Цифрлық ғасырда балалар бос уақытының көп бөлігін экран алдында өткізуде. 2024 жылы халықаралық Common Sense Media ұйымының зерттеуіне сәйкес, 8 жасқа дейінгі балалар күніне орта есеппен 2 сағат 51 минут экран алдындағы контентті тұтынған. Бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 70 пайызға артқан. Сондықтан дамыған мемлекеттер балалар медиакеңістігін ұлттық идеология мен құндылықты дәріптейтін маңызды құрал ретінде қарастырады.
Иә, бүгін де бүкіл әлем бүлдіршіндердің бос уақытын қалай өткізетінін зерттеп, оның қоғам мен болашақ ұрпаққа әсерін жан-жақты талдауда. Америка, Жапония, Қытай сияқты алпауыт елдер бүлдіршіндерге арналған контент арқылы ұлттық идеологияны дәріптеп, жас буынның сана-сезімін қалыптастыруға күш салып отыр. Бұл елдер ұсынатын мультфильмдер мен бағдарламаларда тек ойын-сауық емес, ұлттық болмыс, патриотизм, еңбекке құрмет, отбасылық құндылықтар сияқты маңызды ұстанымдар басты орында тұр. Осы бағытта Қазақстан қалай әрекет етіп жатыр деген сұрақтың тууы заңды. Қазақша контенттің дамуы үшін ең тиімді құрал – бәсекелестікке қабілеттілік екені белгілі. Себебі сапалы өнім тек ішкі қажеттілікпен емес, нарықтағы сұраныс пен салыстырмалы бағалау арқылы қалыптасады. Дегенмен соңғы жылдары бұл салада айтарлықтай серпілістер байқалып келеді. Мәселен, 2023 жылдан бастап, елімізде шетелдік танымал балалар арналарындағы бағдарламаларды қазақ тіліне дубляждау қолға алынды. Атап айтсақ, Nickelodeon және TiJi арналарымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде, бүгінде олардың танымал мультфильмдері мен бағдарламалары қазақ тілінде сөйлей бастады. Бұл – отандық медиа нарығы үшін үлкен жетістік әрі стратегиялық маңызды қадам. Balapan арнасы мен Қазақ радиосы балаларға арналған сапалы аудиоконтент пен танымдық бағдарламалар санын арттырып жатыр. 2024 жылы 20-дан астам шетелдік мультфильм қазақ тіліне бейімделіп, мемлекеттік тапсырыс аясында көрсетілді. Бұл бастама бірнеше мақсатты көздейді. Біріншіден, қазақтілді балалар контентінің үлесін арттыру. Екіншіден, тіл үйрету мен ұлттық тәрбиені қатар жүргізу. Үшіншіден, отандық анимация мен медиа өнімдер сапасын көтеруге жол ашу. Бірақ бұл әлі жеткіліксіз. 2023 жылғы есеп бойынша, YouTube-тағы қазақша балалар контенті нарықтың тек 3 пайызын ғана құрап отыр. Ал бұл көрсеткіш орысша контентте 75 пайыз, ағылшын тілінде – 18 пайыз.
Не істеу керек?
Бұл сұраққа сарапшылар бірнеше бағытты айтып келеді. Біріншіден, ұлттық мультфильмдер мектебін құру, сол арқылы қазақ тілінде патриоттық, ғылыми, әдеби мазмұндағы кейіпкерлерге негізделген анимациялар жасау. Бастысы бұған мемлекеттік қолдау қажет. Анимациялық студиялар мен контент өндірушілерге жеңілдетілген гранттар, салықтық жеңілдіктер ұсыну арқылы бұл салаға серпін беруге болады. Бүгінгідей цифрлық қоғамда цифрлық платформаларды дамыту да басты мәселе саналады. Балаларға арналған қазақша YouTube каналдар мен мобильді қосымшалар санын арттыру арқылы әлемдік бәсекеге төтеп беруге болады.
Осы ретте біз жуырда ғана жарыққа шығып, көрермендердің оң пікіріне ие болған «Алтын адам» анимациялық фильмінің сценарий авторы, жазушы, ақын Ұларбек Нұрғалымұлынан бүгінгі балалар контентіне қатысты пікірін сұрадық. Ол балалар контентінің тәрбиелік және танымдық маңы-
зына назар аудару қажет деп санайды. «Біз мысалы «Алтын адам» мультфильмінде тек тарихи кейіпкердің сыртқы келбетін ғана емес, оның ішкі жан-дүниесін, рухани байлығын көрсетуге тырыстық. Осы арқылы балаларға ізгілік, рухани тазалық және ұлттық құндылықтарды сіңіру көзделген болатын. Балаларға арналған контенттің сапасы мен мазмұны олардың дүниетаны-
мын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Балаларға арналған шығармаларда ұлттық құндылықтар мен тарихи тақырыптарды қамту қажет. Осы арқылы жас ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, ұлттық болмысты сіңіруге болады», – дейді жазушы.
