Бейсенбіде Үкімет үйінде Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы тапсырмаларын жүзеге асыру туралы Үкіметтің баспасөз конференциясы өтті. Онда Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев баяндама жасады. Сондай-ақ бірқатар сала министрлігінің өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап берді.
250 мың адам жұмысқа орналасты
Премьер-Министрдің орынбасары жасаған баяндамасында әлеуметтік саясат дегеніміз ол тек бюджеттің шығындарының өсу көлемі емес, адами капиталға, халықтың денсаулығына, жастардың біліміне, қоғамның тұрақтылығына бағытталған инвестиция екенін айтты.
– Мемлекет басшысы Үкімет алдына өмір сапасын жақсарту, халықтың әлжуаз топтарын қорғау және әлеуметтік инфрақұрылым құру туралы тапсырма берген болатын. Қазір мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттерін толық орындап жатыр. Бюджеттің жартысынан көбі осы салаға жұмсалады. Соның ішінде бірнеше санатқа тоқтала кетсем, баласы бар отбасыларды қолдауға қатысты, жыл басынан бері 1,2 млн отбасының жәрдемақысы 6,5 пайызға өсті. Оған республикалық бюджеттен 870 млрд тенге бөлінді. Ол 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 17 пайызға көп, – деді Ермек Көшербаев.
Вице-премьердің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек 245 мың адамға 16,2 млрд теңге көлемінде төленіп жатыр. Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі және қарт адамдарды қолдауға Үкіметтің алдына ерекше назар аудару туралы міндет қойған болатын. Жыл басынан бері зейнетақы төлемдері 8,5 пайызға өсті. Зейнетақының орташа мөлшері 180 мың теңге болды. Бұл мақсатқа 4 трлн теңге жұмсалады.
– Жарты жылдың қорытындысы бойынша 250 мың адам жұмысқа тұрды. Бұл бағытта цифрлық платформа жасалып жатыр. Негізгі мақсат – нақты көмекке мұқтаж отбасыларды қолдау. Бұл Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
500-ден астам медицина нысаны салынды
Ермек Көшербаев денсаулық сақтаудың қолжетімділігі мен сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтты.
Ол өңірлерде заманауи ауруханалардың құрылысы және медициналық мекемелерді жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Президенттің тапсырмасына сәйкес 500-ден астам нысанның құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 140-тан астам ауыл амбулаториясы мен медицина пункті ашылатын болады. Өңірлерге барғанда осы нысандардың құрылысы, сондай-ақ кадр мәселесімен танысқанымды айтқым келеді. Жалпы, ауыл тұрғындары атап өткендей, ұлттық жобаның нәтижесінде ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді, – деді Ермек Көшербаев.
Вице-премьер, сондай-ақ кейінгі кезде дәрігерлер мен медбикелерге зорлық-зомбылық көрсету жиілеп кеткенін айтты. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша депутаттар корпуспен бірлесіп осындай әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылықты қатаңдату бойынша заңнамаға енгізілетін түзетулер пакеті әзірленіп жатыр.
3,4 млн балаға жазғы демалыс ұйымдастырылды
Баспасөз конференциясында Ермек Көшербаев балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарына да тоқталып өтті.
– Балалардың жазғы демалысы мен сауықтыруы туралы айтып өтсек, биыл бұл бағытта 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь мен 220 қаладан тыс жазғы сауықтыру орталықтары қызмет көрсетіп жатыр. Нәтижесінде, 3,4 млн баланы қамтыдық. Өзім өңірлерге іссапарға шыққанда осы лагерьлерге арнайы соғып, балалардың демалу жағдайлары мен тамақтануының қауіпсіздігін тексеріп жүрмін. Биыл 5 сауықтыру орталықтары ашылды. Жылдың соңына дейін қосымша тағы 27 орталық іске қосылады. Бұның сапасын арттыру мақсатында келесі жылдан бастап бұл қызмет лицензияланады, – деді ол.
172 балабақша ашылды
Жыл басынан бері ел бойынша 13 мың балаға арналған 172 балабақша ашылды. Соның нәтижесінде балабақша кезегі қысқарып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1,7 млн оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 99 мың бала – әлеуметтік жағынан осал санаттағы отбасылардан шыққан балалар. Оларды қолдауға 18,4 млрд теңге бөлінді. Жаңа тамақтану стандарты енгізілді: көкөніс көбейді, қант азайды, зияны бар тағамдар алынып тасталды.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 млн балаға болашақта білім мен баспана алуға пайдалануға болатын қаражат есептелген.
