Қорғаныс саясаты: жаңа мазмұн

25 шілде, 2025 / Арайлым Жолдасбекқызы

Қазақстанның қорғаныс саясаты елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, шекараларын қорғауға және аймақтық тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Бұл – саясат бейбітшіл, бірақ қауіпке қарсы әрекет етуге дайын елдің ұстанымы. Мемлекетіміздің қорғаныс саясаты соңғы жылдары геосаяси өзгерістермен үндесіп, жаңа мазмұнға ие бола бастады.

 Қазақстанның қорғаныс саясатының негізгі қағидаларына бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, әскери қақтығыс­тарға қатыспау жатады. Еліміз шетелдік қақты­ғыстарға тікелей араласпайды, бұл бейтарап­тыққа жақын ұстаным. Алайда бейтарап болу – оқшаулану емес. Керісінше, мемлекеті­міз халықаралық әскери ынты­мақ­тастық пен бейбіт бастамаларды қол­дайды. Қазақ­станның қорғаныс саласын­дағы стратегия­лық бағыты – тұрақтылық пен бейтараптық арасында тепе-теңдік сақтау. Бұл қазіргі құбылмалы геосаяси кезеңде оңай міндет емес. Алайда қауіп­сіз­дік тек әскери әлеуетпен ғана емес, сенімді серіктестік,  алдын ала ой­ластырылған сая­сат арқылы да қамтама­сыз етіледі. Қазақстан дәл осы жолды таңдай отырып БҰҰ, ШЫҰ, ҰҚШҰ сияқты халық­аралық ұйымдармен ынтымақтастық орнат­ты. Сондай-ақ халықаралық ұйымдардың түрлі оқу-жаттығуларына қатысады, бітім­герлік миссияларға мамандар жібере бастады. Бұл тәжірибе әскери мамандардың кәсіби деңгейін арттырумен қатар, Қазақ­станның халықаралық қауіпсіздік кеңіс­тігіндегі рөлін де кеңейтіп отыр. 
Кейінгі жылдары жаһандық қауіпсіздік жүйесі елеулі сынақтарға тап болып отыр. Украинадағы соғыс, Таяу Шығыстағы қақты­ғыстар, АҚШ пен Қытай арасындағы страте­гия­лық текетірес және жаһандық альянс­тардың қайта құрылуы әлемнің көпполярлы тәртіпке бет алғанын көрсетеді. Бұл жағдай тек ірі державаларға ғана емес, олардың гео­саяси орбитасында орналасқан мемлекет­терге де әсер етіп жатыр. Геосаяси тұрғыдан алғанда, елдің үш алып держава – Ресей, Қытай және Орталық Азия елдерімен шек­тесіп жатуы Қазақстанның бейбіт дамуға негізделген қорғаныс саясатын мұқият үй­лес­тіруді талап етеді. Еліміз кейінгі жылдары отандық әскери-өнеркәсіп кешенін дамытуға ден қойды. Жергілікті кәсіпорындар түрлі қару-жарақ пен техника өндірісін жолға қоюда. Дегенмен бұл сала әлі де серпінді даму­ды қажет етеді, әсіресе заманауи техно­логиялар мен цифрлық шешімдерді оң жолға қою маңызды. Қазақстан да бұл ахуалды мұқият бақылап, қорғаныс саясатында бірқатар маңызды қадамдар жасауда.
Еліміздің қорғаныс саясаты тұрақты болғанымен аймақтық және жаһандық өзгерістерді ескере отырып, жағдайға қарай бейім­деліп келеді. Өйткені қауіпсіздік дегеніміз – бұл тек әскери қуат емес, сондай-ақ дипломатия мен серіктестік арқылы қалып­тасатын кешенді жүйе. Осы тепе-тең­дікті сақтау мемлекетіміздің стратегиялық бағыты болып қала бермек. 
Мемлекеттің ресми қорғаныс страте­гиясы бейбіт бағытқа негізделгенімен, қазіргі халықаралық ахуал қауіпсіздік мәселесінде жаңаша көзқарасты талап етіп отыр. Осыған орай Қазақстан 2022 жылы аймақтық және жаһандық қауіптерді болжауға арналған жаңа әскери доктрина қабылдады. Шекара қауіпсіздігін күшейтіп, Ұлттық ұланның рөлін арттырды. Сонымен қатар бітімгерлік миссияларға қатысу арқылы жаһандық қауіпсіздікке үлес қосып, кадр әлеуетін шың­дауға ден қойып отыр. 
Қорғаныс саясаты – егемендікті сақтаудың тірегі десек, егемендік дегеніміз – өз елінің ішкі және сыртқы саясатын дербес, ешқандай сыртқы қысымсыз жүргізу қа­білеті. Ал бұл дербестік қауіп-қатерлерге қарсы нақты қорғаныс стратегиясы арқылы ғана жүзеге асады. Қазір әлемде қорғаныс саясаты – жай әскери қуатты арттыру ғана емес, сонымен қатар технологиялық тәуел­сіздікті азайту, геосаяси тепе-теңдікті сақтау, ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету, ақ­парат­тық және киберқауіптерге төтеп беру. Бүгінде еліміз әскери-технологиялық тәуел­діліктен арылуға басымдық беріп жатқанын байқаймыз. Отандық әскери-өнеркәсіп кеш­енін дамыту, шетелдік технологияларды трансферт арқылы игеру де елдің сыртқы саяси қысымдарға беріл­меуін қамтамасыз ететін маңызды қадам. 
Қорғаныс саясаты бұрынғыдай шекара­ны кірпік қақпай қорғау емес. Біз егемендікті тек шекарада ғана емес, ақпараттық кеңіс­тікте де қорғауымыз керек. Ол үшін ұлттық цифрлық инфрақұрылымды шетелдік ықпал­дан қор­ғау, халықтың ақпараттық иммунитетін күшейтумен қатар өзіміздің ақпараттық сая­сатымызды шетелге бағыттай алатын дең­гей­ге жету өте маңызды. Сонымен бірге ұлттық кадр әлеуеті мен азаматтық қор­ғаныс мәсе-
лесі де назардан тыс қалмауға тиіс. Себебі егемен­діктің  ішкі тірегі –  Қарулы күштердің сапасы мен кәсібилігі. Халықтың қорғаныс мәдениеті мен резервтік күштерді дайындау – елдің ішкі тұрақтылығы мен тәуелсіз шешім қабылдай алу қабілеті. 
Бүгінде саяси бейтараптықты «ешкімге жақ болмау» деген пассив түсінік қалыптас­қан. Алайда шынайы егемен ел нақты қауіпке нақты жауап беруге дайын болуға тиіс. Бұл – саяси ұстанымда нақты қағиданы сақтау, серіктес елдермен тең қарым-қатынаста болу, ішкі шешімдерді сыртқы қысыммен емес, ұлттық мүдде негізінде қабылдау деген сөз. 
Егемендік жай мәртебе емес, күн сайын дәлелдеуді талап ететін жауапкершілік болса, қорғаныс саясаты – әскери қауіптен сақтану емес, елдің саяси, экономикалық, техноло­гия­лық егемендігін нығайтатын, сол жауап­кершілікті жүйелі түрде жүзеге асыратын құрал. 

А.БИМЕНДІ

Тэгтер:

саясат Қорғаныс