Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Болат Үсенбаев Алматыда КазГУ-дің филология, Мәскеудегі М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде білім алған қаламгер. Нәзік лирикасымен жұртқа танымал Бөкең балалар әдебиетіне де мол олжа салды. Біз ақынмен оның өмір жолы, әдебиеттің бүгінгі жай-күйі жөнінде әңгімелескен едік.
– Болат аға, ақынмен әңгімеде алдымен олардың ақындық бастауы туралы сұрап алған жөн сияқты, әрі қарай сұхбатымыз ретімен жалғаса берер.
– Ақынның бір күнде ақын бола қалмайтыны рас, бірақ оның басталып кетуіне әрдайым тосын бір жағдай күшті әсер ететін, не себеп болатын сияқты. Соған байланысты өз басымнан кешіргенімді айтайын.
Әдебиетке ешкім қызықпай келмейді, бала жастан көркем шығарма оқып өскен адамның қиялы ұшқыр, арманшыл болатыны бар. Мен де сондай бала болдым. Алматы облысы Кеген ауданы Қарқара деген ауылда етек жауып, ес жиып, кейін отбасымыз Шелек ауданына көшіп келіп, сонда мектеп табалдырығын аттадым. 6-сыныпты бастаған жылы қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстазымыз Гүлжан Шахаева біздің сыныпқа ең алғаш сабақ беруге келгенде «Класта өлең жазатын бала бар ма?» деп сұраған. Жан-жағыма қарадым, ешкім қол көтермеді. Не әсер еткенін білмеймін, кенеттен батылданып, «Мен жазамын» деп қолымды көтердім. Апай сыныпта әйтеуір өлең жазатын бір бала барына қуанып қалды, «Онда ертең өлеңіңді алып кел, қабырға газетін шығарамыз, соған жариялаймыз» деді. Мен үйге мақтанып келдім «Апайға өлең жазам деп айттым» деп. Содан толғанып, өлең жазуға отырдым...
Жалпы, өлең жазуға тәуекел ету үшін бір себеп болуы керек қой, адамда қандайда өлең туралы ұғым болмаса қалай жазам деп әрекеттенеді? Ойлап қарасам, өлең жазам деуіме де әсер еткен бір жайт бар екен: 4-сыныпта оқып жүргенімде ауырып, екі аптадай ауруханада ем алдым, сонда менімен бір палатада жатқан кісі үйіне, жақын-жуықтарына өлеңмен хат жазатын. Соған қызығып қарайтын едім. Қатты қызыққаным сонша, ана кісінің өлең-хаттарын көшіріп алып, үйге жолдағым келетін. Әне, сол қызығудың ақыры мені өлең жазуға итермеледі.
Өлең жазам деп айтуын айтып алып, оны орындамауға болмайды ғой. Сонымен өлең жазылды, ұйқасы болуы міндетті, оны жадтан шығарған жоқпын. Тақырыбын «Москва» деп айқайлатып қойдым. Сонда жазғанымнан есімде қалғаны мынау:
Москва, о, Совет астанасы,
Қаланың ең үлкені – бас қаласы.
Москва – қалалардың қариясы,
Москва – қалалардың дариясы.
Басқа жағында шаруам қанша, ең бастысы ұйқасы қатып тұр! Ұстазыма апарып көрсетіп едім, ол кісі әбден мақтауымды жеткізді: «Қандай тамаша өлең, өзің ақын екенсің ғой» деп арқамнан қағып, көңілімді көтерді. Сосын «Шұғыла» атты қабырға газетін шығаратын болып, мені соған редактор етіп қойды. Сөйтіп, мектептегі қазақ тілі мен әдебиетін жақсы оқитын оқушылар жиналып, мектепті бітіргенше сол газетті шығардық. Қысқасы, содан бастап өлең жазып кеттім. Жан-жаққа жіберіп қоямын, аудандық газетті менсінбейміз, әліме қарамай «Балдырған», «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан», «Мәдениет және тұрмыс» сияқты үлкен басылымдарға конвертке салынған өлеңдерімді жолдаймын. «Балдырған» мен «Қазақстан пионерінен» хат келіп тұрады. Арнаулы бланкаларға жазылған хаттарды көріп, редакцияның жауап қайтарғанына мәз боламыз, қалай дегенде де елеп-ескергені үлкен демеу. Шабыттанып қаласың, тағы да жаза түсуге құштарлығың оянады. Сөйтіп, 1971 жылдың соңынан бастап балалар басылымдарына, аудандық газетке өлеңдерім шыға бастады. Ең алғаш «Балдырған» журналына шыққаным есімде, онда Мұқағалидың да бір шумақ өлеңі жарияланған болатын. Сондай белгілі ақынмен бір журналда шыққаныма мәзбін.