Ал «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмов балалар контенті дегенде тек көретін дүниелерді ғана емес, оқитын дүниелерді де дамыту қажеттігін айтады. «Біздің елімізде балаларға арналған жиырмаға жуық газет-журнал бар. Солардың ішінде төртеуі, атап айтқанда – «Ұлан», «Дружные ребята» газеттері мен «Ақ желкен» және «Балдырған» журналдарының алдының шыға бастағанына 100 жыл, соңының шыға бастағанына 67 жыл болды. Осынша жыл бойы бірнеше буын ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесіне зор үлесін қосып келе жатқан бұл басылымдар тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап мемлекет қамқорлығында. Ал кейінгі жылдары өмірге келген басқа жекеменшік балалар басылымдары өз күнін өздері көріп жүр. Мектептен тыс уақытта балаларымызды спорт, кітап, газет-журналдар, өнер үйірмелері емес, сол қалта телефондары тәрбиелеп жатыр. Оның бала болашағына қаншалықты қауіпті екенін сезініп жатқан ата-ана өте аз. Олар ертең баласының миы уланып, соқыр немесе жарымжан болып қалатынын неге ойламайды? 1970-1980 жылдары жоғарыдағы төрт басылымның әрқайсысы 200-300 мың таралыммен шығатын. Сол кездерде Алматыда жалғыз қазақ мектебі болды. Еліміздегі қазақ мектептерінің саны да екі мыңның айналасында еді. Қазақтың саны 5-6 миллионнан аспайтын. Ал қазір бір Алматыдағы қазақ мектептерінің саны 200-ге таяп қалды. Жалпы, қазақ мектептерінің саны 6-7 мыңға жетті. Қазақтың саны да екі-үш есе өсті. Жаңағы басылымдарымыз қазір алды 11 мың, арты 3 мың данамен жарық көруде. Салыстырмалы түрде қарасақ, соңғы 30 жылда таралым пәленбай есеге өсудің орнына 80 пайызға төмендеп кеткен», – дейді ол.
Дегенмен ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Естеріңізде болса қырғыз депутаттары ұл-қыздарының «Балапан» арнасын көретінін, сол арқылы қазақша сөйлеп кеткенін айтып, мәселе көтерген еді. Нақтылап айтсақ, 2022 жылы Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты Нұржігіт Қадырбеков парламент отырысында жасаған мәлімдемесінде оның балалары қазақтілді «Балапан» арнасын жиі көретінін айтқан болатын. Соның нәтижесінде олар қазақ тілін жылдам меңгеріп, үй ішінде қазақша сөйлей бастаған. «Қыздарым қазір қазақша сөйлеп жүр. Себебі олар күні бойы тек қазақ тіліндегі «Балапан» арнасын көреді. Бала қандай тілді естіп өссе, сол тілде сөйлей бастайды. Біздің «Баластан» арнасы жартылай орысша сөйлейді. Бұл – мемлекеттік тілге деген сұраныстың төмендеуіне әкеледі. Оны толығымен қырғыз тіліне көшіру қажет», –деген еді ол. Демек, сұраныс бар.
Балаларға қатысты өнімдерімен әлемді жаулаған АҚШ-та Disney, Nickelodeon секілді алыптар контентке ұлттық патриотизм мен отбасылық құндылықтарды енгізіп келеді. Әр өнімдерінде қоғам мүддесіне сай құндылықтар жүйелі түрде насихатталады. Сонымен қатар АҚШ федералды деңгейде балалар медиасына қатысты мазмұндық және жарнамалық шектеулер орнатқан. Ал Жапонияда аниме индустриясы елдің жұмсақ күші ретінде бағаланады. Doraemon, Naruto, My Hero Academia секілді өнімдер арқылы жапон тілі, мәдениеті, тарихы мен қаһармандық рух жаһанға таралды. Жапония осы аниме арқылы жылына 25 миллиард доллар табыс тауып отыр. Көршіміз Қытайда да бұл мәселеге келгенде мемлекеттік деңгейде бағдарламалар енгізген. Қытай үкіметі мультфильмдер мен анимациялық сериалдарда отансүйгіштікке негізделген идеологиялық мазмұн болуын міндеттейді. 2022 жылдан бастап, ҚХР білім министрлігі мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «қытай рухы бар мультфильмдердің» тізімін бекітті. Демек, дамыған мемлекет бұған аса сақтықпен қарайды.
Жалпы, Қазақстандағы балалар арасында фантастика, комикстер мен көркем әдебиетке деген қызығушылық артып келеді. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы жас оқырмандар саны 1 733 686 адамға жеткен. Ең көп оқылатын кітаптар арасында Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», Жоан Роулиңнің «Хәрри Поттер» және Марк Твеннің «Том Сойер» шығармалары бар екен. Иә, бүгінгі бала – ертеңгі ұлттың келбеті. Сол себепті балаларға арналған контент – жай ойын-сауық емес, ұлттық қауіпсіздіктің бір тармағы. Әлем тәжірибесі көрсетіп отырғандай, идеологияны тек саясатпен емес, мультфильм, ойыншық, телебағдарлама арқылы да жүргізуге болады. Қазақтілді балалар медиакеңістігі де осы жолда жүйелі, сапалы және бәсекеге қабілетті болуға тиіс.
Наурызбек САРША