Қатерлі ісікпен күрес: ғылым жеңіске жақын қалды

25 шілде, 2025 / Ербұлан Қайрат

Өткен аптада британдық The Economist журналы қатерлі ісікпен күресте ғылым жеңіске жақындап келе жатқанын жазып, басылымның басты бетін осы тақырыпқа арнаған. Бұдан бөлек, басқа да ақпарат көздері жыл сайын миллиондаған адамды ажал құштыратын дерттің беті қайтып, қаупі сейілгенін жазып жатыр.

Бұл дерттің аты бір ғана болғанымен, түрі көп, күрделі. Сондықтан әмбебап ем табу оңай емес. Бірақ ғалымдардың қазіргі жетістіктері миллиондаған адамның көкі­рек көмбесіндегі үмітін қайта маздатты.

Ұзаққа созылған «соғыс»

1971 жылы АҚШ президенті Ричард Никсон «Қатерлі ісікке қарсы соғыс бас­талды» деп ресми түрде мәлімделді. Бұл мә­лім­деме Moonshot-пен, айға қонған ғы­лыми-экономикалық серпінмен теңесті-
р­ілді. Ғылым мен саясат өкілдері бұл күресте бірнеше онжылдықтың ішінде жеңеміз деп үміттенді. Никсон жариялаған «соғыстың» алғашқы жылдары шұғыл шешімдер мен революциялық жаңалықтар күткен кезең болды. Алайда зор үміт артқан «бір соққы­мен жеңу» стратегиясы іске аспады. Себебі бұл бір ғана дерт емес, ондаған, жүздеген қатерлі ісік түрлерін біріктіретін қауіп болғандықтан, болжам шындыққа айналмады.
Соған қарамастан, 1990 жылдардан бері дамыған елдерде жақсы нәтижелер бай­қалған: өлім-жітім азайды, ерте анықтау мен емдеу әдістері дамыды, жаңа вакци­налар мен дәрілер қолжетімді бола бастады. Мәселен, АҚШ-та қатерлі ісік салдарынан қайтыс бол­ғандар саны 1990 жылдармен салыстырғанда шамамен 30-35 пайызға азайған. Бұл үрдіс Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея секілді елдерде де бай­қалады.

Алдын алу – негізгі қару

Қатерлі ісіктің алдын алу – ең тиімді жеңіс. Бұл ретте ерте диагностика адам өмір­ін құтқарып қалатын шешуші фактор ретінде қарастырылады. Заманауи скри-
н­инг әдістері, атап айтқанда, маммография, ПАП-тест, колоноскопия және тағы басқа диаг­ностика­лық құралдар науқастарды уа­қытылы анық­тап, ерте емдеуге мүмкіндік беруде шешуші рөл атқарған. Скрининг технологияларының жетілуі мен кеңінен қолданылуы рак диаг­нозы қойылған адам­дардың өмір сүру ұзақ­тығын айтарлықтай арттырды.
2008 жылдан бастап Ұлыбританияда жас­тарға салынған адам папиллома виру­сына (HPV) қарсы вакцина жатыр мойны ісігінің алдын алуда революциялық әсер берді. Он бес жыл ішінде 20-25 жастағы әйелдер арасында ауру көрсеткіші 90 па-
й­ыз­ға төмендеген. Бұл – вакцинацияның күшін дәлелдейтін мысал.
Үндістанда жасалған арзан вакцина енді дамушы мен дамыған елдерде де қол­жетімді болып отыр. Сонымен қатар кеңі­нен таралған аспирин мен метформин сияқ­ты қарапайым дәрілер де онколо­гия­ның алдын алуда жаңа мүмкіндіктер ұсы­на­ды. Атап айтқанда, аспирин Линч син­дром­ына шалдыққан науқастарда тоқішек қатерлі ісігінің даму қаупін 50 пайызға дейін төмендетеді екен. Ал қант диабетін емдеуге арналған метформин кей жағдай­ларда сүт безі рагының қайта пайда болуы­на қарсы күресте көмектесуі мүмкін.

Жеке-жеке емдеу – 
басты жаңалық

Қатерлі ісікпен күрестегі ең заманауи ба­ғыт – прецизионды медицина. Бұл – әр науқасқа жеке тәсіл қолдану. BRCA1 секілді ракқа бейімдік тудыратын генетикалық мутацияларды анықтау арқылы ғана шек­тел­мей, ғалымдар енді биомаркерлер мен ген экспрессиясының нақты кө­ріністерін зерттеп отыр.
Қазіргі технология науқастың биома­териалдарынан қатерлі ісіктің бастапқы белгілерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар зияны көп жалпы терапия­дан бас тартып, нақты бағытталған, тиімді ем қолдануға жол ашады.

Иммунотерапия мен болашақтың вакциналары

Кейінгі жылдары дертпен күреске адамның өз иммундық жүйесін жұмыл­дыра­тын әдістер жаңа үміт беріп отыр. Им­мунотерапия мен ген вакциналары қатерлі тіндерді дәл көздеп, шабуыл жа­сайды. Клиникалық зерттеулерде бұл тәсілдер жақсы нәтиже көрсетіп келеді.
Ең бастысы – рак басталғанға дейінгі өзгерістерге әсер ететін вакциналар жасап шығару. Мәселен, тоқішек полиптері пайда болған сәттен-ақ оларды бейтарап­тандыру­ға арналған құралдар әзірленіп жатыр.
Қатерлі ісікпен күресте шешуші бір соққы әлі жасала қойған жоқ. Бірақ үздік­сіз ғылыми ізденіс, профилактика мен скрин­ингке басымдық беру, вак­ци­на егу, ерте анық­тау мен нақты ем­деу тә­сілдері өз нә­тижесін беріп кел­е­ді. Дамушы мемле­кеттер бұл тәжірибені ары қарай жетілдіру арқы­лы алдағы онжылдықта айтарлық­тай та­быс­қа жете алады деген үміт бар. 

Тэгтер:

күрес қатерлі ісік жеңіс