Мектеп салу мен жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Кейінгі екі жылда 388 мың оқушыға арналған 274 жаңа мектеп ашылды. Соның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 115 мектеп жұмысын бастады. Енді тағы 177 мектеп салынып жатыр.
– Президенттің тапсырмасына сәйкес 245 мектеп толық жөнделіп жатыр. Бұл жалпы білім беретін мектептерді жайлы мектеп стандарттарына жақындатуға мүмкіндік береді, – деді Ермек Көшербаев.
Мемлекет қолдауы
шын мұқтаж отбасыларға берілуі керек
Жиында журналистер жәрдемақы 6 санатқа бөлуге байланысты сұрақ койды. Ең қатты мазалайтын сұрақ – «Жәрдемақы қысқарып кетпей ме?».
– Республикалық бюджеттен 41 әлеуметтік төлем жасалды. Бірақ жоба оған әсер етпейді. Одан бөлек жергілікті атқарушы органдарда мектепте тамақтандыру, жатақханадан бөлме беру сияқты 11 қосымша мемлекеттік қолдау көресетіледі. Қазір біз осы көмектерді цифрландырып жатырмыз. Ондағы мақсат – мемлекет қолдауы шын мұқтаж отбасыларға берілуі керек. Мұнда 6 кластер белгіленген. Мәселен, аса қажеттілік, жай қажеттілік, салыстырмалы тұрақтылық деп кете береді. Ең соңғы 6-кластер мұндай көмекке мұқтаж емес отбасылар санатын білдіреді, яғни, жағдайы жақсы деп айқындалады да, олар мемлекеттік қолдау алмайды. Сондықтан мұндағы өзгерістер тек мемлекеттің қосымша қолдауына қатысты жасалып жатыр», – деп жауап берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев.
Оны Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев толықтырды. Ол мұндағы мақсат ең алдымен әлеуметтік әділдік орнату, екінші әлеуметтік алаяқтықты тоқтату екенін айтты.
– Өздеріңізге белгілі, бізде орталық болсын, жергілікті болсын цифрландыру аяғына дейін жеткізілмеген мемлекеттік органдар бар. Кімнің не істеп жатқанын базасы арқылы тексере алмаймыз. Көп нәрсені қағазбен алып келеді. Оны жоба бойынша тексергенде бірқатар мәселе анықталып жатады. Мысалы, бір отбасы жағдайы қиын деп саналып, жергілікті бюджеттен, орталық бюджеттен және сақтандыру қорынан да ақша алып отырған. Ал оны қалай істеген? Әуелде оны біреу «үйі жоқ, машинасы жоқ, көпбалалы отбасы» деп жазып берген. Оны апарып ХҚКО арқылы тіркеген. Ал цифрландыру жүріп бірте-бірте деректер базасы бір-біріне қосылғанда олардың екі қабатты үйі бар, екі машинасы бар екені анықталған. Көптеген тұрмыстық техника алған несиелері болған. Міне, мұндағы мақсат осындай жағдайларға жол бермеу, цифрландыру және сол арқылы оңтайландыра отырып, алаяқтыққа жол бермеу», – деді ол.
5,5 мың жас үйлі болды
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Наурыз» және «Отау» тұрғын үй бағдарламаларына бюджеттен 220 млрд теңге бөлінген. Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев 5,5 мың жас жаңа үй алғанын атап өтті.
– Сондай-ақ жастарды қолдау мақсатында да кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде негізгі мәсе-
ле – жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. «Наурыз» және «Отау» тұрғын үй бағдарламаларына бюджеттен 220 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, 5,5 мың жас жаңа үй алды, – деді Ермек Көшербаев.
Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары биыл жұмысшы жастарды демеу үшін «Наурыз жұмыскер» банк өнімі іске қосылғанын жеткізді. Облыстарда жас мамандарға арналған өңірлік ипотекалық бағдарламалар жастарға үлкен мүмкіндік беруде. Үкімет бұл жұмыстарды әрі қарай жүйелі түрде жалғастыра береді.