп сөйлеп, шабыттанып отырып еді сонда.
Осыдан біраз жыл бұрын (ол кезде мен «Қазақ әдебиеті» газетінде істейтін едім) көлігімізбен Талғар жақтан келе жаттық. Орта жолға келген кезде қол көтеріп тұрған кісі көрінді. Таныс бейне сияқты. Жақындап келгенде Исраил аға екенін білдім. Тоқтап, ақынды көлікке отырғызып алдық. Сөйтіп, бір демалатын жерге тоқтап, ағамыздың біраз әңгімесін тыңдадық. Шығарған әндерінің тарихы туралы қызықты жайттарды баяндаған еді сонда.
Кейінгі бір-екі жылда қазақ әдебиетінің біраз марғасқалары бірінен соң бірі дүние салып, көңілімізді түсіріп кетті. Әрине, елдің сөз иесіз болмас, ұлт барда таланттар туа береді, бірақ Мұхтар Мағауин, Мекемтас Мырзахметов, Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбай секілді тұлғалы қаламгерлерден аз уақыттың ішінде көз жазып қалу руханият үшін орны толмас жоғалту.
Ақын пәни-жалғаннан кетсе де артында мол мұрасы қалды. Ол халқының қажетіне жарайтын, ұлт руханиятына пайдасы бар мұралар. Сондықтан Исраил ақынның аты қазақ барда жасай беретін есімдердің бірі екені шындық деп ойлаймын.
Алла панасына алып, рухы пейіште шалқысын.Болат ШАРАХЫМБАЙ,
ақын,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
Сұлулық пен сағыныштың жыршысы
Шілденің шіліңгір күні...
Бұл шын мәнінде кәдімгі күн емес еді. Бұл күн – қазақ поэзиясы үшін қаралы күн болды. Қазақ поэзиясының сұлулық пен сағыныштан жаралған сырлы әлемі бір қазыналы жыр иесінен айырылды. Қазақ әдебиетінің аяулы ақыны, көрнекті драматург, сазгер, сыншы – Исраил Сапарбай 85 жасында фәнимен қоштасты. Бұл – бір адамның ғана емес, тұтас ұлттың жүрегіне ауыр тиді.
Исраил ағаны еске алған кезде ең бірінші ойға оралатыны – сұлулық. Ол кісінің жырларынан бастап жүріс-тұрысына дейін бір сұлу болмыстың иісін сезетінбіз. Оның поэзиясы – қарапайым қазақтың жан-дүниесін, махаббат пен сағынышты, іңкәрлік пен іштей күйзелісті ғажайып нәзіктікпен жеткізген сырлы әлем. Ол кісінің өлеңдерінен табиғатты, адамды, сезімді, уақытты сүйе білудің ғажап үлгісін табасың.
2016 жылы Шымкент қаласындағы Ш.Қалдаяқов атындағы филормонияда «Елге сағыныш» атты шығармашылық жыр кешім өтті. Алматыдан бір топ қаламгер замандастарым мен өнер иелері барды. Сол көшті де осы Исраил көкем бастап барып еді. Кезекті сөз кезегі беріліп сахна төріне шыққанда «Менің Әлібегім – сіздерге жай келіп тұрған жоқ, осы топырақтан сіңірген, өзінің ақындық, азаматтық, перзенттік сағынышын алып келіп тұр, өз балаңды, өз бауырыңды құшағыңды ашып қарсы ал айналайын, ағайын» деп, ағынан ақтарыла сөйлеп еді.
Мен Исраил Сапарбайды «көке» деп атайтынмын. Бұл – жай ғана жасы үлкен адамға деген құрғақ құрмет емес. Бұл сөз – ыстық сөз. Бұл сөз – сағынышпен, құрметпен, сүйіспеншілікпен айтылатын сөз.
Исраил көкем – сондай жан еді. Жаны мейірімге толы, мінезі жұмсақ, ниеті таза адам. Ол өзінің шығармашылығымен қандай нәзік болса, ішкі жан дүниесімен де сондай сезімтал еді. Әсіресе, жары – Жұпар апамыз дүниеден озғанда, көкеміздің жанын ауыр қайғы тербеткенін бәріміз сездік.
Қаскелеңдегі үйіне көңіл айтып барғанда, Исраил аға бізді көріп балаша қуанды. Сол сәтте өзінің жүрегін отырған жұрт алдында жайып салып, былай деді:
«Қадіріңді білмеген шығармын, қателескен жерім көп шығар. Елдің адамы болып көп жағдайда үйді де ұмытқан кезім болған шығар, сен соның бәріне көне білдің ғой, Жұпар-ау...» деп, жанының шынайы дауысымен ақтарылып еді.
Мұндай сөзді тек шын сезім, шын өкініш, шын махаббат иесі ғана айта алады. Енді, міне, сол жарының соңынан өзі де аттанып кетті...
Исраил аға ешқашан топтасып, біреуге ықпал етіп, біреуді жолдан тайдырып, әдебиеттегі кейбір болып жататын «ит тірлікке» араласқан емес. Ол тек жүрегінің үнін тыңдады, тек өлеңмен өмір сүрді. Өмірдің мағынасын поэзиядан тапты.
Ол енді тек жеке бір тұлға емес – әдебиетіміздің үлкен кезеңі, сөз өнерінің асқар шыңы, поэзиямыздың көктемі.
Исраил Сапарбай – пенделікпен емес, парасатпен өмір сүрген жан еді. Ол бізге поэзияны сүйе білуді, сұлулықты көре білуді, сағынышқа адал болуды үйретіп кетті. Енді оның жырларын оқыған сайын, жүрегімізге жырдан ескен жұпар иісі келеді. Оның әр өлеңі – көктемнің бір тынысы, махаббаттың бір сәті, сағыныштың бір тамшысы.
Жатқан жерің жұмсақ, мекенің Жұмақтың төрі болсын, Көке!Әлібек Шегебай,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері