Қазақстанда діни радикализмге қарсы күрес тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Алайда бұл бағыттағы қауіп әлі сейілген жоқ. Жаңа діни ағымдар да бой көрсетіп жатыр. Әсіресе, интернет арқылы радикалданатындар мен қоғамға бейімделе алмаған бұрынғы сотталғандар басты тәуекел тобына айналып отыр. Яғни, діни радикализмнің ашық формасы жойылғанымен, қауіп көзге көрінбейтін деңгейде сақталып тұр. Еліміздегі діни ахуал туралы дінтанушы, тарих ғылымдарының докторы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры, Геосаяси зерттеулер институтының директоры Асылбек Ізбайыровпен әңгімелескен болатынбыз.
Қазақстанда діни радикализмге қарсы күрес тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Алайда бұл бағыттағы қауіп әлі сейілген жоқ. Жаңа діни ағымдар да бой көрсетіп жатыр. Әсіресе, интернет арқылы радикалданатындар мен қоғамға бейімделе алмаған бұрынғы сотталғандар басты тәуекел тобына айналып отыр. Яғни, діни радикализмнің ашық формасы жойылғанымен, қауіп көзге көрінбейтін деңгейде сақталып тұр. Еліміздегі діни ахуал туралы дінтанушы, тарих ғылымдарының докторы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры, Геосаяси зерттеулер институтының директоры Асылбек Ізбайыровпен әңгімелескен болатынбыз.
– Еліміздегі діни радикализмнің қазіргі ахуалы қандай?
– Қазір Қазақстанда ауқымды және ұйымдасқан діни радикалды топтар мен экстремистік ұйымдар жоқ. Арнайы органдар көбіне жеке тұлғалар мен шағын топтарды (мысалы, туыстық байланыстағы адамдарды немесе бұрын сотталғандарды) ерте кезеңде анықтап, бейтараптандыру шараларын жүргізіп келеді. Дегенмен бұл жұмыстың күрделілігі – интернет арқылы өздігінен радикалданған жекелеген адамдарды дер кезінде анықтау әрдайым мүмкін бола бермейтінінде. Бұған мысал ретінде Кариев пен Күлекбаевтың оқиғаларын айтуға болады. Бір ғана адам бүкіл қаланы аяғынан тік тұрғызып, дүрліктіріп, жазықсыз жандардың өмірін қиып салды. Бұл оқиғалар да бізге сабақ болуға тиіс.
Қоғамда психикалық ауытқуы бар адамдардың кейбірі өз ішкі агрессиясын дінмен бүркемелеуге тырысады. Мұндай «жалғыз шабуылдаушыларды» анықтау – қауіпсіздік саласындағы ең күрделі міндеттердің бірі. Алайда интернет кеңістігінде діни алауыздықты насихаттап жүрген радикалды идея таратушылар жедел түрде анықталып, жауапкершілікке тартылып жатыр.
Кейінгі уақытта жаңа, агрессивті діни ағымдар бой көрсете бастады. Мәселен, неотәңіршілдік бағытындағы кейбір топтар діни төзімсіздікке шақырып, тіпті зорлық-зомбылықты ақтайтын мазмұнда ақпарат таратып жүр. Өткен жылы осы ағымның екі өкілі діни алауыздықты қоздырғаны үшін сотталды, біреуі ұлттық рәмізді қорлағаны үшін айыппұл төледі. Биыл тағы бір адам зорлық-зомбылықты ақтағаны және оған үгіттегені үшін қамауға алынды, бұл іске қатысты сот үкімі әлі шыққан жоқ. Әлеуметтік желілерге жасалған мониторинг бұл топтарда адам құрбандығын насихаттау сияқты ерекше қатыгез идеялардың пайда болып жатқа-
нын көрсетіп отыр.
– Діни ахуал тек ислам шеңберімен шектелмейтінін білеміз. Басқа конфессиялардағы жағдай қандай?
– Иә, православ христиандар ортасында да күрделі үдерістер жүріп жатыр. Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдарынан Ресей православ шіркеуінің кейбір беделді өкілдері одан іргесін аулақ салып, шіркеуден кетіп жатыр. Бұл үрдіс Ресейге тән құбылыс болғанымен Қазақстандағы христиан қауымдастығына да әсер етуі мүмкін. Сондықтан бұл мәселені мұқият бақылау қажет. Қоғам ішінде Ресей православ шіркеуіне, Украинаның автокефалдық шіркеуіне немесе грек православ шіркеулеріне бағынатын топтар арасында алауыздық туындамас үшін мемлекет осы бағытта алдын алу жұмыстарын жүргізуге тиіс.
– Ислам кеңістігінде қандай үрдістер байқалып жатыр?
– Қазақстанда тарихи түрде қалыптасқан ислам дәстүрінен бөлек, түрлі діни ағымдар мен мазхабтарды ұстанатын топтар бар. Бұл – діни плюрализмнің көрінісі. Бірақ осындай жағдай мемлекет тарапынан дінді басқару мен реттеу құралдарының әлсіздігін де аңғартады. Өйткені зайырлы, демократиялық ел болғанымызбен, қоғамда ресми емес діни құрылымдардың ықпалы артып келеді.
Мұндай ахуал сыртқы күштердің, әсіресе шетелдік барлау құрылымдары мен халықаралық экстремистік ұйымдардың назарын аударуы мүмкін. Сонымен қатар еліміздегі әлеуметтік-экономикалық қиындықтар да бұл үдерістерге қосымша қозғау салады. Дегенмен еліміздің арнайы органдары діни экстремизмнің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соның нәтижесінде соңғы тоғыз жыл ішінде Қазақстанда діни радикализмге байланысты ешбір теракт немесе зорлық-зомбылық фактісі тіркелген жоқ.