– Алғаш аты белгілі қандай ақынмен таныстыңыз, есіңізде ме?
– Иә, есімде. Тұманбай Молдағалиевті көргем, өз ауылымда.
– Ол қалай болып еді?
– 10 сыныпта оқып жүргенімде ұстазым, география пәнінің мұғалімі, Тұрсынбай Жазықбеков ағай мектебімізге Тұманбай ағаны алып келіп, ол кісімен кездесу ұйымдастырғаны бар. Ағай ақынмен бірге оқыған екен. Сол кезде мен өз өлеңдерімді оқыдым алдында. Тұмағаң «Өлеңдерің жақсы екен, көбірек жаза бер, Алматыға келсең маған хабарлас» деді. Кейін оқу іздеп Алматыға барғанда Тұмағаңа арнайы барып, сәлем бердім.
Мектепті бітірген соң КазГУ-ге оқуға құжат тапсырып, қатарынан екі жыл «құладым», тек үшінші реткі талпыныста, 1974 жылы барып фи-
лология факультетіне оқуға түстім.
– Сіз туралы студент кезімде ең алғаш ұстазым, сіздің курстасыңыз Рахмет Аяпбергенұлынан естігем. Бірге оқыған екенсіздер...
– Иә, Рахмет екеуміз бірге оқыдық. Менен бес жастай үлкендігі болатын. Жақсы жігіт еді. Өлеңді нәшіне келтіріп оқитын. Төлеген Айбергеновтің бүкіл өлеңін жатқа білетін. Кейін Нөкісте жоғары оқу орнында еңбек етіп жүріп, Төлеген Айбергенов шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғапты. 2000 жылдардан алдын Ақтауға көшіп келіп сондағы университетте жұмыс істеп жатқан екен, үйінде болдым. Отбасымен таныстым. Жолдастыққа жақсы жігіт еді, марқұм. Өлең де жазды, әдеби мақалалар да жазды.
Сонымен бірге, «Арыс» қоры мен баспасын құрып, талай Алаш ардақтыларының кітабын шығарып, репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының өмірі мен шығармашылығын зерттеген ғылым докторы, мықты баспагер марқұм Ғарифолла Әнес пен үлкен түрколог, ежелгі төрік (өзінің айтуынша) жазуларын терең зерттеп, түгел түркіге ортақ әліпби жасап жүрген Аманқос Мектептегі де – курстастарым.
– Бірақ мұндағы филфакты бітірмей, Мәскеуге кетуіңізге не себеп болды?
– Мені КазГУ-дің филология факультетінің 3-курсын бітірген соң 1977 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне ауыстырды. Ол кезде ұлттық кадр дайындау деген саясат болатын. Мәскеудегі жоғары оқу орындарына жыл сайын одақтағы республикалардан бір-екі адамға квота бөліп, арнайы оқытатын. Мәселен, ГИТИС-ке кино маманын, консерваторияға музыкант, Әдебиет институтына бір ақын не жазушыны оқытады дегендей. Мен де сол ұлттық кадр ретінде МГУ-дің журфагына түсіп, 1980 жылы біті-
ріп шықтым. Ол кезде МГУ-дің журфагына оқуға түсу сирек болатын.
– Сіз филология факультетінде оқып жатқан жоқ па едіңіз, қалай журналистикаға ауыстырды?
– Сұрағың дұрыс, филфактан қалай журфакқа алады деп отырсың ғой, ол басында бізге де таңданыс тудырған. Сөйтсек, Мәскеудегілер бізге журналистикада емес, филологияда оқитын студент жіберіңдер депті. Себебі журналистикада оқитындар тілді терең білмейді деп санайды екен ол жақта. Сөйтіп, МГУ-ге барып 3-курстан бастап оқыдым. Орысшам керемет болмаса да жұрт қатарлы бітіріп шықтым, әйтеуір. Ол жақтың үйренем деген адамға берері көп қой, атақты басылымдарда практикада болып, жұмыстарымен танысасың. Көп нәрсені ойға түйесің.
Елге келген соң 1980-жылдан бері қарай «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде тілші, «Жазушы» баспасында редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде аға тілші болдым. Сондай-ақ Шелек аудандық «Еңбек туы» газетінде тілші, «Аманат – Избиратель» газетінде, «Жас қазақ» газетінде, «Ақ желкен», «Балдырған» журналдарында бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқардым.