– Сонда радикал идеялар қайда және қалай таралып жатыр?
– Радикалдану қаупі әлі де сақталып отыр. Тіпті, кейбір мемлекеттік шектеулер бұл қатердің күшеюіне ықпал етуі мүмкін. Радикализм мен діни экстремизмге қарсы күрестегі басты міндет – олардың әлеуметтік негізін кеңейтпеу. Бұл дегеніміз – маргинал топтардың қоғамда тамыр жаюына жол бермеу.
Маргинализация – бұл әлеуметтік байланыстардан айырылған, болашағынан үміт үзген адамның қоғамға қарсы көзқарас қалыптастыруы. Мұндай күйдегі адамдар діни өшпенділікке тез бейімделеді. Бұған әсіресе бұрын сотталған азаматтар жатады: олар жұмысқа тұруда, кәсіппен айналысуда, әлеуметтік ортаға бейімделуде түрлі кедергілерге тап болады. Ал егер олар колония ішінде такфиршіл идеологиямен «танысқан» болса, радикалдану қаупі еселене түседі. Бұрынғы сотталғандарға заңнамалық шектеулер қою – олардың радикалды идеология мен қылмыстық топтармен бірігуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Олар «қоғамға қарсы» көзқарасын күш қолдануға, ұрлық пен қарақшылыққа діни негіз ретінде пайдалануы ықтимал. Радикалды идеологтар «кәпірлердің қаны мен мал-мүлкі халал» деген ұрандарды жиі алға тартады. Мұндай қауіпті тенденцияны тек колония ішінде дерадикализация жұмысы арқылы тежеуге болады. Бірақ бұл жұмыс тек ресми талап қоюмен шектелмеуге тиіс. Қазір көп жағдайда радикалдарға Ханафи мазхабын қабылдауды міндеттеу арқылы ғана жұмыс жүргізіледі. Ал шын мәнінде, бұл адамдар түрме әкімшілігін алдау үшін сырттай көнген кейіп танытады. Нағыз нәтижеге жету үшін дінтанушылар мен теологтар олардың сенім жүйесіне терең үңіліп, сол координаталар ішінде жұмыс істеуі керек, яғни, адам көзқарасын түбірімен өзгерту қажет.
Ал шын мәнінде, бұл адамдар түрме әкімшілігін алдау үшін сырттай көнген кейіп танытуы мүмкін. Нағыз нәтижеге жету үшін дінтанушылар мен теологтар оларда экстремистік ойдың қалыптасуына қандай факторлар әсер етіп отырғанына мән беруі керек, оның ішінде ең алдымен такфир идеологиясын құрайтын сенімдер: «намаз оқымайтын адамды кәпірге шығару», «тағут мемлекеті» және де осы координаталар ішінде жұмыс істей білуі керек, яғни, адамның такфирлік көзқарасын түбірімен өзгерту қажет.
– Кей жағдайда мемлекет өзі радикалдардың идеологиясына «дем» беріп жатқандай әсер қалдырады. Бұл қаншалықты рас?
– Иә, бұл да бар. Кейбір шектеулер, мысалы діни киімге тыйым салу, спорттағы діни белгілерге шектеу қою, діндарлықты қоғамнан аластау әрекеттері радикалдар үшін «Мемлекет исламға қарсы» деген ұрандарын қуаттайтын құралға айналып отыр. Ең өкініштісі, бұл тыйымдар заңға бағынатын мұсылмандардың құқығын шектейді, ал радикалдар оған онсыз да бағынбайды. Олар баласын мектепке жібермейді, қоғамдық ортада жүрмейді, қажет болса медициналық маскамен жүреді, спортпен де айналыспайды. Сөйтіп, олар шектеулерден тыс қала береді. Нәтижесінде, бұл шаралар радикалдарды емес, керісінше, олардың үгіт-насихатына қарсы тұратын, заңға бағынатын діндарларды тұқыртады. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Мұндай мысалдар түрмедегі радикалдарға «мемлекет – жау» деген идеологияны одан әрі сіңіруге «мүмкіндік» береді.
– Өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын жол қайсы?
– Радикализм мен экстремизмнің алдын алу үшін кешенді бағдарламалар қажет. Бұл бағдарламаларда сарапшылар мен дін мамандарының ұсыныстары ескерілуге тиіс. Мысалы, «Талибан» немесе «Хайат Тахрир аш-Шам» секілді ұйымдардың трансформациясы көрсеткендей, ұлттық дәстүр мен тарихи тамырға бет бұру кейбір аса радикалды топтардың да ұстанымын жұмсарта алады. Сол себепті, ұлттық мәдениетті, оның ішінде дәстүрлі спорт түрлерін қолдау – діни сенімі мықты азаматтардың патриоттық сезімін арттырып, радикалды идеологияға қарсы тұруына сеп болар еді. Сонымен қатар, Дін істері комитетінің рөлін күшейтіп, бұл органды діни процестерді тұрақтандырушы орталыққа айналдыру қажет. Комитет діни тақырыптағы заңнамаларды сараптап, діндар азаматтардың құқықтарына қайшы келетін нормаларды алдын ала анықтай алуға тиіс. Сондай-ақ ҚМДБ да теологиялық білім жүйесін заман талабына сай жетілдіруі керек. Қазақстанның рухани қауіпсіздігі тыйымдар мен шектеулер арқылы емес, әлеуметтік шиеленіске жол бермейтін, ашық әрі әділетті тетіктер арқылы қамтамасыз етілуі керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