– Өлеңді ерте бастасаңыз да ақын ретінде танылып, кітаптарыңыздың шығуы кештеу болған сияқты ма?
– Мәскеуден келгеннен кейін бірыңғай журналистикамен айналысып, өлеңді мүлде сиретіп алдым. Қайбір жылдары мүлде жазбай кеттім десем де болады. Үлкен ағаларымыз кітабың шықты ма, Жазушылар одағына өтпейсің бе дегенде ұялып, олардың көзіне түскім келмей, қашып жүретін кездерім болды.
Тек 90-жылдарда өлеңді қайта қолға алып, көзге көріне бастадым, мүшәйралардан орын алып, атым шыға бастады. Әдеби мақалаларда атым аталып, ептеп көзге түсетін болдым.
Шынымды айтсам, нағыз шығармашылықпен айналысатын 20-30 жылымды өмірдің күйбеңімен жүріп, бекер өткізіп алған сияқтымын. Соның кесірінен алғашқы кітабым – «Жеңеше» 2004 жылы, 49 жасымда шықса, Жазушылар одағына мүшелікке 2005 жылы, 50 жасымда өттім. Бірақ одан бері, шүкір деймін, жеті кітабым шықты, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері болдым. Балалар әдебиетіне де біраз еңбек сіңірдім. Өткен жылы балаларға арналған шығармаларым жинақталған «Тәуелсіздік деген не?» деген кітабым мемлекеттік сыйлыққа да ұсынылды.
– Балалар әдебиетіне қалай келдіңіз, балаларға арнап жазу қиын емес пе?
– Әрине, балалардың ұғымына лайықтап, олар түсініп, тез қабылдап алатындай етіп шығарма жазу оңай емес, оған біраз тәжірибе керек. Мен балаларға арналған басылымдарда еңбек еткендіктен біртіндеп соларға арнап жаза бастадым, сөйтіп ол бағытта да біраз төселдім ғой деймін.
Балаларға арнап жазу қиын да, қызық. Балалар прозасында арғы Сапарғали Бегалинді айтпағанның өзінде, Бердібек Соқпақбаевтан бері қарай талай прозашылар тамаша шығармалар жазды ғой. Қадыр Мырза Әли ондаған өлең кітабын жазып, «Күміс қоңырау» атты таңдамалысын шығарды. Оның бергі жағында Байбота Қошым-Ноғай балаларға арнаған оннан аса тамаша кітап шығарды. Бірақ кейінгі дәуірде бұл салада Қуат Адис сияқты бірен-саран қаламгерлер болмаса, жастар көп көрінбей жатыр. Мүмкін, бүгінгі дәуірдің балаларына арнап жазатын ақын-жазушылар енді шығатын шығар.
– Әдебиеттегі өз тұстастарыңыз жайында не айтасыз?
– ХХ ғасырдың 30-жылдарында туған ақын-жазушылар 60-жылдарда әдебиетті дүрілдетті. Фамилиясын айтпасақ та қазақ түгел білетін Жұмекен, Қадыр, Тұманбай, Мұқағали, Төлеген, Сағи секілді ақындар, Әбіш Кекілбайұлы, Мұхтар Мағауин, Асқар Сүлейменов, Дүкенбай Досжан секілді жазушылар қазақ әдебиетін дүр сілкіндіріп, ұлттық сөз өнерімізді биік деңгейде танытты ғой. Одан қырқыншы жылдарда туғандар өз алдына бір әлем болды. Жарасқан Әбдірашев «Соғыстан соң туғандар» деп атайтын буындағы Жарасқан, Кеңшілік, Жұматай бастаған ақындар тобы да елге кең танылды. Тек солардан кейін әдебиетке келген 1955-1965 жылдар аралығында туғандар, яғни біздің буын туралы көп айтыла бермейтін сияқты. Әдебиет зерттеушілері мен сыншылар көз салса, біздің буында да назар аударуға тұрарлық қалам иелері бар ғой...
– Біздің қатарластарымыз туралы не айтар едіңіз?
– Әдебиетке 90-жылдарда келген сендер мықтысыңдар ғой, кеңестік идеологияға уланбай, таза қазақи рухта келдіңдер. Сендер өлең жаза бастағанда дүние астан-кестен болып, көп нәрсенің шындығы
ашылды. Соларды оқып қалыптастыңдар. Сондықтан бар нәрсені еркін, ашық жазуға дағдыланғансыңдар. Әлем әдебиет еркін оқып, түрлі ағымдарды үйреніп, әдебиетке эксперимент жасап жүргендер де бар қатарларыңда, сонымен бірге ұлт, мемлекет, қоғам туралы батыл айтасыңдар. Сол мінез сендерден кейінгі буынға да өтті деп ойлаймын, ол жақсы нәрсе. Қаламгері еркін, халықшыл болған елде әдебиет жақсы дамуға тиіс.
– Кейінгі кезде әдебиетте тіл мәселесі жиі әңгіме болып жатады, расымен бүгінгі қаламгерлер тілге олақ па?
– Тіл – әдебиеттің құрылыс материалы дейтін әйгілі қағида бар ғой әдебиет теориясында. Сол талас тудырмайтын шындық. Жасыратыны жоқ, бүгінгі шығып жатқан әдеби туындылардың көбінің тілі жұтаң. Прозалық сөйлемдердің орнын журналистика тілі басып барады. Журналистика ауызша тілге жақын, ал проза тілі күрделі, көркем, суреттеуге арналған тіл. Ендеше, көркем шығарманың мәтіні көркем тілге құрылмаса ол қалай оқырманды тартады? Әрине, көркем тілді жазушы қалай қолдануды шеберлікпен игеруі қажет, әйтпесе, орынсыз қолданылған тілдің көркемдегіш құралдары да жалықтыруы мүмкін.
Көркем тіл прозаға ғана емес, поэзияға да керек. Бүгінде екінің бірі өлең жазатын заманда ақын деп кімді тану керек? Мықты идеясын көркем тілмен өзінше айта алған, өлеңде өз бағыты бар ақынды ғана ақын деп тану керек. Ақынның тілі де шешен болуға тиіс. Өз басым бұрынғы ақындардың ішінде Қуандық Шаңғытбаев, Жұматай Жақыпбаевтардың тілін ерекше көрем, ал бүгінде Светқали Нұржан, Сабыр Адай секілді ақындардың өлеңдерінде көркем тіл төгіліп тұрады.
Тілді жасаушы халық, оны түрлендіруші қаламгерлер, ал тұтынатын тағы да халық. Сондықтан қазақ тілі сақталуы керек, ол мемлекеттік тіл ретінде өзге тілдердің бәрінен үстем болуы керек дейтін болсақ, бәріміз үйде тілді шұбарламай сөйлеуге үйренуіміз қажет. Ал қаламгерлер тілді жақсы біліп, жақсы қолда-
нып, өзгелерге үлгі болуға тиіс.
Шынын айтқанда, бүгінгі интернет заманы қазақ тіліне үлкен зиянын тигізіп жатыр. Балалар кішкене кезінен бастап интернеттен өзге тілде шыққан өнімдерді тұтынады. Содан келіп тілі таза қазақша шықпайды. Қазақи ұғым-танымдардан алыс өседі. Оның үстіне бүгінгі үлкендердің дені кеңестік дәуір адамдары болғандықтан орысша араластырып сөйлеу дегеннен арыла алмай келеміз. Тілді шұбарлау – тілді білмегеннен де жаман! Сондықтан бүгін қазақ баласы үшін ең бастысы іс-әрекет – тілді таза сақтау, таза күйінде кейінгі ұрпаққа аманат ету! Қазақ тілі жоқ жерде қазақ халқы да, қазақ мемлекеті де жоқ.
– Әдебиеттің болашағы туралы не ойлайсыз? Технология дамып жатқан заманда әдебиет те керексіз саланың біріне айналмай ма? Қазір, тіпті, жасанды интеллект деген құрал елге сурет салып, ән шығарып, өлең жазып беріп жатыр...
– Адам тірі жан, рухы, санасы бар тіршілік иесі. Оның болмысы ойлану, талдау, сараптау, ізденуге негізделген. Сондықтан ол жасанды интеллект сияқты үйреткен, оқытқан нәрселерге, яғни шаблондарға тәуелді емес. Адамды ақыл, білім ғана емес, сезім де билейді. Ендеше, жасанды интеллект қаншама қабілетті болса да адамды алмастыра алмайды. Ол қанша ұшқыр, тез «ойланып», тез «шешім қабылдайды» дегенімізбен секундына мың құбы-
лып, әр нәрсенің астары, жұмбағына үңіліп тұратын адамға жетпейді-ау. Әрине, барлық нәрсесі өлшемге қатаң бағынатын зауыт-фабрикаларда, есептеу орталықтарында, үздіксіз бақылауды қажет ететін жерлерде жасанды интеллект қажет шығар, бірақ оны әдебиет пен өнерге қолданып, адам талантына тәуелді көркемдік әлеміне енгізу артық болады деп ойлаймын. Қандай заман болса да адамның қоғамдағы орнын жансыз, оқытылған машина түгелімен иелене алмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